Премьер-министрдің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Orda.kz порталының бұрынғы бас редакторы әрі тең құрылтайшысы Гүлнара Бажкеноваға қатысты алдағы сот процесіне пікір білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz
Orda.kz бас редакторы Гүлнар Бажкенова екі айға қамауға алынды
Үкімет кулуарында өткен брифингте «Время» басылымының сауалына жауап берген Аида Балаева, бұл істі өзі де алаңдаушылықпен күтіп отырғанын айтты.
«Шынын айтсам, ақпарат саласында Гүлнараның жетіспейтіні сезіледі», деді вице-премьер.
Министрдің пікірінше, Гүлнара Бажкенова өз ісінің маманы, әрі мықты журналист.
«Гүлнара кәсіби маман. Ол шынымен де өте қызықты сараптамалық материалдар мен тартымды эфирлер жасай біледі. Ең бастысы, оның эфирлеріне тек хайп пен жағымсыз пікір арқылы өзіне назар аудартатын, билікті орынсыз сынайтын адамдарды шақырмайтынын ерекше атап өткім келеді», деді Аида Балаева.
Журналист Гүлнар Бажкеноваға қатысты қылмыстық іс қозғалды
Сонымен қатар министр құқықтық мемлекетте түпкілікті шешімді тек сот қабылдайтынын атап өтті.
«Әрине, мен де алаңдаймын және барлық журналистер сияқты сот процесін жіті қадағалаймын. Бірақ біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Кімге қалай қарасақ та, заң бәріне бірдей», деді ол.
Гүлнара Бажкеноваға қатысты бірнеше қылмыстық іс қозғалғаны 2025 жылдың желтоқсанында белгілі болды. Сол кезде сот журналисті үйқамаққа алған. Тергеу мәліметінше, ол жалған ақпарат таратты, аса ірі көлемде табыс табу мақсатында заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты және мүлікті жымқырды деген күдікке ілінген. Ал Бажкенова өзіне тағылған айыптарды мойындамайды.
Айта кетейік, аталған іс бойынша сот процесі 2 шілдеге белгіленген.