Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында «Ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін кеңейтуге айрықша назар аудару қажет» деп атап көрсеткен-ді. Әр сөзімен іргелі істерге із ашатын Мемлекет басшысының бұл тапсырмасының іс жүзінде орындалуының нақты нәтижесі де көріне бастады. Жақында облыс осы міндеттерді орындауға мүмкіндік беретін алғашқы жылжымалы медициналық кешенге қол жеткізді. Шымкент қаласындағы «Қазмедқұрал» ЖШС шығарған бұл кешенге республикалық бюджеттен 86 млн. теңге жұмсалды. Мұндағы хирургиялық, гинекологиялық, рентген, тіс аурулары, кардиологиялық, УЗИ, жалпы қабылдау бөлмелері мен зертхана осы заманғы медициналық қондырғылармен жарақтандырылған.
Отандық бірегей жылжымалы медициналық кешеннің игілігін бірінші болып Қобда ауданының тұрғындары көретін болды. Оның да реті бар. Бұл кезіндегі екі ауданның ізінен құрылған аумағы үлкен әкімдік құрылым. Кешен құрамында облыстық кеңес беру-диагностика орталығының он екі білікті дәрігерлері ауыл тұрғындарын қабылдайды. Олар ауданның көптеген елді мекендерінде болып, 11 мыңнан астам ауылдықтарға медициналық қызмет көрсетеді. Кешен қосымша «Ақтөберентген» зауытында автокөлікке орнатылып жасалған жылжымалы мамография, флюрографиямен жабдықталды. Жылжымалы медициналық кешенді Қобда ауданына аттандырып тұрған облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Қайрат Сабыр мұндай қызметтің ауруды тез анықтауға, алдын алуға медициналық көмек пен кеңес беру сапасын арттыруға алғышарт жасайтынын жеткізді.
– Елбасы биылғы Жолдауында «Жұмылғыш медициналық кешендер – автоклиникалар санын 50 бірлікке дейін жеткізу керек» деген болатын. Қазір қолымызға тиіп отырған кешен осы тапсырманың нақты орындалуының жемісі. Осындай қадамдардың нәтижесінде сапалы медициналық қызметтің қолжетімділігін қамтамасыз етуге әбден болады, – дейді ол.
Оның айтуынша, биыл тағы да осындай екі кешен алынатын көрінеді. Оларды Хромтау және Мұғалжар аудандарына бөлу қарастырылыпты. Жалпы, облыс халқына қолжетімді, сапалы медициналық қызмет көрсету үшін осындай алты жылжымалы медициналық кешен қажет екен. Олардың қалғандары да таяу уақытта алынатын болады. Жылжымалы медициналық кешен жұмысы жалғаса береді.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ.
Ақтөбе облысы.