• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
14 Наурыз, 2017

Ескерткіштер – елдік бейнесі

3345 рет
көрсетілді

Ескерткіш орнату – өте ерте заманнан бастал­ған дәстүр. Алдымен ежелгі Грекияда қолға алынып, құдай­ларға ескерткіш қойылған. Одан Римде жалғасып, белгілі импера­торларға ескерткіш орнату дәстүрі қалыптасқан.

Қайта өрлеу дәуірін­де Еуропада ескерткіш тұр­ғызу қатты өрістеген. Адамның қолымен жасалған ескерт­­кішті пір тұтып, оған табыну, әсіре­се, Будда дінінде қатты да­мыған. Күні бүгінге дейін буддизмді тұтына­тын елдерде оған алып ескерт­кіштер тұрғызу жалғасып келеді. Мәселен, 1995 жылы Жапония­ның Канто аймағында 120 метрлік, 2002 жылы Қытайдың Хэнань провинциясында 128 метрлік, 2008 жылы Мьянмада биіктігі 129 метрлік ескерт­кіштер орнатылған. 

Хрис­тиан дінінде де құдайға ескерткіш тұрғызуға қар­сы­лық білдірілмейді. Польшада Айса пайғамбарға ескерткіш 2010 жылы тұрғызылыпты. Оның жерден сана­­ғандағы биіктігі – 51 метр, оған дейін ең биік ескерткіш Бразилияда еді. 

Адамға арналған алғашқы ескерт­кіш Ресейде І Петр патшаның кезінде қойылыпты. Өзі құрған әскерге алғашқы болып өз еркімен енген Сергей Бухвостов деген солдатына (артынан майор болған) І Петр 1721 жылы ескерткіш орнатқызған. Ал І Петр патшаның өзіне арналған ескерткішті ІІ Екатерина 1782 жылы Санкт-Петербургте орнатқан. Халық арасында «Мыс салт атты» атанған бұл ескерткіш мүсін өнерінің үздік жетістігі деп танылған. Ат үстіндегі адамның осы бейнесі кейінгі дәл осындай ескерткіштерге әлі күнге дейін үлгі болып келеді.

Қазақстанда алғашқы ескерткіш Амангелді Имановқа орнатылған. Ат үстінде мығым отырған батырды бейнелеген бұл ескерткіш 1947 жылы Алматыда қойылған болатын. Еліміз­дің ең атақты мүсіншісі Хакімжан Наурызбаев жасаған Алматыдағы Абай (1960 ж) мен Шоқан Уәлихановтың (1969 ж) ескерткіштері мүсін өнерінің озық үлгілерінің бірінен саналады. Екі ескерткішке де жұрттың бәрі көз алмай, ұзақ қарайды.

 Қазақстандағы ескерткіштердің ішінде Қарағанды­дағы Нұркен Әбдіровтің бейнесі де айрықша. Онда астындағы тұғырымен үйлестірілген батырдың бейнесі жауға қырандай шүйлігіп тұр. 

Тәуелсіздік алған жылдары елімізде ескерткіштердің саны еселеп артты. Әсіресе, бұрын есімдерін атауға рұқсат етілмеген, қазақтың бостандығы мен азаттығы жолында азап шеккен тұлға­ларға көптеген ескерткіштер қойы­лып, олардың есімдері жас ұрпаққа жете танытылуда. Алайда, осы ес­керт­кіштердің кейбірі мүсін өнері тұр­ғысынан қарағанда сын көтермейді. Бір қайнауы жетіспейтін, бір-біріне қатты ұқсап кеткен салтаттылар мен домбыра ұстағандар көп. Арқалы адамның бойында дене күші ғана емес, рух күші де болады емес пе?! Б.Момышұлының «Жонарқа» деген әңгімесінде тапсыр­масын алған бір кіші офицердің қу­шиып кеткен арқасынан оның су­жүрек екенін бірден танығандығы айты­лады. Сондықтан ескерткіш орна­тылатын ерек тұлғалардың арқа-басын қушитпай, біршама ірі қылып салу керектігін қазіргі мүсіншілер ескере бермейтін секілді. 

Кеңес Одағы жылдарында мүсін өнері де идеологияның мықты құрал­дарының бірі болды. Партия көсем­дерін халық санасына сіңіру мақ­сатында әрбір шалғайдағы ауыл­дарға дейін олардың ескерткіштері орнатылды. Бір мысал, 1982 жылы Алматы облысының бұрынғы Нарын­қол, қазіргі Райымбек ауданындағы Текес ауылына студенттік - құрылыс жасағы сапында бардық. Сол ауылда жападан-жалғыз сорайып С.Кировтың ескерткіші тұр... Ал Лениннің ескерт­кіштері бір қалада бірнешеуден орна­ғанын да көзіміз көрді. Мәселен, Петропавл қаласында мектептің, институттың, зауыттың, обкомның алдына қойылған төрт ескерткіш бар еді. Мұндай асыра сілтеушілік жаппай орын алып жатты.

 Ескерткіштер белгілі оқиғаны есте қалдыру үшін де қойылады. Триумфалды аркалар мен бағаналар, мемориалдық кешендер, тұғырға қойылған көлік немесе қару-жарақ құралдардың қаңқалары, естелік тақташалар және т.б. осыған жатады. Қорыта айтқанда, ескерткіш қоюға жауапкершілікпен қарап, олардың мүсін өнерінің талаптарына сәйкестігі мен көркемдігіне назар аударылып отырғаны жөн болар еді. Өйткені, ескерткіш бір мезеттік дүние емес, ұрпақтарға қалатын тарихи мұра ғой. 

Жақсыбай САМРАТ, 

«Егемен Қазақстан»