Алматы билеп тұрды. Алатаудың баурайы әнмен тербелді. Домбырадан күй төгілді. Сән-салтанаты жарасқан түйелі көш Абай даңғылымен Орталық стадионға бет түзеді. Шаттық шашулары шашылды. Күллі еліміз бойынша. Қарт Қаратаудан көркем Көкшеге дейінгі, Алтайдан Атырауға дейінгі ұлан-байтақ даламызды, қаламызды Наурыздың нұры мен жыры әлдиледі. Ақ үйлердің ішінде ақ тілектер ақтарылды теңіздей. Ақ батаға алақандар жайылды. Ақ дастарқандарға берекенің белгісіндей, махаббатпен балқып піскен тәтті бауырсақтар топылдап төгіліп еді.
Содан бері де, қазақы ұғыммен қайырсақ, екі мүшелден артық уақыт зуылдап өте шығыпты. Сөйтіп, егемен жылдарда еркін тыныстаған Қазақ елі биыл Ұлыстың ұлы күнін өз төрінде, өз белінде ресми түрде жиырма бесінші рет қарсы алып отыр. Ордабұзар отыздың белесі алда. Қаншама қапаланған үзілістен кейін сүйек үзбей халқымызбен қайта табысқан Наурызымыз көк байрақты Тәуелсіздігімізбен бірге жасап, бірге мерейленіп, бірге шаттанып, елдігімізге, бүтіндігімізге, бірлігімізге қызмет етіп келе жатуының өзі бір ғанибет емес пе.
Айтты-айтпады, осынау жылдар ішінде шапағат Наурыз өз міндет-миссиясының шырқау биігінен табылды. Желтоқсанның шер-наласынан кейінгі көңілі жарым қазақты бір серпілдірді, жігер беріп желпіндірді, бойына ежелгі кеудесі биік ата-бабаларының алау намысынан жаралған шуақ пен қуат құйып рухтандырды. Өйткені, Наурыз қазақтың жаны, жанының күйі, жанының жапырағы еді. Аңқылдаған адал жүректі, ер көңілді дарқан қазақтың өзі еді Наурыз. Әз Наурыздың ізгілікті әзиз тілегі мәңгілікті аңсаған көкбайрақты мемлекетіміздің миятты мұратымен қытықсыз үйлесіп, бауырласа үндесті. Бүгінде Наурыз ата қазақтың жерін мекендеген он сан ұлттар мен ұлыстар бақытының басты тілекшісіне, ордалы Отандағы қордалы бақ-берекеміздің, татулық пен тыныштығымыздың Қыдыр шырақшысына айналды десек те, еш артық айтқандық емес. Наурыз Қазақстанның әр үйінде, әр отбасында, әр қазақтың ғана емес, әр қазақстандықтың да жан-жүрегінде бүрледі.
Әлбетте, Наурыз қазаққа ғана тән емес, жыл басы ретінде ол қаншама шығыс халықтарына, күллі түркі қауымына, өзбек пен қырғызға, тәжік пен түркіменге, татар мен башқұртқа, басқа да жамағат ағайынға ортақ мереке. Бірақ солардың ішінде, әсіресе, қазақтың Наурызы жанымызға жақын, жарқырап көрінеді. Наурыз нақ осы қазағымыздың жанынан жаралғандай, тамырын қуалаған қанынан нәр алғандай. Наурыз тойланғанда халқымыздың болмыс-бітімі, ажар-келбеті, дара қасиеттері, өнері, ән-жыры, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі, мінез-құлқы түгел көрініс тауып, «Қазақ осы!» дегендей қазақты танытуы да тамаша ұлағат. Өз қолымыз өз аузымызға жеткен бостан жылдарымызда Наурыздың халықаралық мерей-мәртебесі өрлеп көтерілді. Бұл шақта Ұлыстың ұлы күнінің Мәскеуде, Парижде, Венада, Лондонда, Мадридте, Атлант мұхитының ар жағындағы алпауыт елдерде тойланып жатуы тап қазір таңғаларлық жағдай емес. Наурызымыздың бұлайша дүйім дүниеге таныла бастауы да Тәуелсіздігіміздің арқасы екендігіне шүкір, тәубе дейміз.
Алтын күректің желі ескектетіп соққан, Самарқанның көк тасы жібіген, күн мен түн теңелген, «ойдағы ел қырдағы елмен араласып… қой қоздап, қорада шу» көтерген құт Наурызымыз айналып оралды тағы да. Осы Наурызды кемеңгер ақынымыз Мағжан өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарында «Қазақтың жаңа жылы» деп айдарлап, оның шаруашылық маңызына, діни мейрам еместігіне, тұрмыс мейрамы, шаруашылық мейрамы екендігіне баса мән берген екен. «Бұл мейрамды дұрыстап өткізу керек. Бұл мейрамды тұрмыспен, ғылыммен байланыстырып, қоғамға пайдалы іс жасайтын… мейрам ету керек», деп өсиет қалдырыпты. Біздің Наурызды тойлауымыз осы Мағжан айтқан үдеден шығып та жатыр. Ұлыстың оң болуын, ақ пен төлдің мол болуын, ырыстың ортаймауын тілейтін тілек осыны аңғартады. Екіншіден, бүгінгі қоғамға ең пайдалысы, бүгінгі замандағы Наурыз тойларымыздың ең басты тілегі – ешқашан өлмейтін, көнермейтін рухани тазаруды мұрат тұтқан, ізгілік пен адамгершілікті, мейірім-махаббат пен бауырмалдықты жалау еткен тілек екендігі де бір ғажап. Иә, қазақтың жаңа жылы жақсылыққа жақ, тілегі пен ниеті әрқашан ақ.
Наурыз нақыштары жыл өткен сайын бедерленуде, мазмұны байи түсуде. Десе де, ұлттық жыл басымызды жаңартып түрлендіру, тағылым-ғибраттарын толықтырып, мағынасын молықтыра беру, мәртебесін асыру – елдігімізге сын. Олай болса, ел Парламенті «Наурыз туралы» заң жобасын ойластырса, құба-құп болар еді. Әманда, Наурыз жырымен шалқиық, Наурыз нұрымен балқиық. Ұлысым болсын бақтылы, Ырыздық тұнғай ақтылы, Патшамыз тұрғай тақтылы. Шапағат Наурыз шалқытқан Алаштың асқай шаттығы!..
Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан»