• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
02 Наурыз, 2017

Стойлов: «Қайратты» жеңу үшін барымызды саламыз

277 рет
көрсетілді

"Астана" футбол командасы өз алаңында дайындық жұмыстарын бастап кетті. Екі күннен кейін, яғни 4 наурыз күні маусымды Алматының "Қайратына" қарсы Қазақстан Суперкубогі үшін болатын ойынмен ашады. Оқу-жаттығу жиындары, жас ойыншылардың жұмыстары және "Қайратқа" қарсы ойында футболшылардың жеңіске деген сенімділігі жөнінде бас бапкер Станимир Стойлов әңгімелеп берді. Бұл туралы fca.kz хабарлады. «Оқу-жаттығу жиындарын жоғары деңгейде өткіздік. Біз үшін жағдайдың бәрі жасалды. Футболшылардың дайындық жұмыстары алдағы маусымда жетістіктерге жеткізеді деп сенемін. Жолдастық кездесулердегі жеңіс немесе жеңіліс ешнәрсеге себеп болады деп ойламаймын. Басты мәселе клубтың маусымға қандай дайындықпен келуі және қалай бастауында болмақ. Өткен ойындарда біз қорғаныста жақсы ойнай алдық, бірақ шабуыл шебіндегі қиындықтарымызды шешуіміз қажет. Жалпы, мен ойыншыларды қорғаушылар және шабуылшылар деп бөліп жатпаймын, команда алда да, артта да жақсы ойнауы тиіс», – деді Стойлов. Оқу-жаттығу жиындарында негізгі құраммен жастардың да аттанғаны белгілі. «Үлкен футболға жаңадан қадам басып келе жатқандықтан, көп еңбектену керек. Жоғары деңгейдегі тәжірибесі жоқ, дегенмен соған ұқсап бағуда. Дәл осы қарқында жалғастырар болса, бір-екі жылда «Астанаға» талантты ойыншылар келуі мүмкін. Ал егер жұлдыздық ауруға шалдығар болса, болашағына кері әсерін тигізіп алады. Қазір барлығы өз қолында. Оларды мүмкіндігінше қолдаймыз, жетістіктерге итермелейміз, «Астана» менталитетін сіңдіреміз», – деді ол. Командаға жаңадан бірнеше ойыншылар келді. «Жаттығу кезінде барын салып жүргендерін көрдім, маған да керегі сол. Жаңа футболшылардың деңгейі ресми ойындардан кейін белгілі болады. Біз оларды «Астана» командасының әлсіз тұстарын толықтыра алады деген оймен алдық», – деді «Астананың» бас бапкері. 4 наурыз күні Алматы қаласындағы Орталық стадионда ел Суперкубогы сарапқа салынады. «Қайратқа» қарсы ойында футболшылар ылғи да жеңіске жету үшін аянып қалмайды. Ол жағына өз басым толығымен сенімдімін. Қазақстандағы ең мықты қос команда кезекті рет сынға түспек. Бізді Алматыда тартысты ойын күтіп тұр», – деді ол. «Жанкүйерлер команданың он екінші ойыншысы» деген ұғым бар. «Олар бізді өткен жылғыдай қолдайды деп ойлаймын. Ал біз өз кезегімізде жанкүйерлерімізді қуанту үшін бар күшімізді салатын боламыз», – деп қорытындылады ол.