• RUB:
    6.14
  • USD:
    480.72
  • EUR:
    548.07
Басты сайтқа өту
Қаржы Бүгін, 19:34

Мәди Такиев: Қаржы жүйесімен бірге тұтастай мемлекеттік басқару тәсілі де өзгеріп жатыр

Кейінгі екі жылда елімізде мемлекеттік қаржы жүйесінің тың моделін қалыптастыруға сеп болған шешімдер қабылданды. Айталық, бюджеттік тәртіп, жаңа Салық және Бюджет кодекстері, басқару тетігінің ауқымды цифрландырылуы, шығыстардың ашықтығын арттыру мен цифрлы теңгені енгізу бағытында біршама көлемді жұмыс атқарылды. Басты міндет – мемлекеттік қаржы саласын барынша орнықты, болжамды және нәтижелі жолға қою. Осы ауқымды трансформациядағы Қаржы министрлігінің рөлі жайлы, цифрлы жобалардың артында қандай саяси міндеттер тұрғаны әрі мемлекеттің жаңа қаржылық контуры қандай болуы тиіс екені туралы ҚР Қаржы министрі Мәди Такиевтен сұрап білген едік.

– Егер де Қаржы министрлігінің бүгінгі күн тәртібіндегі міндетін бір формулаға келтірсек, оны қалай айқындап берер едіңіз?

– Мұны былай деп тұжырымдайтын едім: Кассалық мемлекеттен – деректер мен нәтижелікке негізделген мемлекетке дейін.

Ұзақ жыл мемлекеттік қаржы жүйесінің тиімділігі көбінесе бюджеттің орындалу көрсеткіштері арқылы бағаланып келді: кірістің жиналу мөлшері, игерілген қаражаттың көлемі, белгіленген өлшемшарттар қаншалықты сақталды деген сынды. Бүгінде мемлекет өз алдына неғұрлым күрделі міндет қойып отыр. Кірістердің түсімі мен шығыстардың орындалуын қамтамасыз етуден бөлек, қоғамның әрбір бюджеттік шешімнің қандай нәтиже беретінін түсінгені маңызды.

Шын мәнінде, бұл процестерді басқару тәсілінен нәтижелерді басқару тетігіне көшуді білдіреді. Яғни, салық және бюджетті реттеудегі өзгерістер, цифрлы бақылауды дамыту, жаңа аналитикалық құралдарды енгізу мен мемлекеттік шығыстардың тиімділігіне қойылатын талаптарды арттыру дәл осымен байланысты.

Бұл қайта құрылымның басты назарында технология деп ойласаңыз қателесесіз. Мәселе мемлекеттік басқарудың сапасында жатыр.

– Кейінгі жылдары негізгі басымдық бюджеттік тәртіпке беріле бастағаны мәлім. Бұл өзіңіз басқарып отырған ведомство үшін нені білдіреді?

– Ең әуелі, бұл бақылауды фактіге сәйкес жүргізуден нақты уақыт режіміне барынша жақын жағдайда бюджеттік тәуекелдерді басқаруға көшуді меңзейді.

Дәстүрлі мемлекеттік басқару моделі көп жағдайда болған оқиғаларды талдауға негізделген. Кез келген кемшілік қаржы кезеңі аяқталғаннан кейін анықталып, қажетті шаралар қандай да бір жағдайдан кейін ғана қабылданатын. Қазір мемлекеттік аппарат тәуекелдердің алдын алу моделіне бірізді түрде көшіп жатыр.

Осы мақсатта Онлайн-бюджеттік мониторингті, «Бұлтты» бухгалтерлік есепті, Бухгалтерлік операциялардың бірыңғай қоймасы мен Мемлекеттік органның цифрлы бейінін қамтитын шығыстарды басқарудың жаңа жүйесі қалыптастырылып келеді.

Біздің көздегеніміз – кез келген бюджеттік шешім барлық кезеңде қадағаланып отыруы тиіс: бюджеттік өтінім мен сатып алу рәсімінен бастап түпкілікті нәтиже мен қоғамға әсер беретін процеске дейін. Бұл бюджет процесі қатысушыларының жауапкершілігін түбегейлі арттыратын жаңа деңгей.  

– Демек, бұл мемлекеттік қаржының басқару философиясының тұтастай өзгеруін білдіре ме?

– Әлбетте. Егер де бұған дейін мемлекет көбінесе қаржы ағындарын басқарып келсе, бүгінгі күн тәртібінде тиімділікті басқару өзекті болып  отыр. Осы тұрғыдан алғанда, мемлекеттік қаржы сегменті құр ресурстарды бөлу құралы болып қана қоймай еліміздің стратегиялық даму мақсаттарына жетуге септесетін тетікке айналады.

Сондықтан да қазір ашықтық деңгейінің, деректер салыстырмалығының, шығыстардың нәтижелігін бағалаудың, сондай-ақ қабылданған шешімдердің жауапкершілігінің өзектілігі зор. Демек, мемлекет бюджеттің кассалық атқарылуын бағалаудан бюджеттік іс-әрекетті бағалау тәсіліне ауысып жатыр. Қанша қаражаттың жұмсалғанымен қатар олардың қалай пайдаланылғаны, қандай нәтижелерге қол жеткізілгені және қойылған міндеттердің қаншалықты тиімді іске асырылғаны маңызды.

– Жасыратыны жоқ, жаңа Салық кодексі кейінгі кездері ең көп талқыланған реформалардың біріне айналды. Кәсібін адал жүргізетін жандар үшін оның мәні қандай?

– Реформаның түпкілікті мәні жекелеген мөлшерлемелер мен салық режімдерін өзгертуді меңземейді. Негізі мәселе мемлекет пен салық төлеуші арасындағы өзара қатынастың жаңа моделін қалыптастыруда жатыр.

Заманауи салықты басқару тетігі әділ, ашық және кәсібін адал жүргізетін азамттар үшін жайлы болуы керек. Сол себепті өзара байланыстың сервистік моделіне көшіп, қолмен жасалатын процедуралардың санын азайтуға, алдын ала толтырылған деректер мен тәуекелді анықтауға бағдарланған тәсілдерді қолдануға баса мән беріліп отыр. Кәсіпкерге бұл әкімшілік жүктеменің азаюы мен жұмысты мейілінше болжап жүргізуді білдіреді. Өз кезегінде мемлекет – бақылау ресурстарын расымен де экономиканың қауіпті сегменттеріне шоғырландыруға мүмкіндік алады.

Түптеп келгенде, жаңа заң мен салықты басқарудың цифрлы трансформациясы біртұтас реформаның элементтері болып саналады.

– Сонда бұл министрліктің кірісті жинаудан бөлек, тұтастай оны басқарудың барлық моделін жаңғыртып жатқанын айғақтай ма?

– Дәл солай. Бүгінде мәселе тек бюджет кірісінің көлемінде ғана болып тұрған жоқ. Айталық, кіріс базасының сапасы, оның тұрақтылығы, болжамдығы және ашықтығы да бірдей маңызды. Сол себепті Салықтық әкімшілендірудің интеграцияланған жүйесін, Smart Data Finance, жаңа тәуекел-модельдері мен кеден қызметін басқаруды жаңғырту бағытындағы жобаларды біртұтас жүйенің элементтері ретінде қарастырған жөн. Былайша айтқанда, мемлекеттің кіріс контурының жаңа моделі жолға қойылып келеді.

Егер де бұрын жүйе жасалып қойған бұзушылыққа ден қойса, қазір тәуекелдерді алдын ала анықтауға және бюджет қаржысын жоғалуына әкеліп соғатын кемшіліктер мен теріс пайдалануды, сондай-ақ көлеңкеге кетудің сын-қатерін азайтуға мүмкіндік беретін орта қалыптасып жатыр.

– Сыртқы сауданың ашықтығын арттыру мен шекарадағы бақылауды күшейту туралы көп айтылып келе жатқаны белгілі. Осы ретте KEDEN жобасының атқаратын рөлі қандай?

– Шын мәнінде, бұл кезекті ақпараттық жүйені енгізуден гөрі әлдеқайда кең ауқымды міндетті қамтиды. Кеден саласын басқарудың тиімділігі бюджет кірістерінің толықтығымен, мемлекеттің экономикалық мүдделерін қорғаумен және сыртқы сауда ағындарының ашықтығын қамтамасыз етумен тікелей байланысты.

Сондықтан да бүгінде негізгі кедендік процестерді бірыңғай цифрлы ортаға кезең-кезеңімен біріктіретін KEDEN жобасы іске асырылып келеді. Мемлекетке бұл сыртқы экономикалық қызметтің толық көрінісін байқап, бақылау сапасын арттыру мен түрлі көлеңкелі схемалардың кеңістігін азайтуға септеседі.

Дәлірек айтсақ,  мәселе қаржылық дербестікке қатысты. Себебі мемлекет сыртқы сауда ағындарының қалай қалыптасып, қандай кірістердің жинақталатынын әрі олардың ел бюджетіне қаншалықты тиімді аударылып жатқанын білуі керек.

KEDEN – ұлттық экономикалық қауіпсіздіктің тың жүйесі.

– Кейінгі уақытта мемлекеттік сатып алуға көп көңіл бөлініп келеді. Аталған сала мемлекет үшін неліктен маңызды?

– Себебі мемлекеттік сатып алу – бюджет қаражатын жұмсаудың ең ірі арналарының бірі.

Сайып келгенде, мемлекеттік қаржының кез келген жүйесі жиналған кірістердің көлемі бойынша ғана емес, сонымен бірге жұмсалған шығыстардың сапасы жағынан да бағаланады. Сатып алу кезеңінде мемлекеттік ресурстардың қаншалықты тиімді пайдаланылып келе жатқаны анықталады.

Сол себепті бүгінде мемлекет біртұтас сатып алу экожүйесін бірізді түрде қалыптастырып келеді. Мысалы, Бірыңғай сатып алу платформасы, Тауарлардың ұлттық каталогы, Баға деректер базасы мен мониторингтің аналитикалық құралдары дамып жатыр.

Іс жүзінде, бұл жеке процедураларды басқарудан бүкіл мемлекеттік сатып алу нарығын басқаруды қамтиды.

Мемлекетте тауарлардың бірыңғай жіктелуі, баға бағдарларының бірыңғай массиві, верификацияның бірыңғай жүйесі және ауытқулардың бірыңғай аналитикасы болуға тиіс. Тек осы жағдайда ғана қабылданған шешімдердің ашықтығын, салыстырмалығын және тиімділігін қамтамасыз етуге болады.

– Бұл бизнеске не береді?

– Адал кәсіпкерлерге бұл ең алдымен нарықтың болжамдығына жол ашады.

Сатып алу процедуралары стандартталған кезде талаптар біртұтас және ақпарат ашық болады, нарық қатысушыларының транзакциялық шығындары төмендейді.

Кәсіпкер өнімнің сапасымен, тәжірибесімен және бағасымен бәсекелесуі керек және түрлі сайттардың сан алуан ережелері мен әділетсіз талаптарымен бетпе-бет келмеуі тиіс.

Сондықтан бірыңғай сатып алу ортасын дамыту мемлекеттік шығыстарды бақылаумен қатар әділ бәсекелестік ортаны қалыптастыру тұрғысынан маңызды.

– Бұдан басқа ең көп талқыланған жобалардың бірі – цифрлы теңге. Оның Қаржы министрлігі үшін қандай пайдасы бар?

– Цифрлы теңге, ең алдымен бюджет қаражатын қадағалау құралы ретінде ерекше қызығушылық тудырады. Бүгінде Үкімет қаражатты бөлумен бірге бюджет ақшасының бүкіл қозғалысын – шешім қабылдаған сәттен бастап нақты нәтижеге қол жеткізуге дейін көруге басымдық беріп отыр. Егер бюджеттік процеске цифрлы теңге толық көлемде енгізілетін болса, мемлекет қаражаттың мақсатты пайдаланылуына, жобаларды іске асыру мерзімдерінің сақталуына және ресурстарды жұмсаудың тиімді бақылаудың жаңа деңгейіне ие болады.

Іс жүзінде цифрлы теңге дәстүрлі бақылау құралдарының объективті шектеулері бар жерде ашықтықтың қосымша деңгейін қамтамасыз етеді.

– Цифрлы теңгемен қатар «Мемлекеттік қаржының цифрлы картасы» және «Мемлекеттік органның цифрлы бейіні» жобалары да дамып жатқанын естідік. Осы жайлы кеңірек тоқталсаңыз?

– Олардың мән-маңызы технологиялық шешімдерден әлдеқайда жоғары. Мәселен, бұл жобалар мемлекеттік қаржы жүйесін мүмкіндігінше ашық, салыстырмалы және өлшемді болуына жағдай жасайды.

Мемлекеттік қаржының цифрлы картасы қаражаттың қозғалысын және жобалардың аумақтық бөліністе іске асырылуын көруге мүмкіндік береді. Ал Мемлекеттік органның цифрлы бейіні нақты ведомствоның ресурстарды пайдалану тиімділігін бағалауға әсер етеді. Бұл жауапкершілік мәдениетін қалыптастырудағы маңызды қадам. Яғни, мемлекеттік орган біртіндеп шығындарды белгілеуден бюджеттік іс-қимылдың сапасын бағалауға көшеді. Енді игерілген қаражаттың көлемі емес, қол жеткізілген нәтиже мен қабылданған шешімдердің тиімділігі басты назарда.

– Цифрландыру тек рәсімдер мен формалды процестердің көбеюіне әкеледі деген сынды жиі естіп жатамыз. Бұл сын қаншалықты орынды?

– Мұндай сын егер де цифрландыру реформаны алмастырған жағдайда өте орынды болады. Егер күрделі және ауқымды процесс электронды форматқа ауыстырылса, азаматтар мен бизнес ешқандай қосымша артықшылыққа ие болмайды. Сондықтан кез келген жобаны жүзеге асыру кезінде қойылатын басты сұрақ өте қарапайым болып көрінеді: процесс тез, түсінікті және жайлы бола ма?

Егер қолмен жасалатын операциялардың саны азаймаса, мерзімдері қысқармай, әкімшілік қысым төмендемесе, мұндай цифрландыруды сәтті болды деп айту қиын.

Бұл тұрғыдан қарағанда, қазір біздің барлық жобамыз енгізілген модульдер саны жағынан емес, мемлекет, бизнес және азаматтар арасындағы әкімшілік кедергіні қаншалықты азайтатыны жағынан бағаланады.

– Қолға алынған жобалардың нақты әсерін қайдан көруге болады?

– Әдетте, ең маңызды нәтиже цифрлы құрал операциялық циклды тікелей өзгертетін жерде байқалады. Бұл құжаттарды өңдеу және төлем мерзімдерін қысқартуға мүмкіндік беретін Салықтық әкімшілендірудің интеграцияланған жүйесіне қатысты. Бұл тәуекелдерді уақтылы анықтауға және қате операциялардың алдын алуға көмектесетін «Онлайн бюджет мониторингі» жобасына қатысты.

Алайда стратегиялық перспективада ең үлкен әсерді үлкен деректер, жасанды интеллект және болжамды аналитика береді деп ойлаймын.

Түптеп келгенде, процестердің жылдамдығы маңызды, бірақ қабылданған шешімдердің сапасы бұдан да маңызды. Бұл мемлекеттің тәуекелдерді болжау, түрлі процестер арасындағы қатынастарды көру және мәліметтер негізінде шешім қабылдау қабілеті болашақта қаржы жүйесінің бәсекеге қабілеттігін анықтайды.

– Негізгі сұраққа қайта оралсақ: мемлекеттік қаржы жүйесінің трансформациясы қандай нәтиже беруі тиіс?

– Түйіндейтін болсам, қазір тек мемлекеттік қаржыны басқару құралдарының жиынтығы ғана өзгеріп отырған жоқ. Тұтастай мемлекеттік басқару тәсілі де жақсы жағынан өзгеріп келеді. Біз бюджеттік тәртіп, ашықтық, цифрлы қадағалау, сапалы деректер және нәтиже беретін жауапкершілік қағидатына негізделген біртұтас жүйенің элементтеріне айналатын модельге көшіп жатырмыз.

Былайша айтқанда, бұл мемлекет, бизнес және азаматтар арасындағы жаңа қоғамдық келісімді қалыптастыруды білдіреді. Осылайша, мемлекеттік институттардың ашықтығы артады. Бизнес неғұрлым түсінікті және болжамды ережелерге ие болады. Қоғам мемлекеттік ресурстардың қалай жұмсалатынын және олардың қандай нәтиже беретінін көруге мүмкіндік алады. Қорытындылай келгенде, мемлекеттік қаржы саласында болып жатқан барлық өзгерістің басты мәні осыда жатыр.

Соңғы жаңалықтар