Біз – қазақстандықтармыз!
18 сәуірде Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті XVІІ сессиясы болады * * * Біздің еліміздің ең басты жетістігі – ортақ Отанымыздағы шынайы салтанат құрған ұлтаралық келісім, берік орныққан бейбітшілік пен тұрақтылық. Бұл – уақыт шындығы. Осының нәтижесінде еліміз өзінің мемлекеттігін нығайтып, түрлі салалар бойынша реформаларды табысты жүзеге асырды. Бұлар халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайының еселеп артуына ерекше ықпал етті. Оның шапағатын бүгінде барша қазақстандықтар жете сезініп отыр. Қазақстанда қоғамның барлық саласында ел азаматтарының этностық тең құқылығы заңнамада бекітіліп, тәжірибе жүзінде іске асырылған. Ең бастысы, елімізде этносаралық өзара ықпалдастықтың басты тетігі ретіндегі бірегей қоғамдық-саяси институт – Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған. Оны Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев басқарады. Мемлекет басшысының көрегенді саясатының арқасында Ассамблеяның этносаралық ауызбірлікті нығайтудағы рөлі ерекше екендігін әлемдік қоғамдастық тәжірибе жүзінде мойындаған. Қазақстандық осынау бірегей модельді өздерінде пайдалануға көптеген мемлекеттер қызығушылық танытып отырғаны бізді шынайы ризашылыққа бөлейді. Еліміз өз тәуелсіздігін алған кезден бастап Президентіміз этностар арасында татулық орнықтыруды бірінші кезекке қойды. Олардың тілін, салт-дәстүрін, мәдениетін дамытуларына мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен көрсетілген қамқорлықты Қазақстанда тұрып жатқан этностар барынша сезініп, өздерінің болашағына нық сеніммен қарады. Мемлекет басшысының елдің келешегіне, өсіп-өркендеуіне, жан-жақты дамуына бағытталған барлық бастамаларына қолдау көрсетті. Олардың жүзеге асырылуына белсене атсалысты. Қазір олар соның жемісін көріп отыр. Бұған қатысты мысалдар да толып жатыр. Мысалы, еліміздегі этностардың барлығының дерлік ұлттық-мәдени орталықтары қызмет етеді. Ұлттық мектептер жұмыс істейді, телеарналар орыс, ұйғыр, өзбек, тағы басқа тілдерде хабар таратады. Мерзімді басылымдар да тұрақты шығып келеді. Осының барлығы Елбасының тікелей басшылығымен болып жатқан игі де өміршең істер екендігін біз өте жақсы түсінеміз. Қазақстан Республикасының кезектен тыс президенттік сайлауында қазақстандықтар Нұрсұлтан Назарбаевты Президент етіп қайта сайлады. Елбасына сайлаушылардың 95,55 пайызы сенім білдіріп, өз дауыстарын берді. Осылайша, олар өз болашақтарын, Тәуелсіз Қазақстанның өсіп-өркендеуін Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен әрі қарай байланыстыратындарын көрсетті. Міне, бұл қазақстандықтардың Елбасыға, оның жүргізіп келе жатқан салиқалы саясатына шын жүректерімен сенгендіктерінің нақты да жарқын көрінісі деп білемін. Ал Қазақстанда мекендейтін сайлаушы-этностар өкілдерінің барлығы сайлауда Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс берді деп ойлаймын. Өйткені, мемлекет құраушы ұлтқа да, өзге этностарға да тұрақтылық, татулық, ауызбірлік қашанда қажет. Елімізде өзекті бұл мәселе шешілген, нық орныққан. Оның негізін қалаған, еңселі елімізді әлем жұртшылығына танытқан Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев! Президенттік сайлау науқаны кезінде мен Президент Н.Ә.Назарбаевтың кандидатурасын қолдау жөніндегі Алматы қалалық қоғамдық штабының мүшесі болдым. Қала бойынша сайлаушылармен көптеген кездесулер өткіздік. Сондағы байқағаным, электорат Президентімізге ерекше қолдау көрсетті. Тәуелсіздіктен бергі кезеңдердегі еліміздің қол жеткізген табыстары, сыртқы саясаттағы жетістіктері, этносаралық ынтымақ, шешімін тапқан өзге де мәселелердің барлығы Мемлекет басшысының білгірлікпен жүргізген саясатының жемісі мен нәтижесі екендігі кездесулер барысында көрініп тұрды. Осының түп негізінде бірлік пен ынтымақ, тұрақтылық пен татулық жатыр. Бірлігіміз, ынтымағымыз әрқашан да жараса бергей. Асимжан ЗЛАВДИНОВ, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Қазақстан ұйғырлары» республикалық этномәдени қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары. Алматы.
•
15 Сәуір, 2011
Этносаралық келісім – тұрақтылық негізі
1057 рет
көрсетілді