АШЫҚТЫҚ РЕЙТИНГІ НЕ КӨРСЕТТІ?
Ресми органдар мен олардың басшыларының жұмысын рейтинг арқылы бағалау батыс елдерінің демократиясында бұрыннан бар дәстүр. Әлбетте, басқару аппаратының, биліктегі шенеуніктердің, былайша айтқанда, мемлекеттік қызметкерлердің сапасын бағамдаудың кешенді құралдарын іске қосатын мұндай зерттеулердің жүйелі жүргізіліп тұрғаны жақсы. Өкінішке қарай, бұл тәжірибе Қазақстанда әлі тым сирек, дендеп ене қойған жоқ. Осы олқылықтың орнын толтыруды көздеген Exclusive журналы орталық билік органдарының, Парламент депутаттарының, облыс әкімдіктерінің рейтингтерін анықтайтын жобаны жүзеге асыруға кіріскен екен. Ең бірінші кезекте республикалық министрліктердің рейтингтері шығарылыпты. Ортақ іс үшін тиімділігі күмән туғызбас осынау мәнді мәселеге орай біз жоба жетекшісі, аталмыш журналдың бас редакторы Расул ЖҰМАЛЫМЕН жолығып әңгімелестік. * * * – Расул Берекетұлы, рейтинг арқылы биліктің биік органдарының жұмысына әділдіктен таймай тура баға беру оңай емес. Осы ретте қандай әдістеме қолдандыңыздар, өз бағамдарыңызға қай сипаттағы көрсеткіштерді негіз етіп алдыңыздар? – Рейтинг анықтауда өз әдістемемізге жүгіндік. Зерттеудің негізіне нысаналы кезеңдегі, яғни 2010 жылғы ғаламтор дереккөздері алынды. Түпкілікті тұжырымға әсер етер негізгі бес сипатқа таңдау түсті. Олар – министрліктердің ортақ іс-қимылға бейімділігі немесе сергектігі, халық алдындағы абырой-беделі, ашықтығы, азаматтардың көзқарасы тұрғысынан алғандағы маңыздылығы және сенім индексі. Алдымен айтарымыз, өткен жылдармен салыстырғанда, отандық мемлекеттік органдардың ашықтық деңгейі артқандығы байқалады. Бұл ретте интернет жүйесіндегі веб-сайттардың, бірінші басшылардың дербес блогтарының, облыс әкімдерінің халық алдында жүйелі есеп беруінің билік пен қоғам арасындағы көпір ретіндегі біршама маңызын еш кемітуге болмайды. – Сонымен, министрліктердің рейтинг басқыштарында орналасу реті қалай болды? – Рейтингте бірінші орын жеңіл салмақтағы Туризм және спорт министрлігіне тигендігі, турасын айтсақ, тіпті, біздің өзімізге де тосын көрінді. Бұдан шығатын қорытынды, біріншіден, азаматтардың өтініш айтуы, толғандыратын сұрақтардың көптігі жағынан пайымдағанда спорт пен туризмнің көкейкестілігі экономика, әлеуметтік жағдай немесе денсаулық сақтау сияқты түйткілді салалармен салыстырғанда да айтарлықтай жоғары болып шықты. Екіншіден, мұнда да елеулі кемшіліктер орын алуына қарамастан, азаматтар министрлікке қатысты-қатыссыз жайларды айқын аңдап біледі. Үшіншіден, Туризм және спорт министрлігінің көшбасшылығы жол-жөнекей басқалардың хал-жайын көзге шұқып көрсеткендей. Біздің рейтинг бойынша екінші орынды еншілеген Әділет министрлігі тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтардың саны жөнінен сөзсіз чемпион. Құжаттарды ресімдеп тіркеуден бастап заңдарды дайындауға дейінгі жұмыстармен айналысатын ведомствоның ерекшелігін ескерсек, бұған таңдануға болмас. Бірақ айдарлап тағылған мін, айқайлап айтылған сын жоқтығына қарағанда, Әділет министрлігі, жалпы алғанда, өзіне жүктелген міндет үдесінен шыққан сыңайлы, сонымен бірге қандай да бір дау-дамайлы істерден алшақ тұрғаны аңғарылады. Десек те, проблемалар жоқ емес. Соның бірі ретінде құжаттарды жедел ресімдеудің жойылғанын айтар едік. Тек жаңа төлқұжатқа деген зәрулік қыстағандарға – яғни қолында билеті, елшілікте шақыруы барларға, іссапарға шығатындарға, меморган немесе спорттық ұйым өтінішін қоса тапсырғандарға ғана кеңшілік жасалады. Көшбасшылар үштігін тұйықтаған Қаржы министрлігі мемлекеттің «ақшалы қалтасы» ретінде сын жебесімен аямай түйрелген. Ақша әрқашан жетпей жатады. Салықты уақтылы төлеп тұру жұрттың бәріне бірдей ұнай бермейді. Ендеше, Қаржы министрлігіне қатысты ілтипатты лебіздердің сұсты сөгіс пен күреңқабақ бағалардан басым түсуін көзге елестетудің өзі қиын. Соған қарамастан, біздің санаттық сатыда жоғарыдан көрінуінің басты себебі мекеменің қазіргі құрамының іс-әрекетін жарияланымдардың мұның алдындағылармен салыстыра көрсетуінде жатыр. Министрлік шын мәнінде де экономикалық дағдарыстан алып шығу жөніндегі өз міндеттерін жаман атқарған жоқ. Екіншіден, мемлекеттік сатып алу жүйесіне ақпараттық технологияларды енгізді. Бұл қалтқысыз сауданы қамтамасыз етіп, 23,4 млрд. теңгеге тең елеулі үнемге қол жеткізді. Үшіншіден, өз құзырына кіретін неғұрлым өзекті мәселелер бойынша мемлекет ұстанымын түсіндіре білді, әсіресе, Қазақстанның Кеден одағына кірудегі артықшылықтарын дәлелді түрде қорғады. Одан әрі, өткен жылдардағыдан тағы бір өзгешелігі, ұшқары мәлімдемелер жасамады, бадырайып тұрған қателіктерге ұрынбады. Парламент үйінде үдемелеген сынды бас қаржыгердің өзінің тойтаруына тура келді. Кейбір әріптестерінше өз орнына орынбасарын жібермеді, заң шығару органында өз мекемесінің мүдде-мұраты мен мәселелерін өзі қорғады. БАҚ-пен қарым-қатынасы да осыған ұқсас. Қаржы министрі бұл ретте де абырой арқалады. – Қаржы дегеннен шығады-ау, кез келген меморган қалтқысыздығының бір көрсеткіші ақша туралы ақпаратқа тірелмей ме? Ал министрлер мен басқа да лауазымды шенеуніктердің табысы жайлы мағлұмат тым мардымсыз сияқты. – Иә, өкінішке қарай, қанша мәлімделіп айтылғанмен, шенеуніктердің өз табыстары туралы мағұлымдамаларын жария етуі сирек. Тек Қаржымин басшылығының абыройына қарай, министрдің өзі, жауапты хатшысы және салық комитетінің төрағасы өз табыстары туралы ақпарат жариялағанын айтуымыз керек. 2009 жылдың 10 ақпанында өз блогында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов былай деп жазған еді: «Азаматтардың көптеген өтінімдерін (соның ішінде – менің блогыма түскен) назарға ала отырып, бүгін Қазақстан Үкіметінің отырысы кезінде мен ұлттық компаниялар басшыларының (топ-менеджерлерінің) жалақы мөлшерін Премьер-Министр жалақысынан артық емес деңгейде белгілеу жөнінде ұсыныс енгіздім. Жалақы мөлшерін кеміту туралы ұсыныстың сондай-ақ мемлекет акционерлік капиталына кірген екінші деңгейдегі банктер басшыларына да қатысы бар. Менің айлық жалақым 700 мың теңге шамасында». Шенеуніктер өз басшысының нұсқауын орындаған күннің өзінде, мұны ың-шыңсыз, білдірмей істегені соншалық, министрлердің табыстары туралы мәліметтерді олардың жеке блогтарынан табу өте қиын. – Алғашқы үштікті өкшелеген министрліктер жайында не айтасыз? – Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің көрген күні қызығарлық емес. Бір жағынан, ауа, су және топырақтың жедел ластануы, жануарлар мен өсімдік әлемінің тозғындауы, экологиялық жүйенің бұзылуы жаналқымнан алса, екінші жағынан, анау-мынауға айылын жимас ықпалды өнеркәсіптік топтар мен компанияларды тәртіпке шақыру бір азап. Соған қарамастан, өткен жылы министрлік «өгіз де өлмес, арба да сынбас» оңтайын тапқанға ұқсайды. Бүкіл әлемдегі сияқты, Қазақстанда экологияны қорғаудың пәрменді тетіктерінің бірі зиянды шығарындылар үшін салынатын айыппұлдар, төлемдер мен салықтар болып табылады. Бұл жер қойнауын пайдаланушыларды табиғат қорғау талаптарын сақтауға ынталандырады әрі тәртіп бұзушылар жаза тартады. Сонымен бірге, экологиялық жобаларды іске асыруға қаржы жиналады. Сөйтіп, бір оқпен екі қоян атылады. Әйткенмен, шығын көлемі мен өтем сомасы қалай анықталатыны, түскен ақшаның қаншалықты қалтқысыз әрі тиімді пайдаланылатыны түсініксіздеу. Ресми мәлімдемелерге қарағанда, Қазақстанда экологиялық төлемдер мен айыппұлдар сомасы жыл өткен сайын өсуде. Бұл арада не нәрсе көп: ластану ма, әлде, тәртіп бұзуды ашу деңгейі ме? Оның анық-қанығын айта алмаймыз. Тек белгілі эколог Мэлс Елеусізовтің пікіріне жүгінсек, бүгінде қоршаған ортаны қорғаудың өңірлік һәм облыстық басқармалары айыппұл жинаудан басқа жұмысты білмейді. Бір-бірімен нағыз бәсеке жарысқа түскен. Өткен жылы 50 млрд теңгеден астам жиналған. Бірақ бұл қаржы қайда кеткені белгісіз. Елдегі экологиялық жағдайдың да жақсаратын түрі көрінбейді. – Жаңағы жиналған қаржы табиғат қорғау жобаларын жүзеге асыруға жұмсалуы тиіс емес пе? – Солайы солай ғой. Бірақ айыппұлдар бюджетке тікелей түскен кезде ол қаржының өз мақсатында пайдаланылатындығына кепілдік беру қиын. Экологиядан гөрі маңыздырақ нәрселер әрқашан табылады. Дамыған елдерде жеке қорлар бар, солардың арқасында қоқыс төгетін жерлер мен күресіндер саябақтарға, демалыс орындарына айналуда. Қазақстанда бұл туралы енді ғана ойлай бастады. Вице-министр Мәжит Тұрмағамбетовтің айтуынша, бұдан былай экологиялық төлемдер мен айыппұлдар қаржысы әуелі Ұлттық қорда жинақталып, сосын мақсатты трансферттер түрінде «Жасыл даму» ұлттық орталығына түсіріледі. Аталмыш орталықтан экологиялық проблемаларды шешуге, былайша айтқанда, «жасыл инвестиция» тиегі ағытылмақ. Идея жаман емес-ау, бірақ алақайлап ашылып, артынан алақолды болған көптеген қорлардың тәжірибесін ескере келгенде, мұның да келешегі бұлыңғыр ма деп қаламыз. – Мәдениет министрлігінің рейтингте бел ортадан жоғары тұруына не әсер етті екен? – Өткен жылдың көктеміндегі құрылымдық өзгерістерден министрліктің бұрынғы шаруашылығының аясы біршама тарылды. Ақпарат саласындағы өкілеттігін басқа ведомствоға берген ол рухы өзіне неғұрлым жақын, дау-дамайы азырақ жұмысқа білек сыбана кірісті. Әдеттегідей, жыл бойы жаңа мәдениет нысандары, театрлар пайдалануға берілді, мәдени-ағарту жобаларының жаңа тасқыны ақтарылды, өнер шеберлерінің қатысуымен форумдар, неше түрлі салтанаттар өткізілді. Астана күні мен Астана саммиті солардың алтын тәжіндей болды. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жергілікті мәндегі тарих пен мәдениет ескерткіштерінің тізімі жасалды. Тілдерді дамытудың 10 жылдық бағдарламасы жобасының тұсауы кесілді. Әрине, айтыс ақындарына нені жырлау, қалай жырлау керектігін үйреткен өкінішті әбестіктер де болмай қалған жоқ. Бірақ бұдан мәдениет ведомствосының тұғыры шайқалатын түрі байқалмайды. – Байлық көзі саналатын жетекші салаға басшылық ететін Мұнай және газ министрлігінің жағдайы қалай бағаланды? – Экономиканы әртараптандыруға жұмсалып жатқан көп күш-жігерге қарамастан, көмірсутегі экспорттың басты бабы болып қала беруде. Сондықтан, 1990 жылдары шетелдіктер қолына өтіп кеткен мұнай-газ активтерін қайтарып алуға мемлекеттің мүдделі құлшыныс танытуы әбден заңды. Осындай талпыныстардың алдыңғы шебінде жүрген Мұнай және газ министрлігіне оңай тиіп отырған жоқ. Шетелдік компаниялар қолындағы кеніш пайдаланудың әділетсіз келісім-шарттары олардың бейне бір қорғаушы грамоталарына айналған. Сондықтан, кей жерде біршама иманжүзді тіл табысса, енді бір тұста аралық күштердің көмегіне жүгінуге тура келді, тағы бір жерлерде реттеуші және салық органдары жұмылдырылды, әлеуметтік сипаттағы наразылықтар немесе келісім-шарттарының бұзылуы алға тартылды. Айталық, өткен жылдың тамызында «Теңіз-Шеврон ойл» келісілген тереңдіктен төмен бұрғылағанның салдарынан Қазақстанға зиян келтірді деп айыпталды. Тіпті, қаржы полициясы компанияның бірқатар жауапты адамдарына қылмыстық іс қозғады. Астанаға АҚШ президентінің энергетика мәселелері жөніндегі арнайы елшісі ұшып келіп, Үкімет басшысымен, Мұнай және газ министрімен кездесті. Сөйтіп, туындаған түйткіл келіссөз жолымен шешілген сыңайлы. Келісетін жөні де бар. Өйткені, ТШО-мен келісім-шартта «егер кемсітетін сипатта болмаса» қазақстандық билік компанияға әлдебір міндеттемелер жүктеуге қақылы деген екіұшты сөздер жазылған көрінеді. Бәлкім, мұнайдың әр тоннасына 20 доллар экспорттық тауар салығы кемсітушілік болмас. Мұның өзі Теңізден 24 млн. тонна мұнай алынып жатқан қазіргі кезде жылына 480 млн. долларға тең. Дегенмен, өткен жылдың қыркүйегінде Қазақстан Үкіметі 2011 жылы әр тонна мұнайға салынар экспорттық салықты 40 долларға дейін ұлғайтуды ұйғарғанын мәлімдеген-ді. Премьер-Министрдің пікірінше, қазіргі жағдайда әділеттісі де осы болмақ. – Рейтингтің келесі сатысында Байланыс және ақпарат министрлігі тұр екен... – Мұндай баға бір жағынан министрліктің өзінің жаңалануымен әрі бұрынғы қателіктерге қатысы жоқ, жүзі жарқын жас менеджерлер командасы келуімен байланысты. Өткен уақыт қатаң талап қою үшін тым қысқа мерзім. Соның өзінде жаңа басшылық артылған сенімді ақтай біліп, ғаламтор жүйесін, отандық телехабарды және әсіресе, «Электронды үкіметті» дамыту орайында белсенді қызмет өрістетті. Халықтың «Электронды үкіметке» қызығушылығын, танымалдығын оның порталына күн сайын 10500 адам кіретіндігінен-ақ көруге болады. Жаңа министрдің «Қазақтелекомдағы» басшылық тәжірибесі мен алғырлығы әсіресе, жаңа технологиялар мен идеяларды ілгері жылжытуда көп көмегін тигізді. Жекелеген БАҚ, депутаттар тарапынан сын да жоқ емес. Сынсыз тағы болмайды. Тек іс ілгері бассын деңіз. – Сіздің тізімде Ауыл шаруашылығы министрлігінің бел ортадан табылғанына таңданып отырған да жайымыз бар. – Таңдануыңызды түсінемін. Себебі, кеңестік кезеңде Қазақстан азық-түліктен елде өсіп-өнбейтін цитрус мәуелерін ғана шеттен әкелген болса, қазір біз ауылшаруашылық өнімдерінің басым бөлігін шетелден тасимыз. Өкінішке қарай, 2010 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігінің қызметінде бұл орайда оңға басу байқалмайды. Керісінше, бұрынғы кезеңдермен салыстырғанда, көрсеткіштердің кері кетуі орын алған. Оған көп себептің бірі – министрліктің босбелбеулігі. Гектар берекесінің нашарлығы, астықты сату немесе диқандарды жанар-жағармаймен қамтамасыз ету сияқты жылдан-жылға көшіп жүрген проблемаларды шешуде де ілкімді өзгерістер жоқтың қасы. Ол ол ма, өткен жылы жағдай тіпті нашарлап кетті. Ал азық-түлік бағасының қымбаттау қарқыны жоғары. Бірінші қажеттілік өнімдерінің бағасын өсіруге зәру себептер жоқ деп министрліктің әлденеше мәрте мәлімдегеніне қарамастан, нан, ет, май, жарма, сүт және басқа тағам түрлерінің бағасы үнемі көтерілумен келеді. Сондай-ақ ауылға шағын несие беру, Астана мен Алматы төңірегінде азық-түлік белдеуін құру, өңдеуші және қойма қуаттарын дамыту немесе ауылдарды ауыз сумен (40 пайызы сусыз) қамтамасыз ету сияқты көптеген мемлекеттік бағдарламалар табандап тұрып қалған. Ал, сарапшылардың пікірінше, мемлекеттің жыл сайын ауылды қолдауға бөлетін миллиардтаған дотациясы негізінен монополистерді жарылқап, фермерлерге гектар басына 2-3 доллардан ғана келетін қалған-құтқаны ғана тиеді. – Төтенше жағдайлар министрлігінің өз мәліметтері бойынша, 2010 жылдың қаңтар-шілдесінде алдыңғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда, елде әртүрлі төтенше оқиғалар салдарынан өлгендер саны 25,8 пайызға, табиғи сипаттағы апаттардан ажал құшқандар саны 48,3 пайызға артыпты. Рейтингте министрлік жинаған 322 ұпай әділ баға бола ала ма? – Иә, табиғи және техногендік сипаттағы әртүрлі апаттардан аталмыш кезеңде 3530 адам зардап шегіп, 1194 адам қаза тапқан. Материалдық шығын 10,5 млн. теңгеден асып жығылады. Десек те, кінәнің бәрін министрлік мойнына арту әділетке жатпас еді. Біріншіден, қазіргідей кадрлық һәм техникалық мүмкіндігі шектеулі жағдайда ТЖМ бақытсыз оқиғалардан 100 пайыздық оққағар бола алмайды. Екіншіден, апат, өрт, басқа да зілзалалардың біразы жеке адамдардың кінәсінен болған немесе болмай қоймайтын сипат иеленген. Бәрі де тілсіз жау. Сөйтсе де мұның бәрі мемлекеттік органның, әсіресе, төтенше жағдайдың алдын-алу және күні бұрын ескерту орайындағы жауапкершілік деңгейін төмендете алмайды. Осы ретте өткен жылғы ең ірі апатты еске алсақ та жеткілікті. Наурыздың 11-інен 12-сіне қараған түнде Алматы облысының Қызылағаш ауылында жекешеге заңсыз берілген тоғандағы тасқын салдарынан 45 адам қаза болды. Жергілікті билік орындарымен бірлесе отырып ТЖМ органдары қырағылық танытқанда, бәлкім, апатқа жол берілмес те еді. Аталмыш ведомство сыбайлас жемқорлықпен күрестің жалпы нөпірінде, әлбетте, күш-жігер жұмсайды. Бірақ онысы ойдағыдай нәтиже бермеген сыңайлы. – Коррупциядан құдіретті Қорғаныс министрлігі де қорғана алмады емес пе? – Иә, бұл ретте жабық министрліктің де сыры ашылып қалды. Конституция күніндегі әскери парад немесе әскери қызметшілерге бір реттік жәрдемақы төлеу сияқты жағымды жаңалықтарды израильдік техниканы сатып алуға байланысты коррупциялық шулыған көлеңкелеп тастады. Пара алғаны және қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін министрдің экс-орынбасары 11 жылға бас еркінен айырылды. Алаяқтығы және пара бергені үшін бизнесмен, Израиль азаматы да осындай жаза алды. Ракета әскерлері мен артиллерия командашысы міндетін бұрынғы уақытша атқарушы 7 жылға кесілді. Ал, жыл соңында Ақмола гарнизонының әскери соты жұртты естен тандырған тағы бір шешім шығарды: келтірілген материалдық шығын үшін қамалғандардан мемлекетке 14 млрд. 257 млн. 681 мың 670 теңге және оған қоса 427 млн. теңгеден астам мемлекеттік баж өндіріп алынуы керек. Бұл қарызды өтеу үшін сотталған бейбақтардың бір емес, бірнеше өмір сүрулеріне тура келер. – Үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттің бағдарламаны іске асыруға жауапты Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің сіздің рейтингте тым қарапайым 11-ші орын алуы қалай? – Иә, өткен жылдың наурызындағы өзгерістерден соң ИЖТМ, көп сарапшылардың пікірінше, суперминистрлік рөлінен үміткер-ді. Құрғақ цифр тілінде айтсақ, индустриялық-инновациялық даму 2015 жылға дейін ІЖӨ-ні 7 трлн. теңгеге ұлғайтуды қамтамасыз етуі тиіс. Бұл шамамен 2008 жылғы деңгейдің жартысына тең. Аталған мерзімде елде 40 пайыз өз өнімі болуға тиіс. Еңбек өнімділігін екі есе, ал ауыл шаруашылығында төрт есе арттыру жоспарланған. Тек биыл ғана 144 жобаны іске қосу көзделіп отыр. Министрліктің айтуынша, 2010 жылғы 10 пайыз өнеркәсіп өсімінің 2 пайызын индустриялық-инновациялық жаңа жобалар қамтамасыз еткен. Әрине, стратегиялық жаңа бағдарламаның неғұрлым әділ таразыланған бағасын беру үшін біршама уақыт өтуі керек. Алғашқы қадамдар үміт күттіреді. Әйтсе де, БАҚ материалдарымен пайымдағанда, көкейкестілігі күмән тудырмас индустриялық-инновациялық дамудың әсіресе, өрлеуді қамтамасыз етуге тиісті орасан зор сомаларға қатысты барлық қырлары жұртшылыққа толық ашылып түсіндірілген жоқ. Біз бір маңызды алғышартты – бағдарламаны тікелей іске асырушы ғалымдардың, экономистердің, кәсіпкерлердің, шаруашылық жүргізуші субъектілердің қатысуымен әзірленетін тиісті құжаттарды ұмыт қалдырған сияқтымыз. – Экономикалық даму және сауда миинистрлігі қызметінің өткен жылғы басты бағыты Қазақстанның Кеден одағына қатысуы, сондай-ақ Бүкіләлемдік сауда ұйымына кіруге әзірлік болғаны аян. Бұл миссияны орындауда министрлік өзін қалай көрсетті? – Нақ осыған баға беру қиын. Өйткені, Қазақстан, Ресей және Беларусь «кедендік үштігі» іс-қимылының параметрлері әлі де болса түсініксіздеу. Бүкіләлемдік сауда ұйымына кіру келешегі де көмескі. Әсіресе, Кеден одағына қатысты пікірталас, сыни пайым көбірек болды. Сірә, бұл аталмыш жобаның пайдасын жеріне жеткізе түсіндіре алмаудан туындаса керек. Қазақстанның азық-түлік тәуелсіздігіне қатысты мәлімдеме де көңілде дық қалдырғандай. Министрлік мәліметтеріне сәйкес, аса маңызды тамақ өнімдері бойынша біз іс жүзінде импорттан тәуелсіз екенбіз, ал осы саладағы ішкі қажетіміз өз өндірісіміз есебінен 90-95 пайызға өтеледі. Рас, осы «аса маңызды» тамақ түрлерінің тізімі тым жұқалау. Ұн, тұз, қант, сүт және жармалар – азық-түлік тәуелсіздігіміз осымен шектеледі. ЭДСМ шенеуніктері болса, мұны көрмегенсиді. – Көлік және коммуникация министрлігі төменірек сатыға түсіп кеткені несі? – Жол ежелгі проблемалардың бірі екені белгілі. Сондықтан, қала сыртына шығып, жолдарды көріп-ақ министрлік жұмысына баға беру оп-оңай. Бірақ белсенді сын үнемі нашар жұмыстың біржақты көрсеткіші бола алмайды. Көлік-коммуникация министрлігінің әлеуметтік маңызын кеміту де әбестік болар еді. Соған қарамастан, жол-көлік оқиғасының орын алуы жөнінен 2010 жыл рекордты межеден көрінді. Серпінді жобаларға келер болсақ, Көліккоммин көшбасшылар қатарында. Ең ірі жоба ұзындығы 2452 шақырымдық және құны 825 млрд. теңгелік Батыс Қытай – Батыс Еуропа автожолының қазақстандық бөлігін салу болып табылады. Дейтұрсақ та, әуелі өзімізді «көктеп өтетін» емес, өз ішімізде өзіміз үшін жол салған дұрысырақ емес пе. Бұл ретте министрлік құлықсыздық танытуда. Мемлекеттік органдардағы білгіштердің ойлап таппайтыны жоқ. Біресе оң рөлді мәшинелерге тыйым салмақ болды, біресе барлық жүргізушілерді куәлікке қосымша айыппұл талонын алуға міндеттеу, біресе иномаркаларды әкелуге кеден салығын көбейту ұсынылды. Осындай белсенділікті жалғастырған Көліккоммин автокөліктің техникалық байқауын бәсекелі ортаға, яғни жеке меншікке өткізіп беру мәселесін көтерді. Алайда, бұл жолы жүргізушілер қауымдастығы қарсы шықты. Біріншіден, олар техбайқау құнының болашақтағы көтерілуімен келіспейді. Екіншіден, техбайқау өткізетін жеке компанияларды кім және, ең бастысы, қалай таңдайтыны түсініксіздеу. Үшіншіден, Парламентте жатқан заң жобасына берілген бір сараптама қорытындысында айтылғандай, «ұсынылған үлгі нарықтық еместігі былай тұрсын, белшесінен коррупцияға батқан» дейді. Олай болса, техбайқауды бәсекелі ортаға беру идеясы да жоғарыдағы ізашарларының кебін құшпаса неғылсын. – Денсаулық сақтау министрлігі де дәстүрлі түрде қоғамдық сынның өтінде тұрған жоқ па? – Кадрдан кемдік көруші осынау меморганның түйткілдерін жіпке тізсең, ұзаққа кетеді. Өткен жылдың ең шулы коррупциялық лаңбикесі де нақ осы министрлік ордасынан шықты. Қылмыстық істің бас кейіпкері басқа емес, министрдің өзі. Бұл аз десеңіз, Алматыда қызмет бабын асыра пайдаланған СПИД-орталықтың экс-бас директоры қамауға алынды. Сондықтан, 17-нің ішіндегі 14-ші саты тақияға тар келмес. – 15-ші саты Білім және ғылым министрлігіне тиесілі болыпты. – Өткен жылы мұнда да басшы ауысты. Әйтеуір, бұл жолы бәрі у-шусыз ретке келіп, министр күншуақ елдердің біріне елші болып аттанды. Оның орынтағына отырған бас білім ордасының ректоры ізашарының, мысалы, бұдан былай қазақстандық оқулықтарды жазуға шетелдік авторлар тартылады деген сияқты кейбір ұшқары мәлімдемелерін жаймашуақтауға тырысты. Соған қоса оқушы қыздардың хиджаб киюі, ҰБТ тағдыры сынды көптеген көкейкесті мәселелерге көзқарасы жария етілді. Соңғыны ұлттық тестілеу және кешенді тестілеу деп екі кезеңге бөлу көзделген-ді. Барлық тараптардың ой-пікірлерін талдай келе, министрлік бәрін де соңғы алты жыл бойғы қалпында өзгеріссіз қалдыруды ұйғарды. Ал енді өмірлік қажеттілігі тұрғысынан алғанда, тізімде келесі тұрған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігі арасында белгілі бір параллель тартуға болар еді. Сондықтан, қорытындыда еншіге тиген 257 ұпайдан министрліктегі ханымдар мен мырзалар бас тарта алмайды деп ойлаймыз. – Рейтингтің ең төменгі басқышына Ішкі істер министрлігі жайғасқан екен... – Өткен жылы бұл министрлік мемлекеттік органдар арасындағы сыбайластық рейтингінің көшбасшысы емеспіз деп мәлімдеген болатын. Қайсыбір газеттерде солай деп қате жазылып кеткен көрінеді, ал шын мәнінде іс жайы олай емес-мыс. Зерттеу мәліметтері бойынша полицейлік ведомство отыз қаралы меморгандар арасында бар болғаны 18-ші орында. Олар, тіпті, мың полицейдің ішінде жүйелі пара алатыны екеу ғана деп есептеп те қойыпты. Құқық қорғау органдары Мемлекет басшысының да сынына ұшырады. Ол «Ақ Орда» сайты ашылғаннан кейінгі 10 айда «Президенттің бизнесті қорғауы» бөлімінде кәсіпкерлерден 2 мың хат алып, соның 960-ы қадағалаушы, бақылаушы және құқық қорғаушы органдар тарапынан олардың құқықтары мен мүдделерінің бұзылуына шағымданыпты. Елбасы бизнес ісіне араласу рейдерлік деп саналатынын, сол үшін құқық қорғау органдарының 24 қызметкері қызметінен босатылғанын атап өтті. – Сыртқы істер министрлігі әңгімеңізден сырт қалып бара жатқан сияқты... – Ол министрдің блогы жоқ болғандықтан, рейтингке кірмеген жалғыз ведомство. Сөйтсе де сыртқы саясат ведомствосының 2010 жылғы жұмысын жоғары бағалауға болады. Бұл ең алдымен Астанадағы ЕҚЫҰ Cаммитін аса табысты өткізумен, сондай-ақ осы халықаралық ұйымдағы төрағалықпен байланысты. СІМ қызметі туралы БАҚ жарияланымдары да негізінен оң немесе бейтарап сипатта болды. Сондай-ақ, сыртқы саяси ведомство атына Президент, Премьер-Министр, Парламент, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ тарапынан айтылар сын да белгілі бір шектен аспады. Сыртқы істер министрлігінің жүйелі брифингтер, баспасөз мәслихаттары, баспасөз баяндары, халықаралық шаралар кезіндегі ақпараттық қолдауы, сонымен бірге министрлік веб-сайтының айтарлықтай жедел толықтырылып жаңалануы түрінде көрініс тапқан ашықтық деңгейі де көп жағдайда көңілден шықты деуіміз керек. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Қорғанбек АМАНЖОЛ.
•
14 Сәуір, 2011
Беделбаға
392 рет
көрсетілді