• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
20 Сәуір, 2011

«Адамға қанша жер керек?»

800 рет
көрсетілді

ОТАНДЫҚ КИНОТУЫНДЫСЫ «ӘДЕБИЕТ ЖӘНЕ КИНО» ФЕСТИВАЛІНЕН ЖҮЛДЕЛІ ОРАЛДЫ Орыс әдебиетінің классигі Лев Толс­тойдың осыдан 100 жыл бұрын жазып кеткен «Адамға қанша жер керек?» дейтін әңгімесінің желісімен түсірілген  қазақстандық режиссер Мірғалым Есіркеповтің толықметражды фильмі жуырда Санкт-Петербург қаласының маңындағы Гатчинода өткен халықаралық кинофестивальде  көрермендер назарын аударып қана қоймай, «Үздік дебют» аталымы бойынша бас жүлдені жеңіп алды. «Мірғалым Есіркеповтің Л. Толс­­­­тойдың осы аттас әңгімесінің желісі бойынша түсірген «Много ли человеку земли нужно» фильмі ең үздік және жарқын дебют болғаны сөзсіз. Ол басқа тілде көрсетілген жалғыз фильм бол­ғанына қарамастан, (фильм қазақ тілінде түсіріліп, орысша суб­титры фестиваль қарсаңында жа­с­а­лынып үлгерген) көрермендер залы оны қол соғып қарсы алды», – депті жүлдені тапсырарда қазылар алқасының мүшесі, РФ халық әртісі Алла Демидова. Бұл – М. Есіркеповтің шетелден алған алғашқы жүлдесі. Сонымен, фестивальге қатыс­қан 70-тен астам картинаның ішінен қазақ режис­серінің жұмысы жеңіске жетуінің сыры неде? – Бұл жұмыстың ұнағаны, Толстойдың   философиялық туын­дысы әлі де маңызын жойған жоқ. Өйткені, ондағы рухани идея – адамзат үшін мәңгілік құндылық болып қала бермек, Иә, адам қа­нағатты білу керек. Тойым­сыз­дық жақсылыққа әкелмейді. Осы­ны әркім көкейге түюі керек. Фильм­нің негізгі айтар ойы осы. Кар­тинаның жеңіске жетуінің сыры осында болар, – дейді фильм режиссері. Алайда, Лев Толстойдың   фи­ло­софиялық аңызын кино тілінде сөйлеткен, аталмыш фильмнің өз отанында премьера­сы әлі өте қойған жоқ. Есімі қазақстандық кинематографияда естіле бастаған Есіркепов кім десеңіз, ол – Виктор Пұсырмановтың шәкірті. Екінші курста оқып жүргенде-ақ «Қазақ­стан-Моңғолия» фильмінің түсі­рі­ліміне атсалысқан ол одан кейін де «Қазақфильм» киносту­дия­сында қосалқы режиссер ретінде бірқатар фильмнің түсірілуіне қатысыпты. Ал соңғы 10 жыл бойы телевизияда қызмет жасап көптеген деректі фильмдердің авторы болғаны өз алдына бір әңгіме. Бұл еңбектері де ескерусіз қалмай, «Алтын жұлдыз» жүл­десімен марапатталған екен. Айнаш ЕСАЛИ. Алматы.