Жақында КХДР төрт баллистикалық зымыран ұшырды. Олардың үшеуі шамамен үш мың шақырымдай ұшып өтіп, Жапония жағалауларына жақын барып құлаған. Солтүстік Корея басшылығы алыс қашықтыққа ұшатын зымырандарын, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тыйым салған қарарына қарамастан, соңғы бір ай ішінде екінші мәрте сынақтан өткізіп отыр. Енді бұл жайсыз жайт онсыз да томаға-тұйық тіршілік кешіп, өз қазанында өзі қайнап жатқан осынау бір өте кедей елге БҰҰ тарапынан санкцияны кезекті рет қатаңдатуға алып келуі ықтимал. Ал елдің аш-жалаңаш отыруына, бірінші кезекте, «аттыға ілесемін деп жаяудың таңы айырылыпты» дегендей, қарулануға көп қаржы шығындауы себеп екені айтпаса да түсінікті болса керек.
Жалпы, былтыр Солтүстік Корея ядролық қарулары мен баллистикалық зымырандарын сынақтан өткізуді жеделдете жүргізген еді. Сөйтіп, бір жыл ішінде 25 зымыран ұшырып, екі ядролық сынақ жасаған-тын. Ал соңғы ұшырылымға АҚШ пен оның одақтастары жедел үн қатуға мәжбүр болды. Өйткені, алыс қашықтыққа ұшуға қабілетті құрлықаралық баллистикалық зымыран Жапонияны былай қойғанда, алыстағы Америкаға да қауіп төндіруі әбден мүмкін. КХДР-дің көксегені де осы екені күмәнсіз.
Мәселен, АҚШ қарулы күштері стратегиялық командованиесінің өкілі, подполковник Мартин О’Доннел америкалық әскерилер Солтүстік Корея тарапынан жасалатын ықтимал арандатушылыққа әркез дайын екенін, қашан да қырағылық танытатынын айта келіп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында өздерінің одақтастары – Корея Республикасымен (Оңтүстік Корея) және Жапониямен тығыз ынтымақтасу ниеттері бар екенін мәлімдеді. Бұл арада Оңтүстік Корея мен Жапония жағының да сәйкесінше мәлімдемелер жасағанын, олардың өкілдері дауыстарының да қатқылдау шыққанын тәптіштеп айтып жату артықтау болар.
Кез келген әрекет қарсы әрекет туғызатыны белгілі. КХДР-дің құрлықаралық баллистикалық зымырандарын сынақтан өткізуіне жауап ретінде АҚШ Оңтүстік Корея аумағында ауаның жоғары қабатында, яғни аса биікте ұшатын зымырандарды атып түсіре алатын зымыранға қарсы кешен орналастыру ниеті бар екенін айқын аңғартты. Ал бұл жайт өз кезегінде Бейжіңнің айтарлықтай наразылығын туғызды. Бейжіңнің пікірінше, аса биіктегі зымырандарды анықтауға мүмкіндік беретін заманауи кешен Қытай қауіпсіздігі үшін үлкен қатер болып табылады. Осылайша, екі алып елдің мүдделер тоғысы аталған мәселеге келгенде екіге жарылып отыр. Шын мәнінде, қай ел көршісінің аумағында заманауи әскери кешен орналастырылғанын қалайды дейсіз?!
Осы арада Пхеньянның іс-әрекетін Жапония жағының қалай қабылдағаны туралы да қысқаша айта кетейік. Себебі, жоғарыда назар аударғанымыздай, зымырандар Жапон теңізіне құлаған болатын. Жапония үкіметінің басшысы Синдзо Абэні тыңдап көрелік: «Бұл БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарын өрескел бұзу болып табылады. Қарарда КХДР-ге ядролық қару мен баллистикалық зымыран жасап шығаруға қатаң тыйым салынған. Зымырандар Жапонияның Акита префектурасына жататын Ога бұғазынан бар-жоғы 300-350 шақырым жерге құлады. Бұл еліміз үшін үлкен қауіп бар екенін білдіреді. Ал соңғы ұшырылымдар Солтүстік Кореяның зымыран жасау саласында жаңа сатыға көтерілгенін айғақтайды», дейді С.Абэ. Тарихты тұлғалар жасайды. Жақсысын да, жаманын да. Жақсысын, әрине, алысты болжайтын көреген де дана көшбасшылар жасайды. Жаманы, әлбетте, таяз ойлайтын, тұмсығының астындағыдан әріні көре алмайтын ұрда-жық «көсемдердің» қолымен жасалады. Сондықтан, Ким Чен Ынды дәл қазіргі жағдайда елін ұшпаққа шығаратын көреген көшбасшы деп айтуға келмейтіні анық.
Елді биліктің әкеден балаға берілуі арқылы бір әулеттің ұзақ жыл басқаруы аса жақсылыққа апармайтынының мысалын көршіміз Ресейден келтіруге де болатындай. Жақында ресейлік «Рен» телеарнасынан (В.Прокопенконың авторлық бағдарламаларының бірінде) Николай ІІ патшаға орташа деңгейлі ғана қабілеті бар, қарымы әрі кетсе батальон басқаруға ғана жететіндей деген тұрғыда сипаттама берілді. Бағдарламада, тіпті, оның орнында патша тағында лайықты адам отырғанда 1905 жылғы «қанды жексенбіні» былай қойғанда (кімнің оқ атуға бұйрық бергені әлі күнге белгісіз көрінеді), сол жылғы ақпан төңкерісі мен қазан төңкерісі де болмайтын еді деген уәж көлденең тартылды… Иә, тарих адамдар қолымен жасалады.
Самат МҰСА,
«Егемен Қазақстан»