Соңғы болып ақтық сынға Абылайхан Жүсіпов (69 кило), Әбілхан Аманқұл (75 кило) және Қамшыбек Қоңқабаев (+91 кило) жолдама алды.
Осыған дейін «кіші әлем чемпионаты» саналатын турнирге Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Василий Левит (91 кило) пен Азамат Исақұлов (52 кило) шыққан болатын.
Өкінішке қарай, жартылай финалда сынға түскен Ержан Жомарт (49 кило) эквадорлық Карлос Купоға 1:4 есебімен, Қайрат Ералиев америкалық Дюк Раганға 0:5 есебімен, Әділет Құрметов (60 кило) америкалық Деланте Джонсонға 1:4 есебімен есе жіберді. Сонымен қатар, тағы бір боксшымыз Әділбек Ниязымбетов (81 кило) жарыс жолына шықпауына байланысты финалға оның қарсыласы украиналық Максим Коц шықты.
«Әділбек Ниязымбетов ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитеттің 25 жылдығына арналған іс-шараға байланысты шұғыл түрде Астанаға келуіне тура келді. Осы себепті жартылай финалда Максим Коцпен жұдырықтаса алмады», – деді Қазақстан бокс федерациясының қызметкері Галина Тополева.
Жартылай финалдағы жекпе-жектердің нәтижесі:
69 кило
Абылайхан Жүсіпов – Дамьян Кивьер (Польша) 5:0
75 кило
Әбілхан Аманқұл – Сильвио Ширле (Германия) 5:0
+91 кило
Қамшыбек Қоңқабаев – Макс Келлер (Германия) 5:0
Айта кетейік, финалдық кездесулер бүгін, яғни 17 наурыз күні өтеді. Жерлестеріміздің қарсыластары төмендегідей:
Азамат Исақұлов – Овик Оганесян (Ресей)
Абылайхан Жүсіпов – Абасс Барау (Германия)
Әбілхан Аманқұл – Макс ван дер Пас (Нидерланд)
Василий Левит – Владимир Узунян (Ресей)
Қамшыбек Қоңқабаев – Андрей Городецкий (Украина).