Алманияның Дюссельдорф деген қаласында дзюдодан әлемдік Гран-при жарысының алғашқы кезеңі өтті. Осы дүбірлі додада аса ауыр салмақ бойынша (+100 кг) өнер көрсеткен Ержан Шынкеев Рио-2016 Олимпиадасының чемпионы Лукаш Крпалекті қола жүлде үшін болған белдесуде вазари әдісімен жеңіп, жанкүйерлеріне айтып жеткізгісіз қуаныш сыйлады.
Қазіргі уақытта аталған қалада оқу-жаттығу жиынында жүрген апайтөс балуанмен телефон арқылы хабарласып, ойда жүрген сұрақтардың біразына жауап алған едік.
– Ержан балуан, жеңіс құтты болсын! Осы турнирде Лукаш Крпалекке жеткенге дейін кімдермен белдестің?
– Алғашқы белдесуім бразилиялық балуан Руан Искуэрдомен өтті. Оны жеңгеннен кейін грузин атлеті, әлем чемпионаттарының жүлдегері Адам Окруашвилиді вазари әдісімен тізе бүктірдім. Ал үшінші рет татамиге шыққанда жапон Хисаёши Харасавадан шидо – ескерту бойынша жеңіліп қалдым. Жұбаныш белдесуінде украиналық Яков Хаммодан басым түсіп, қола жүлде үшін күресуге мүмкіндік алдым. Ал бұл сында Лукаш Крпалекті вазари әдісімен жеңдім.
– Әлем және Олимпиада ойындарының чемпионын жеңгенің өзіңе деген сенімділікті арттырған шығар? Жалпы, бұл балуанмен бұрын белдесіп көріп пе едің?
– Әрине, Крпалектей күшті балуанды татамиге алып ұрғанда, біз де ешкімнен кем емеспіз-ау деген ойдың келгені рас. Күні кеше ғана Олимпиада чемпионы болған спортшыны жеңу, сөз жоқ, адамға қосымша күш береді, өзіңе деген сенімділікті еселей түседі екен.
Жалпы, Крпалекпен бірінші рет күрестім. Ыңғайға келетін балуан екен...
– Спортсүйер қауым, сенің жанкүйерлерің «Шынкеев биыл «Қазақстан барысына» қатыса ма екен?», деп жүр...
– «Қазақстан барысын» ұту – менің басты арманым. Сәуір айында Қарағанды облысы бойынша осы жарысқа іріктеу сыны өтеді. Соған міндетті түрде қатысам. Алдымнан тосқауыл қойылмаса, мен күрестен қашқан емеспін.
– Қазіргі уақытта сенің жеке жаттықтырушың кім? Жалпы, қай маманның ақыл-кеңесіне көбірек құлақ түресің?
– Мен әлем чемпионы Максим Раковтың әкесі Сергей Раков және Талғат Байшолақов деген білікті бапкерлердің қарамағында жаттығам. Жаттығу залында, татами үстінде көбіне Сергей Капитоновичпен жұмыс істеймін. Тәжірибелі маман. Ол кісіден үйренерім көп. Талғат Сайранұлы болса, психологиялық тұрғыдан көп көмек береді. Мен үшін адамды жігерлендіруге келгенде бұл бапкерге жететін маман жоқ.
– Соңыңнан шыққан дүбірді сезесің бе? Ел ішіндегі жарыстарда кімдерді бәсекелес санайсың?
– Біздің елде дзюдо күресі дамып келеді. Соңымыздан ілесіп келе жатқан талапты деген жастар баршылық. Мысалы, былтыр Қазақстан чемпионатының финалында өзіммен күрескен Еламан Ерғалиев деген балуанның болашағы зор деп ойлаймын. Өзімше, менің ізімді басар, ісімді жалғастырар жастың бірі сол болар-ау деп топшылаймын.
– Әңгімеңе рахмет.
Әңгімелескен
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»