Аудан орталығы – Қаскелең қаласының күншығысында алыстан менмұндалайтын, көз тартып, көңіл қуантатын деп айтуға анық келетін бір әдемі жер бар. Оны «Алтын ауыл» шағын ауданы деп атайды.
Шынында да, «Алтын ауыл» десе дегендей-ақ. Қаздай тізіліп, қатар қонған, сәулет өнерінің соңғы үлгілеріне сай салынған 7-9 қабатты зәулім үйлер қаланың ажарын айрықша кіргізіп, көркін өте көркем етіп тұрғаны анық.
Бүгінде өзінше әдемі қалашыққа айналған шағын аудандағы биік үйлерде жүздеген отбасы алаңсыз өмір сүріп, еңбек етуде. Бала-шаға өсіруде. Әсіресе, 2008-2010 жылдары мемлекеттік «Тұрғын үй» бағдарламасы бойынша құрылыс қарқынды жүргізіліп, ипотекалық және жалға беру жүйесімен талай жыл пәтер кілтін армандағандар үй алды. Олардың ішінде Ұлы Отан соғысының ардагерлері, көп балалы аналар, мүгедектер, жас мамандар, мемлекеттік сала қызметкерлері, мұғалімдер, дәрігерлер бар.
Сөз жоқ, бұл – еліміздегі аса маңызды мемлекеттік-әлеуметтік саясаттың жемісі. Тіпті, мұны ел тәуелсіздігінің жеңісі де деген болар едім өз басым. Бұл үшін Елбасына, облыс, аудан басшыларына айтар алғысым көп.
Біз осы барлық тұрмыстық жағдайы бар ықшам ауданнан пәтер алғандардың біріміз. Ұзақ жыл мектепте мұғалім болып, жас ұрпаққа білім мен тәрбие бердік. Сөйтіп, қиындығы да, қызығы да жетіп артылатын ұстаздық жолында жүздеген шәкіртті оқытып, үлкен өмірге қанат қақтырдық. Қазір құрметті демалыста елімнің амандығын тілеп отырмыз. Жұбайым да ел құрметіне бөленген азамат.
Екеуіміз ерлі-зайыпты ретінде бірнеше бала тәрбиелеп өсірдік, немере сүйдік. Балаларымыздың алды қазақ жерінің кіндігі – Астанада жұмыс істейді.
Сөзімнің соңында айтарым, айқын жеңіске жетіп, халық қалауымен қайта Президент болып сайланған Нұрсұлтан Әбішұлының еңбегіне тек табыс, жетістік тілейміз!
Майра ӘБДІРӘСІЛҚЫЗЫ, зейнеткер ұстаз.