• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
16 Наурыз, 2017

Тарихты тұлғалар жасайды десек те…

606 рет
көрсетілді

Қазақта «Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» дейтін екіншісіне қатысты ма­ғынасы сүйкімсіздеу тәмсіл бар. Ко­рея Халық-Демократиялық Рес­пуб­­ликасын (КХДР) қазіргі ха­лық­ара­­лық жағдайда қыңырға теңемеске ла­­жың жоқ. Өйткені, бұл елдің бүгінгі таң­­дағы сыртқы саясаты тек өңірге ға­­на емес, бүкіл халықаралық қо­ғам­дас­­тыққа ай­тар­лықтай қауіп төндіріп отыр.

Жақында КХДР төрт баллисти­калық зымыран ұшырды. Олардың үшеуі шамамен үш мың шақырымдай ұшып өтіп, Жапония жағалауларына жақын барып құлаған. Солтүстік Корея басшылығы алыс қашықтыққа ұшатын зымырандарын, БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесінің тыйым салған қарарына қарамастан, соңғы бір ай ішінде екінші мәрте сынақтан өт­кі­зіп отыр. Енді бұл жайсыз жайт онсыз да томаға-тұйық тіршілік кешіп, өз қа­за­нында өзі қайнап жатқан осынау бір өте кедей елге БҰҰ тарапынан санкция­ны кезекті рет қатаңдатуға алып келуі ық­ти­мал. Ал елдің аш-жалаңаш отыруына, бі­рін­ші кезекте, «аттыға ілесемін деп жаяу­дың таңы айырылыпты» дегендей, қа­рулануға көп қаржы шығындауы себеп екені айтпаса да түсінікті болса ке­рек.

Жалпы, былтыр Солтүстік Корея яд­­ро­­лық қарулары мен баллистикалық зы­мырандарын сынақтан өткізуді же­дел­­дете жүргізген еді. Сөйтіп, бір жыл ішінде 25 зымыран ұшырып, екі ядро­лық сынақ жасаған-тын. Ал соңғы ұшы­рылымға АҚШ пен оның одақ­тастары жедел үн қатуға мәжбүр болды. Өйткені, алыс қашықтыққа ұшуға қа­­білетті құр­лы­қаралық баллистикалық зы­­мыран Жапонияны былай қойғанда, алыс­­тағы Америкаға да қауіп төндіруі әб­­ден мүмкін. КХДР-дің көксегені де осы екені күмәнсіз.

Мәселен, АҚШ қарулы күштері ст­ра­­тегиялық командованиесінің өкілі, под­­­полковник Мартин О’Доннел аме­ри­­­­калық әскерилер Солтүстік Корея та­­­­ра­­пынан жасалатын ықтимал аран­да­ту­­шылыққа әркез дайын екенін, қашан да қырағылық танытатынын айта келіп, қау­іпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында өз­дерінің одақтастары – Корея Рес­пуб­ли­­касымен (Оңтүстік Корея) және Жа­по­­ниямен тығыз ынтымақтасу ниет­те­рі бар екенін мәлімдеді. Бұл арада Оң­түс­тік Корея мен Жапония жағының да сәй­­­кесінше мәлімдемелер жасағанын, олар­­дың өкілдері дауыстарының да қат­қыл­­дау шыққанын тәптіштеп айтып жа­ту артықтау болар.

Кез келген әрекет қарсы әрекет ту­ғы­затыны белгілі. КХДР-дің құр­лы­қ­а­ра­лық баллистикалық зымырандарын сы­нақтан өткізуіне жауап ретінде АҚШ Оң­түстік Корея аумағында ауаның жо­ға­­ры қабатында, яғни аса биікте ұшатын зы­­мырандарды атып түсіре алатын зы­мы­ранға қарсы кешен орналастыру ниеті бар екенін айқын аңғартты. Ал бұл жайт өз кезегінде Бейжіңнің айтарлықтай на­­­разылығын туғызды. Бейжіңнің пі­кі­­­рі­нше, аса биіктегі зымырандарды анық­­­тауға мүмкіндік беретін заманауи ке­­­шен Қытай қауіпсіздігі үшін үлкен қа­­тер болып табылады. Осылайша, екі алып елдің мүдделер тоғысы аталған мә­­­се­леге келгенде екіге жарылып отыр. Шын мәнінде, қай ел көршісінің ау­ма­ғын­­да заманауи әскери кешен ор­на­лас­ты­­рыл­ғанын қалайды дейсіз?!

Осы арада Пхеньянның іс-әрекетін Жапония жағының қалай қабылдағаны туралы да қысқаша айта кетейік. Себебі, жо­ғарыда назар аударғанымыздай, зы­мы­рандар Жапон теңізіне құлаған бо­ла­­т­ын. Жапония үкіметінің басшысы Синдзо Абэні тыңдап көрелік: «Бұл БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарын өрескел бұ­зу болып табылады. Қарарда КХДР-ге ядролық қару мен баллистикалық зы­мыран жасап шығаруға қатаң тыйым са­лынған. Зымырандар Жапонияның Акита префектурасына жататын Ога бұғазынан бар-жоғы 300-350 шақырым жерге құлады. Бұл еліміз үшін үлкен қауіп бар екенін білдіреді. Ал соңғы ұшы­рылымдар Солтүстік Кореяның зы­мыран жасау саласында жаңа сатыға кө­терілгенін айғақтайды», дейді С.Абэ. Тарихты тұлғалар жасайды. Жақсы­сын да, жаманын да. Жақсысын, әрине, алыс­ты болжайтын көреген де дана көш­басшылар жасайды. Жаманы, әл­бет­те, таяз ойлайтын, тұмсығының ас­тын­дағыдан әріні көре алмайтын ұр­да-жық «көсемдердің» қолымен жа­са­­лады. Сон­дықтан, Ким Чен Ынды дәл қа­зіргі жағ­дай­да елін ұшпаққа шы­ға­ра­тын кө­реген көш­басшы деп айтуға кел­мей­ті­ні анық.

Елді биліктің әкеден балаға берілуі ар­қылы бір әулеттің ұзақ жыл басқаруы аса жақсылыққа апармайтынының мыса­лын көршіміз Ресейден келтіруге де бо­латындай. Жақында ресейлік «Рен» те­ле­арнасынан (В.Прокопенконың автор­лық бағдарламаларының бірінде) Ни­ко­лай ІІ патшаға орташа деңгейлі ғана қа­білеті бар, қарымы әрі кетсе батальон бас­қаруға ғана жететіндей деген тұрғыда си­­паттама берілді. Бағдарламада, тіп­ті, оның орнында патша тағында лай­ық­ты адам отырғанда 1905 жылғы «қан­ды жексенбіні» былай қойғанда (кім­нің оқ атуға бұйрық бергені әлі күнге бе­л­­гі­сіз көрінеді), сол жылғы ақпан төң­керісі мен қазан төңкерісі де болмайтын еді де­ген уәж көлденең тартылды… Иә, тарих адамдар қолымен жасалады.

Самат МҰСА,

«Егемен Қазақстан»