Ирактың Ұлттық барлау қызметі америкалық журналист Шелли Киттлсонның ұрлану фактісі бойынша тергеуді өз бақылауына алды, деп жазады Egemen.kz.
Shafaq News-тің мәліметінше, күдікті Бабил аумағында қолға түсіп, кейін қосымша жауап алу үшін барлау органдарына тапсырылды. Алдын ала деректерге сәйкес, ол қауіпсіздік құрылымдарының біріне қатысы бар болуы мүмкін және журналистің қауіпсіздігін қамтамасыз ету тобының құрамында болған деген болжам бар.
Бастапқы мәліметтерге қарағанда, Киттлсон ұрлау кезінде болған жол-көлік оқиғасынан жеңіл жарақат алған. Тергеу материалдарына сүйенсек, журналист отырған көлік жол апатынан кейін ауыстырылып, ол басқа көлікке отырғызылып, Бабил аймағына жеткізілген.
Иракта АҚШ-тың әскери ұшағы құлап, алты адам қаза тапты
Бабил полициясы күдіктіні осы аумақта ұстағандықтан, істі өз қарауына алған. Қазір негізгі тергеуді барлау қызметі жүргізіп, оқиғаның толық мән-жайын анықтап, басқа күдіктілерді іздестіріп жатыр.
Киттлсон бірнеше жылдан бері Бағдаттан хабар таратып, халықаралық басылымдарға – Al-Monitor, The National және Foreign Policy-ге материалдар жазып келген. Оның негізгі тақырыптары – қарулы топтар, АҚШ пен Ирак қатынастары және аймақтағы қауіпсіздік мәселелері.
Ирак Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қауіпсіздік күштері күдіктілерді қудалау барысында олар мінген көлік апатқа ұшырап, бір адам ұсталған. Қазіргі уақытта журналисті іздеу және басқа күдіктілерді анықтау жұмыстары жалғасып жатыр.