Елбасын ұлықтау салтанатына қатысу – мен үшін ғана емес, осы оқиғаға үлесін қосқан барлық сарбаздар үшін үлкен мәртебе, абырой. 8 сәуір – біздің өмірімізде ең есте қалатын күн болып қалады. Өйткені, Президентті ұлықтау салтанатына қатысу екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтіні сөзсіз.
Біз ұлықтау салтанатында қас қақпай қызмет еттік. Ал оған дайындықтың өзі бір төбе әңгіме. Осы шарада бәріміз де отандастарымыздың назарында болатынымызды ескеріп, оған бір адамдай күн сайын сағаттар бойы дайындалдық. Қазір біздің бойымызда ұлықтау шарасынан кейін еліміз үшін, Қарулы Күштеріміз үшін мақтаныш сезімі кернеп тұр. Мұндай жауапты, сын сағаттарда сыр бермей айтулы шараға қосқан үлесіміз үшін бізді дайындаған Қарулы Күштерімізге мың да бір алғыс.
Әскерге өткен жылы Алматы қаласынан шақырылдым. Осы уақыт ішінде әскери тәртіптің не екенін, Отан алдында қызмет ету, әскери борышты өтеудің маңыздылығын түсіндім. Әскерде жүріп, сонда ысылған сарбаздардың бәрі ертеңгі күні еліміз үшін аянбай қызмет ететініне сенемін. Өйткені, әскер ең алдымен адамның бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастырып, жинақы да жігерлі, сабырлы да шыдамды болып тәрбиеленуіне септігін тигізеді.
Мен 3 сәуір күні Қазақстанның болашағы үшін Елбасына дауыс бердім. Бұл таңдауыма Президенттің тәуелсіздік алған кезден бері елімізді төрге сүйреп, халқымыздың бақытты өмір сүруіне істеп жатқан жұмыстары себепші болды.
Тимур ИСАМОЛДА, Құрметті қарауыл ротасының бөлімше командирі.