«Астананың» ең жас дебютанты Мәди Жақыпбаев командадағы алғашқы ойынын 15 жасында өткізген. Жас талант команданың жаңа маусымға дайындығы жайлы ой бөлісті. Бұл туралы fca.kz хабарлады.
«Маусым алдында екі үлкен оқу-жаттығу жиынын өткіздік. БАӘ-де физикалық дайындыққа көңіл бөлсе, Түркияда ойын уақытына көбірек мән беріп, жігіттердің бір-біріне үйренісуіне мүмкіндік берді», – деді Мәди Жақыпбаев.
«Астанада» жастарға көбірек көңіл бөледі. Тиісінше, бапкерлер алқасы маған қажет тапсырмалар беріп, сенімділігімді оята түсті. Жаңа маусымда лайықты ойнау үшін жағдайдың бәрі жасалды. Әрине, оңайға соқпағаны анық. Бірақ қолымнан келгеннің бәрін жасау үшін тырысып жүрмін. Футболдағы жолым енді басталды. Тынбай дайындалып, берілген мүмкіндіктерді тиімді пайдалануым қажет. Тәжірибесі көп әріптестерімнен үйренерім бар», – деді жас талант.
Ерекше ойынымен көзге түскен ол Қазақстан жастар құрамасына да шақырту алған.
«Жаңадан келгеннен кейін көп уақыт бере қоймады. Мұның бәрі уақытша деп үміттенемін. Бапкерлердің сенімін ақтағым келеді», – деді ол.
Санаулы күндерден кейін Қазақстан премьер-лигасының жаңа маусымы да басталады. Ал «Астана» маусымды ел Суперкубогында «Қайратқа» қарсы ойынмен ашады.
«Ұжымдағы жеңіске деген сенімділік, әріптестерімізбен байланысымыз жоғары деңгейде. Осының арқасында жаңадан қосылған жігіттер тез үйренісіп кетті деп ойлаймын. Қазіргі уақытта ойымыздың бәрі алматылықтарға қарсы матч жайлы. Өз ойынымызды көрсетіп, қажетті нәтижеге қол жеткіземіз деген үміттемін», – деді 15 жастағы жартылай қорғаушы.