• RUB:
    5.49
  • USD:
    477.14
  • EUR:
    521.28
Басты сайтқа өту
20 Сәуір, 2011

Қарттарымыз қамқорлықтан кенде қалмасын

503 рет
көрсетілді

Қоғамымызда ардагерлердің құқын қорғап, тіршіліктегі өзекті мәселелерін шешуде әжептәуір рөл атқарып келе жатқан «Қазақстан Республикасы ардагерлер ұйымы» қо­ғамдық бірлестігі дейтін бірлестік бар. Ол – республи­ка­мыз­дың әрбір облысында, оған қоса Астана, Алматы қа­ла­ла­рын­да филиалдары жұмыс істейтін үлкен құрылым. Бүгін осы бірлестік ардагерлердің республикалық VІ съе­зін өт­кіз­бек. Ардагерлер үшін өте маңызды осынау жиынның қар­саңында қоғамдық бірлестіктің орталық ке­ңесінің төр­ағасы, генерал-полковник Қайырбек Сүлейменовке жо­лығып, бірқатар сұрақтар қойған болатынбыз. – Қайырбек Шошанұлы, алдымен өзіңіз төрағалық етіп отырған бірлестік ту­ра­лы, оның осы уақытқа дейін атқарған шаруалары туралы қысқаша баяндап өтсеңіз. – Ардагерлер ұйымы 1987 жылы өмірге келген. Оның алғашқы басшысы Ұлы Отан соғысына қатысқан, кезінде Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары қыз­метін атқарған Шәңгерей Жә­ні­беков ағамыз еді. Содан кейін Сағадат Нұрмағамбетов, Мақ­тай Сағдиев секілді қайраткер, ардагер ағалар бас­қарып, бірлестіктің гүлденуіне, қоғамда маңызды рөл атқаруына белсене ықпал етті. Оның ішінде, осы бірлестікті 18 жыл басқарған Мақтай ағаның ең­бегін бөліп атау керек. Өйткені, ол кісі еліміз тәуелсіздігін алған 1991 жылдан бастап 2009 жыл­дың қыркүйек айына дейін төрағалық етіп, тәуелсіздікті жаңадан алған алғашқы қиын жылдардың өзінде ардагерлердің өмірін жақсартуға, олардың үнін естіртуге, қоғамда белсенді бо­луына, үкіметтің оларға әрқашан да назар бөліп отыруына көп еңбек сіңірді. КСРО тараған алғашқы жыл­дарда дүкен­дердің сөрелері бос қалып, зейнетақы да, жалақы да кешіктірілетін сол тұсты әлі ешкім ұмыта қоймаған болар. Осы кезде, әсіресе, арда­герлердің еңсесін түсірмеу жағы мықтап ескерілді. Әрине, одан кейін ел экономикасы оңалғаны да өзімізге белгілі. Осы ширек ғасырда ардагерлер үшін талай жақсылықтар жасалды деуге болады. Оның ішінде олардың зейнетақысын көбейту, Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлерін пәтер­мен қамтамасыз ету, жалғыз­басты кісілерге материалдық қолдау көрсету мәселелері күн тәртібінен түскен емес. Мәсе­лен, өзім осы бірлестікке төр­ағалық еткен соңғы бір-екі жыл Ұлы Жеңістің 65 жылдық ме­рейтойына сәйкес келіп, ардагерлер үшін көп жақсылықтар жасалды. Тек Астана қаласының өзінде Ұлы Отан соғысына қа­тысқан 107 ардагерге Елбасы өз қолымен пәтер кілттерін табыс­тады. Жалпы, еліміздің әрбір ай­мағында да Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлердің пәтер мәселелері шешілген десек, қа­телеспейміз. Оған қоса жергілікті жерлерде, яғни облыстарда біздің ұсынысымыз бойынша филиалдарымыз белсенді түрде жұмыс атқарып жатыр. Соның нәтижесі болар, Қызылорда облысында жеті мың тыл ардагері коммуналдық төлемдер­ден босады. Ақтөбе облы­сында он мыңның үстіндегі тыл ардагеріне коммуналдық төлемнің елу пайызын төлей­тін жағдай жа­сал­ды. Бірнеше облыста осы ардагерлерге ай сайынғы зейнет­ақысының үс­тіне 3-4 мың теңге сыйақы қосылып отырады. Бұл да болса, зейнетақыдан басқа кірісі жоқ қарттар үшін әжептәуір көмек. Өткен жылы Қауіпсіздік Ке­ңесінің кезекті бір отырысында Елбасы «Ардагерлер үйін» ашу туралы мәселе көтерген бо­ла­тын. Көп кешікпей-ақ Қызыл­орда, Павлодар облыстары осы үйлерді ашты. Қостанай облы­сын­да бір ғимаратты жергілікті әкімдік «Ардагерлер үйін» жасау мақсатында жөндеуден өт­кізуде десем, бұл орайда басқа да облыстар қалыс қалмайтын болар деген ойдамын. Ал енді бұл үйдің мәнін айтайық. Кейбіреулер мүгедектер үйі мен қарттар үйін шатастырып жатады. Олай емес. Бұл үйде ешкім отбасымен не жалғыз өзі барып айлап, жыл­дап тұрып алмайды. Бұл – ардагерлер басқосып, ас-суын ішіп, дойбы, шахматын ойнап, аздап сырқаттанғанда инесін салдырып, жан рахатын табатын демалыс орны. «Ардагерлер үйін­де» жаңа айтқанымыздай, спорт залы, медпункт, күндізгі стационар, тынығуға арналған арнайы бөлмелер, ардагерлер кеңсесі жұмыс істейді. Астана қаласының әкімі де ардагерлер үшін осындай үй ашуға жуырда өткен жиналыста сөз бергенін құлағымыз шалды. Зейнеттегі кісілер үшін өзіне басшылықтың назар аударуы бір ғанибет қой. – Ардагерлер дегенде, ең алдымен Ұлы Отан соғысына қатысқан кісілер көз алды­мызға келеді. Сосын тылда еңбек еткен кісілерді де ардагер деп жатамыз. Жалпы, ардагерлер дегеніміз кімдер? Елі­мізде қанша ардагер бар? – Қоғамдық пікір солай қа­лып­тасқан соң соғыс ардагерлері, еңбек ардагерлері деген тұ­рақты тіркестер көп қолданыла­тыны рас. Ал, шынтуайтында зейнеттік демалысқа шыққан кісінің бәрі ардагер. Бұл тұрғы­дан алғанда, елімізде осы кезде 1 миллион 635 мың 342 ардагер бар. Оның ішінде 11 мың 445-і Ұлы Отан соғысына қатысқан­дар, 238,8 мыңы соғыс кезінде тылда еңбек еткендер, 4 мыңы концлагер тұтқындары, 3 мың­нан аса соғыста қаза болған­дардың жесірлері, 1672-сі тың игерушілер және еңбек ардагерлері болса, қалғандарының бәрі зейнет жасындағы ардагерлер. – Сонда әлгінде өзіңіз айт­қан «Ардагерлер үйіне» кез келген зейнетке шыққан кісі бара ала ма? – Әрине. Ол ешқандай жабық мекеме емес қой. Зейнетке шық­қан кісінің бәріне де жол ашық. – Соңғы жылдары Ұлы Отан соғысына қатысқан кісілер мен тылда еңбек еткен кі­сі­лердің мәртебесін теңестіру туралы мәселе көтеріліп, бас­па­сөз беттерінде көп жазы­лып еді. Содан не нәтиже шықты? – Иә, бұл өзі көп қозғалған мәселе. Бірақ әзірге нақты бір­деңе айту қиын. Рас, тылда ең­бек еткендердің ішінде де Ұлы Отан соғысына қатысушы­лар­мен мәртебесі теңестірілген белгілі бір категориялар бар. Бірақ, әзірге 238 мыңның үстіндегі ардагерді соғысқа қатысқан, «ең жасы» 85-86-дағы азшылыққа теңестіру мүмкін бола қой­майтын сыңайлы. – Байқап отырсам, сіздер­дің ұйым қоғамдық бірлестік деген атауымен-ақ бюджеттік мекемеге жатпайтыны белгілі. Осыншама филиалды қалай ұс­тап отырсыздар? Оның үсті­не көмек сұрап келетіндер бар дегендей... – Бюджеттік мекемеге жат­пай­тынымыз жарғымызда да тайға таңба басылғандай бекітілген. Сондықтан мемлекеттің ортақ қазанына көз сүзбей­ті­ні­міз белгілі. Бізге көмектесетін бірен-саран меценаттар бар. Кезінде ардагерлер қо­лымен са­лын­­ған өнер­кәсіп­тер­дің қазіргі бас­шылары көмек қо­лын созып бағуда. Міне, солардан түскен қаржылармен жан бағып отырмыз. Жергілікті филиалдарда да солай. Ал, көмек сұрап келетіндердің мә­се­ле­сіне келсек, олар­дың көпшілігін жергілікті филиалдар арқылы шешуге ты­ры­самыз. Жергілікті филиалдар комиссия арқылы көмек сұрау­шының жағдайын анықтап алып, тиісті жәрдем көрсетіп жатады. Мәселен 20-30 жылдан бері пәтері жөнделмеген қария­лар болса, жалғызілікті кісілер дәрі-дәрмек алатын ақша таппай жатса, филиалдар міндетті түрде көмектеседі. Бірақ олар миллиондап береді екен деген ой тумауы тиіс. Өйткені, өздері де тиын санап отырғандықтан, белгілі бір мөлшерде ғана көмек­теседі. Ал, біздің орталық кеңес үкіметтік, парламенттік деңгей­де шешілетін мәселелерге жәр­дем­деседі. Олардың мүддесін қор­ғауға ықпал жасайды. Жал­пы, біздің бірлестік тікелей қаржы беріп көмектесетін емес, ардагерлердің мәселелерін Үкі­мет­тің алдына қойып, соны мемлекеттік деңгейде шешуге мүд­делі ұйым. – Мемлекеттік деңгейде демекші, ардагерлердің VІ съе­зін­де Үкіметтің алдына қан­дай мәселелер қойылмақ? – Сәуірдің 20-сы күні Астана қалалық әкімдігінде өткізілетін бұл жиынға 14 облыстан, Астана, Алматы қалаларынан есеп беру конференциясында сайлан­ған делегаттар келеді. Съезд әр бес жылда өткізілетін болған­дық­тан, оның алдында облыс­тарда есеп беру конфе­рен­ция­лары ұйымдастырылып, бес жылда атқарылған жұмыстар, алға қойылған мақсаттар талқыланды. Өзім осы есеп беру конференцияларының бірнешеуіне қатыстым. Съезде де негізінен осы конференцияларда ай­тыл­ған ең көкейкесті мәселелер талқыланады. Бұл орайда Үкіметтің алдына қоямыз деп отырған мәселелердің ең негізгісі – қымбатшылық жайы бол­мақ. Еліміздің әр түкпіріндегі зейнеткерлер зейнетақысының өскеніне қуанып-ақ отыр. Бірақ, бағаның күрт өсіп кеткеніне наразы. Оларға ең бірінші кезекте ет, май, наннан гөрі дәрі-дәрмек маңызды боп тұр. Өзіңіз білесіз, дәріханаларда дәрінің бағасы аспандап кеткен. Бұл, алдымен дәрілердің тоқсан пай­ы­зы шеттен әкелінгеніне байла­нысты болса, екіншіден, осыны ауыздықтап отыруға Үкіметтің қауқары жетпей жатыр. Зейнет­керлердің пікірінше, Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл ардагерлеріне дәрі-дәрмекті тегін бергеннен мемлекеттің қазы­насы ортаймайды. Өйткені, бұл ардагерлер қазір онша көп емес, жастары да 80-нен асып кеткен. Бұл жерде тек дәрі-дәрмек қана емес, барлық нәрсенің қым­бат­тағаны мәселе ретінде көтеріл­мек. Одан кейінгі тағы бір мә­се­ле – тыл ардагерлерін түгелдей баспанамен қамту жағы. Рас, бізде Ұлы Отан соғысының ардагерлері түгелдей дерлік баспанамен қамтылған. Ал, тыл ардагерлерінде бұл мәселе түгелдей шешімін тапқан жоқ. Сондықтан съезде көтерілетін тағы бір мә­селе – баспана мәселесі болмақ. Облыстарда болғанымда, онда­ғы ардагерлер «Ардагерлер ту­ра­лы» заңның қашан қабыл­данатынын сұрап, оны съезде мәселе ретінде қарауды ұсынып еді. Жиында бұл да айтылатын болады. Съезде сонымен қатар, алдағы бесжылдықта қандай шаруалар атқарылатыны да тал­қыға салынады. Съезд жұмы­сына делегаттардан бөлек Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, Денсаулық сақтау министрі, Президент аппаратынан жауапты өкілдер қатысады деп күтілуде. – Қарт кісілердің көпші­лігінің белсенді болатынын білсек те, өткен Президент сайлауына олар қаншалықты атсалысты деген сұрақты қойғымыз келіп отыр. – Сайлауда ардагерлер ерекше белсенділік танытты. «Біздің Нұрсұлтан Әбішұлынан басқа кандидатымыз жоқ, соған сенеміз, дауысымызды да сол кісіге береміз» деп жұмылған жұды­рықтай болып, бірауыздан Елба­сын қолдады. Сайлау күні де таңертең ерте тұрып, сайлау учаскелерінің алдында солар жүрді. Сайлау комиссиясының құрамында да ардагерлер болды. Сосын мені таңырқатқан әрі қызықтырған бір жағдай – осы сайлауда жастар ерекше белсенділік танытты. Бұрынғы сайлауларда жастар түске дейін ұйықтап, түстен кейін сайлауға барғысы келсе барып, барғысы келмесе бармайтын. Бұл жолы олар елден бұрын келіп, дауыс беріп жатты. Соған қарағанда, қарты да, жасы да белсенді мемлекеттің болашағы жарқын болар деп болжағымыз келеді. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Айгүл СЕЙІЛОВА.