• RUB:
    6.24
  • USD:
    485.82
  • EUR:
    554.03
Басты сайтқа өту
Оқиға Бүгін, 17:37

Ақтөбеде 188 адам уланған мейрамхана санитариялық қорытындысыз жұмыс істеген

Ақтөбе облысында жаппай тағамнан улану тіркелген «Тұмар» мейрамханасы тиісті рұқсат құжаттарынсыз жұмыс істеген. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Сархат Бейсенова мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Оның айтуынша, 19 маусымда облыстағы екі ауруханаға ішек инфекциясының белгілері бар науқастар түсе бастаған. Олардың барлығы Қандыағаш қаласындағы «Тұмар» мейрамханасында өткен банкетке қатысқан.

Соңғы мәлімет бойынша, зардап шеккендер саны 188 адамға жеткен. Оның 15-і – 14 жасқа дейінгі балалар. 177 адам ауруханаға жатқызылса, тағы 11 адам амбулаториялық ем қабылдап жатыр.

Түркістанда 22 адам сушидан уланып қалды

Оқиғадан кейін мейрамхананың қызметі уақытша тоқтатылып, полиция қылмыстық іс қозғады. Сархат Бейсенованың айтуынша, тексеру барысында нысанның санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысы болмағаны анықталған.

«Нысан рұқсат құжаттарынсыз жұмыс істеген. Сонымен қатар санитариялық жағдайдың сақталмауы, азық-түлікті сақтау талаптарының бұзылуы, тағам дайындау технологиясының талапқа сай болмауы, қызметкерлердің жеке гигиенаны сақтамауы, міндетті медициналық тексерулер мен медициналық кітапшалардың болмауы анықталды. Зертханалық тексерулер нәтижесінде тағам үлгілері мен қызметкерлерден алынған сынамалардан ішек инфекциясының қоздырғыштары табылды», деді комитет төрайымы.

Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын құқық қорғау органдары анықтап жатыр.

Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында 19 адам дәмханадан суши жеп, уланып қалған еді.

Соңғы жаңалықтар