Мен өмір бойы ауыл шаруашылығында еңбек еттім. Сондықтан ауыл жағдайын жетік білемін. Мені жастар мен жасөспірімдер тәртібі қатты алаңдатады.
Өкінішке орай, бұл бағытта қолға алынып жатқан іс-шаралар әлі де жеткіліксіз. Сондықтан да, алдағы уақытта қажетті шаралар қабылданса нұр үстіне нұр. Иә, ардагерлердің міндетін, құқығын нақты айқындау керек. Олардың ықпалын күшейту, жастар тәртібіне араласу төңірегінде нақты іс-шаралар атқарылатын уақыт келді деп ойлаймын. Ауылдық округтерде билер сайлап, оның тәртіп бұзушыларға айыппұл салатындай қауқары болса, тіпті оң болар еді.
Мен көрші Қытай елімен шекаралас Марқакөл ауданында туып өстім. Біздің жас кезімізде шекара бойында тұратын азаматтар шекараны күзетуде қырағылық танытатын. Дәл қазір шекараның ондаған гектар жері бос қалуда. Айтайын дегенім, шекара бойында тұратын халыққа сол маңға көшіп баратын мүмкіндігінше жеңілдіктер берілсе, жан-жақты материалдық көмектер берілсе, қалың ел көш басын туған жерге бұрар еді. Міне, осы мәселелер жайлы республика ардагерлерінің VI съезінде айтсам деймін.
Сабырбек АҚТАНОВ, Социалистік Еңбек Ері.
Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы.