• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Сәуір, 2011

Алғы шепте

424 рет
көрсетілді

Ертең республика Ардагерлері қоғамдық бірлестігінің VI съезі өз жұмысын бастайды 1987 жылы құрылған Алматы қалалық ардагерлер ұйымы еліміздің қариялар қауымының ең ірі бірлестігінің бірінен саналады. Мұндағы жеті ау­дандық ардагерлер ке­ңесі, Ұлы Отан соғысының және ҚР Қарулы Күштерінің ардагерлер комитеттері мен 513 бастауыш ұйым 170 мыңға жуық зейнеткерлерді біріктіріп отыр. Қазақстан ардагер­лерінің кезекті VI съезі қарсаңында біз қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, академик Еренғайып Шайхутдиновке жолығып әңгімелескен едік. – Еренғайып аға, әуе­лі өзіңіз бас­қарып отыр­ған ардагерлер ұй­­ы­мы­ның негізгі мақ­­сат-мін­деттеріне тоқ­­тала кет­сеңіз. – Қалалық, аудандық кеңестердің және бас­та­уыш ұйымдардың мақ­сат­тары мен міндеттері ардагерлер съезі бекіткен жарғыда және «ҚР Ардагерлер ұйымдары туралы» ережеде ай­қын­далған. Со­ған жү­гін­сек, барлық дең­­­гей­дегі ардагерлік ұй­ым­дар­дың бас­­ты міндеті қарт адамдарды әлеу­меттік тұр­ғыдан қол­­дау және олар­ға өз құқықтары мен әртүрлі көмек түрлерін алу мүм­кіндіктерін тү­сін­діру болып табылады. Осыған байланысты қа­ла­лық ардагерлер кеңесі жыл сайын ардагерлік қозғалыстың бел­сенділерін жинап, семинарлар өткізеді. Республикалық бюджеттен берілетін зейнетақылық төлемдермен қатар, біздің ардагерлерге қалалық бюджет қаржы­сынан да үлкен көмек көрсе­тіліп тұрады. Біз осы мәселені арнайы зерттеп, шағын кітапша шығарып, аудандық кеңестерге бердік және тұр­ғындардың жиналған жерлерінде тікелей тараттық. Сөйтіп, осынау қосым­ша жеңілдіктерді рәсімдеу үшін не істеу қажеттігін, қандай құ­жаттар жинау керектігін түсіндірдік. Осы­ның арқа­сында қазір арнайы қала­лық жәрдем­ақыны 140 мыңнан астам зейнеткерлер алады. Мұның сыртында бір реттік материалдық көмек, баспана алу, су есептейтін құрылғы орнату, қала көлі­гінде тегін және жеңілдікпен жүру, Ұлы Отан соғысына қатысушылар үшін тегін немесе жеңілдікпен берілетін сана­ториялық емдеуге жолдама алу, тегін тіс салдыру, жалғызбасты қарт адамдарды күтімге алу сияқты же­ңілдіктер қарас­тырылған. – Олай болса, қарияларға жа­салып отырған әлеуметтік қамқор­лықтарды кеңірек баяндасаңыз. – Қарт адамдарға арналған әлеу­меттік бағдарламаларға қала бюджетінен жыл сайын жалпы жиыны 3 миллиардтан астам теңге бөлінеді. Өткен жылы қала әкімдігі кәсіпорындармен және ұйым­дармен бірлесе отырып, соғыс ардагерлерін жайлы пәтер­лер­мен қамтамасыз ету жөнінде үлкен жұмыстар жүргізді. 2005 жылдан бастап есептегенде, Ұлы Отан соғысына қатысушылардың 267 отбасы пәтер ал­ды. Солардың ішінде Жеңістің 65 жылдығы тұсында 2010 жылдың сә­уіріне дейін пәтер кезегінде тұрған барлық соғыс ардагерлеріне 101 пәтер берілді. Осы мақсатқа демеушілер қар­жысын жинау жөнінде қалалық кеңестің «Алматы қаласының Ұлы Отан соғысы ардагерлері» қайырым­дылық қоры үлкен жұмыстар атқарды. «Электр стансалары» АҚ, «Құрылыс» компаниясы, «Қазатом­пром», басқа да ұйымдар мен банктерден қомақты қаржы түсті. Медициналық қызмет көрсетуді жә­не дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді ұй­ымдастыру қарт адамдардың өмірін жақ­сартудың аса маңызды мәселесі қа­тарына жатады. Бұл мәселелер қа­лалық ден­сау­лық сақтау басқармасы басты­ғы­ның, оның орынбасар­лары­ның қатысуы­мен ар­­дагерлердің қала­лық кеңесінің плену­мы мен төралқа жи­ындарында бірнеше дүр­кін талқы­ланды. Сөйтіп, медицина меке­меле­рінің жұмы­сын жақсарту, ашық есік күндерін өткізу жөнінде шаралар қабыл­данды. Бұл уақытта зейнеткерлерді әр саланың маман дәрігерлері де қа­былдады. Төсек тартып жатқан нау­­­қас­тарды үйле­ріне барып емдеді, рес­­пуб­ликалық орта­лық­­тар мен жеке кли­ни­каларда диагностика жасалды. Осы­­ған орай барлық емханаларда күн­дізгі ста­цио­нарлар және қажет бола қал­ған жағ­дай­да үйдегі стационарлар жұ­мыс істейді. Соғыс және еңбек ардагерлері жыл сайын шипажайлық емдеуден өтеді. Өткен бес жылда барлығы 14500 адам, соның ішінде өткен жылы 2396 зейнеткер мен мүгедек ем алып, тынық­ты. Қалалық ардагерлер кеңесінің мәс­лихаттан табанды түрде өтінуінің ар­қа­сында 2011 жылы жолдамалар саны 3230-ға дейін көбей­тіліп, осы мақ­сатқа 270 миллион теңге бөлінді. – Еренғайып Мәлікұлы, сіздер әлеуметтік мәселелермен қатар аға ұрпақтың өнегесін кейінгі жастарға үйрету орайында да көп іс тын­ды­рып жүргендеріңіз мәлім. Бұл ретте не айтасыз? – Иә, қарт адамдарды әлеуметтік жағынан қолдаумен қатар, жастармен жұмыс жүргізу, олардың бойында аза­маттық, адамгершілік және отан­шылдық қасиеттерді тәрбиелеу арда­герлердің ар­дақты парызы болып қала бермек. Өткен жылдарда осы бағытта бірталай жақсы тәжірибе жинақ­тал­ды. Орталық кеңестің төралқасы біз­дің жұмыс тәжірибемізді барлық өңір­лік ардагерлер кеңестеріне үлгі ретінде ұсынып, қаланың барлық ауданда­рындағы жұ­мыс тәжірибесі, қала басшыла­ры­ның сөз­дері жинақталған «Ұрпаққа ұла­ғат» атты кітапшамыз бар­шаға тара­тылды. 28 гвардияшы-панфиловшылар атын­­дағы саябақтағы Мәңгілік алау жанында 2007 жылдың 29 қазанында болған «Біз Жеңіс мұрагерлеріміз!» атты халық­ара­лық акцияның ашылу салтанаты па­т­риот­тық тәрбие ісіне жаңа серпін берді. Жаңа заманның жастарына Ұлы Отан соғысындағы жеңіс бастауларын насихаттаудың маңыздылығын ескере отырып, біз Ұлы Жеңіске қазақ­стан­дық­тардың қосқан үлесі жөнінде егжей-тегжейлі ақпараттық материал­дар­ды жи­ыс­тырып, ардагерлік ұйым­дарға жол­дадық. Осы ретте Тарих және этно­графия институты ғалым­да­рының, «Нұр Отан» партиясы қала­лық филиалының, Мә­жіліс депутаты Камал Бұрхановтың қа­тысуымен Ұлы Отан соғысы туралы ақиқатты қор­ғауға арналған «дөңгелек үстел» өткі­зілуінің маңызы ерекше болды. Біз соғыс жылдарынан алыстаған сайын әлдебір «жаңашылдар» жер астынан жік шығарып, оның екі құлағын тік шығарып, Ұлы Жеңістің тарихына, халықтың қаһармандық ерлігіне күйе жағып, күмән келтіре бастаған сыңай­лы. Айталық, «Караван» газетінде «Дубосеково разъезінде танктер бо­лып па еді?» деген мақала жарық көрді. Оған Түрксіб ауданының жас­тарға патриоттық тәрбие беру жөнін­дегі комиссиясы мән беріп, іле-шала «Соғыс жайындағы өтірік пен шын­дық» тақырыбында «дөңгелек үс­тел» өткізді. Оған аудан мектептерінің жо­ғары сынып оқушылары, тарих пә­нінің мұғалімдері шақырылып, И.­В.Панфилов атындағы 316-шы ат­қыштар дивизиясының майдангерлері, басқа да соғыс және тыл ардагерлері қатысып, тағылымды әңгімелерін айтты. Республиканың атаулы мерекелерінде ардагерлердің жастармен кездесулері дәстүрге айналды.  «Бауыр­жан Момышұлының шығармашылық мұ­ра­сы және жастардың патриоттық тәрбиесі» тақырыбындағы іс-шаралар да үлкен ұлағатқа бастағаны анық. – Еренғайып Мәлікұлы, ардагерлерді қазіргі таңда қандай мә­селелер толғандырады? Шұғыл ше­­шуді қа­жет ететін проблемалар бар ма? – Әлбетте, тіршілік болған соң оның кейбір түйткілдері де болады ғой. Жүр­гізіліп жатқан тынымсыз жұмысқа, мемлекет тарапынан жаса­лып жатқан қам­қорлықтарға қарамас­тан, Үкіметке, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне, Парламент депутаттарына жол­даған арыз хаттарымыз, жекелеген мә­селелер әлі де болса оң шешімін таппай отыр. Алдағы уақытта «Ардагерлер тура­лы» заң қабылданса екен, соғыс жыл­дарындағы тыл еңбеккерлерінің ар­найы мемлекеттік жәрдемақысы 6-7 төменгі зейнетақы мөлшеріне дейін көбейтілсе, 1933 жылы және одан ерте туған барлық зейнеткерлерге тылға және майданға қатысушы мәртебесін беру оңайлатылса, «Соғыс балалары» санаты белгіленсе дейміз. Сондай-ақ, соғысқа қатысушылар ком­муналдық төлемдерден босатылса, қайтыс бол­ған Ұлы Отан соғысына қатысу­шылардың әйелдері қаза тапқан жа­уынгерлер жесірлеріне теңестіріл­се, құба-құп болар еді. Ардагерлерді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудегі, қарт адамдарды емдеудегі, соғыс жылда­рын­дағы тыл еңбеккерлерінің қала­лық кө­лікте жүрудегі тіленіп тұрған жеңіл­діктер де бір төбе. Осылардың таяу болашақта шешімін табарына өз ба­сым сенімдімін. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Қорғанбек АМАНЖОЛ.