• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
18 Наурыз, 2017

Үйлесімін тапқан ұтылмайды

231 рет
көрсетілді

Қазіргі жаһандық өркениет өзінің құндылықтарын қайта қарау үстінде. Бұл үдеріс біршама күрделі сипатта өтуде. Заманауи тарихи кезеңде кез келген тұрақты дамуды өзіне саяси бағдар еткен ел үшін мәселенің барлық қырларын ескеру маңызды. Жалпы, құндылықтар дағдарысы дәуірінде сыртқы және ішкі саясатты үйлесімді жағдайда ұстауға ұмтылған ұтылмайды.

Қазақстан да өзінің тәуелсіздігіне қол жеткізген тарихи кезеңнен бері өзінің сыртқы және ішкі саясатына қатысты мәселелердің түбегейлі тұстарын нақты зерделеулерден өткізіп, жүйелі түрде өрбітуде. БҰҰ-ның барлық жиындарында айтылып жүрген заманауи үрдістерге қатысты мемлекетіміздің нақты көзқарасы қалыптасқан. Еліміз демократия мен гуманизм қағидаларын, жалпыадамзаттық құндылықтар мен тарихи сананы насихаттау бойынша танымал бола түсуде.

Қазіргі кезеңде Қазақстан әлем жұртшылығы мен халықаралық беделді ұйымдар мойындайтын мемлекетке айналды. Тіптен, кейбір саяси қақтығыстардың шешімдерін іздеуде еларалық мәмілеге келтіруші, бітімге шақырушы қызметті де атқара бастады. Мәселен, Қазақстан Сирия мен Украинадағы оқиғаларға бей-жай қараған жоқ. Қазақстандық дипломатия мәселені күшпен емес, саяси тәсілдермен, өзара келісімдермен шешуге шақырып келеді.

Мемлекетіміздің ядролық қарудан бас тарта отырып, күрделі саяси және әскери қайшылықтарды шешу барысында үнемі бейбітшіл, эмпатиялық (субъектілердің өзара түсіністігі) сая­сатты ұстануға тырысуы да Қазақ­стан халқының әрбір азаматының тұлға­лық мүддесіне толық сәйкес келеді және оның болашағына игілікті әсер етеді, нәтижесінде әлемдік кеңістіктегі еліміздің беделі биіктей түсетіні анық.

Стратегиялық жағынан алғанда мемлекетаралық қатынастарда агрес­сияны ауыздықтау қадамына басымдық беру бүкіл адамзат үшін маңызды. Өкінішке қарай, Солтүстік Корея сияқты елдер өздерінің әскери қаруларын сынақтан өткізуін тоқтатпай отыр. Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатын БҰҰ-ның құрамындағы бар­лық елдер 1991 жылдан бері толық мойын­дағандығын ескерсек, онда еліміз қазіргі заманда толыққанды «Тәуелсіз Қазақстан Республикасы» деген атына сай кейіпте танылуы заңды дүние.

Қазіргі кезеңде ішкі саясатымызда экономиканы технологиялық жаңғырту мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Осы бағыттағы қарышты қадамдарды жасау үшін шет ел инвесторларының келуі де маңызды. АҚШ және Еуроодақ елдерімен қатар, ислам діні тараған мемлекеттерге, қазіргі тарихи кезеңде пәрменді дамып келе жатқан Қытай, Оңтүстік Корея және Жапония сияқты Шығыстағы елдердің әлеуетіне назар аударуға тиістіміз, көршілес елдермен барынша көпсалалы ынтымақтастық орнатып, жаңғыртудың жаңа кезеңін пәрменді жүзеге асыра аламыз.

Ешқандай халық өзінің ұлттық тілі мен ділін, мәдениеті мен құндылықтарын құрбандыққа шалып немесе ұмытып, мәдени-әлеуметтік дамуда жетістіктерге жетпейтіні анық. Сондықтан қоғамдағы адам факторына, руханияттың дамуына маңыз беру арқылы ғана нақты әлеуметтік прогреске қол жеткізе аламыз. Осындай құндылықтық парадигма жаңа тарихи кезең ұсынған және адамзат алдына қойылатын заманауи өркениеттік талап­тардың бірі және бірегейі.

Экономика саласында бәсекелестікке қабілетті әрі рухани қуатты бола түсуіміз үшін өзіміздің төл мәдениетіміздің құндылықтарымен қатар, өркендеген мәдениеттердің әлеуетінен үнемі сусын­дап отыруымыз керек. Ол туралы кезін­де данышпан Абай да өзінің «Қара сөз­дерінде» жақсы айтып өткен болатын. Ал енді қазіргі заманда техникалық және технологиялық дамудың екпіні әрі қарай өрби беретіні анық, оны тоқтату мүмкін емес. Қоғамдық дамудың заманауи қисыны да соған келіп тұр.

Кез келген даму жолындағы қоғамның ішкі әлеміндегі қайшылықтар қайдан пайда болуы мүмкін? Қоғамға да, адамға да ең негізгі қауіп рухани құлдыраудан туындап, рухани-адамгершілік тәрбиенің төмендеуімен астасып жатады.

Өзінің руханиятын үнемі түгендеп отырмаған, игеріп, дамытпаған қоғамдастық әдетте басқа мәдениеттердің солғын көшірмесін, суррогатты түрін өзіне үлгі етеді. Осы орайда, халқымыз нағыз төлтумалық, отансүйгіштік негіздерден ажырап қалмау үшін «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясының гуманистік ұстанымдарын айқындап, ғылыми пайымдап, жұртшылық арасында барынша насихаттай түсуіміз керек. Рухани күштердің жасампаздығын үнемі жадымызда ұстап, ұмытпағанымыз абзал. Ақпараттар ағыны заманында материалдық және рухани қуатымыз бірте-бірте артқан сайын, мемлекетіміздің сыртқы және ішкі саясатының үйлесімділігі де тереңдей түсетіні күмәнсіз.

Зарема ШӘУКЕНОВА, Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры, ҰҒА корреспондент-мүшесі