Ел бірлігі, жұрт тірлігі дегенде арды алға салып, бақ пен тақ кетсе де, намысты қорламайтын, ұлт ұраны, ұрпақ тұрағы, әр нәрсенің бар сұрағы деп, обал мен сауапты әркез биік қоятын қазақстандық ардагерлер елордада өздерінің кезекті VІ съезін өткізді.
Съезд делегаттарына арнаған Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев оқып берді. Онда Елбасы: «Қымбатты соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлері! Сіздерді ардагерлер ұйымының VІ съезінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Ел басына күн туған қиын-қыстау жылдарда сіздер Отан үшін жан аямай соғысып, ерен еңбек еттіңіздер. Тәуелсіз Қазақстан жетістіктері сол еңбектеріңіздің жемісі! Біз оны жақсы білеміз және бағалаймыз. Тәуелсіздігіміздің 20 жылы бойында аға буынның әл-ауқатын арттыру мен оларға әлеуметтік қолдау көрсету ісі мемлекетіміздің басым бағыты болып келеді. Болашақта да біз бұл жұмысты жалғастыратын боламыз. Әрбір ардагер қамқорлық пен ыстық ықыласқа бөленуі тиіс. Сіздер әрдайым еліміздің қоғамдық-саяси өміріне етене араласып келесіздер. Мүмкіндікті пайдаланып, сіздерге өткен сайлауда маған қолдау көрсеткендеріңіз үшін шексіз ризашылығымды білдіремін. Бұл – біздің туған еліміздің өркендеуі мен халқымыздың бақыты жолындағы ортақ жеңісіміз! Сіздердің бай тәжірибелеріңіз бен ақыл-парасаттарыңыз, ұлағатты өмірлік ұстанымдарыңыз аса бағалы мұра саналады, оны өскелең ұрпаққа аманаттау өте маңызды. Бұл орайда мен сіздерге үлкен сенім артамын. Отанымыз – Қазақстан Республикасының игілігі үшін жасампаз еңбегімізді бірге жалғастыратынымызға мен кәміл сенемін! Съезге қатысушылардың баршасына сәттілік, зор денсаулық және ұзақ өмір тілеймін!», деп ерекше ілтипат танытыпты.
Мәртебелі меймандар алдында Ардагерлер орталық кеңесінің төрағасы Қайырбек Сүлейменов есепті баяндама жасап, 5 жыл ішінде атқарылған жұмыстар мен алда тұрған міндеттер туралы айтты. Ол зейнеткерлер мен ардагерлер Президенттің ең белсенді де сенімді электораты болып табылатынын, олар әрдайым Отанымыздағы тұрақтылыққа тұтқа болып жүргенін, мемлекетіміздің ішкі, сыртқы саясатын бірауыздан қолдайтынын жеткізді. Үкіметпен және жергілікті атқарушы органдармен бірлікте жұмыс істеп отырғанын, ардагерлердің зейнетақысы жыл сайын өсіп келе жатқанын тілге тиек етіп, өткен жылы биік дәрежеде аталып өткен жеңістің 65 жылдығын тойлауға мемлекеттік бюджеттен 12 миллиард теңге қарастырылып, майдангерлердің бір шоғыры пәтер алғанын, 3 мыңға жуық азаматтың үйлері күрделі жөндеуден өткенін жеткізді. Сол секілді ардагерлер кеңесінің бастамасымен коммуналдық қызметтердің төмендегенін, оның ішінде Ақтөбе облысында тыл еңбеккерлеріне 50 пайыз жеңілдік жасалып отырғанын, мұндай игі іс Оңтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарында да бар екенін нақты мысалдармен дәйектеді.
Әсіресе, ардагерлердің жастар тәрбиесіне ерекше мән беріп, ұлттық үлгіні баянды ету жолындағы еңбектеріне тоқталды. Кешегі кеңес дәуіріндегі комсомол, пионер ұйымдары жұмысын тоқтатқаннан кейінгі бос кеңістік кезінде жіберіп алған олқылықтардың орнын толтыру жолында атқарылған жұмыстарға мысал келтіре отырып, әлі де болса жастар тәрбиесіне ардагерлердің жете мән беруі қажеттігін атап өтті. Мұнымен қатар, тыл еңбеккерлеріне төленетін жәрдемақы соғыс ардагерлерінен жеті есе аз екенін, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында зейнеткерлерге тағайындалған ақының мардымсыз болып шыққанын, соғыстың алдында, майдандасып жатқан тұста өмірге келген «соғыс балаларына» жеңілдік жасау жағы да назардан тыс қалмауы керек екенін көлденең тартты. Төраға Қызылорда облысындағы оң өзгерістерден дерек келтіріп, Шымкентте ардагерлерге арнайы такси қызмет көрсететінін айтты.
Съезде Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова ардагерлерге көрсетіліп отырған қамқорлықтарға тоқталып, соғысқа қатысқандарға дәрі тегін берілетінін, жалпы, емделушілердің құқығы қорғалатынын, мұны әр азамат талап етуіне болатынын айтса, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі комитет төрағасының орынбасары Г.Тоқсейітова зейнетақының өсу қарқынына, әлеуметтік қамқорлықтардың көрсетіліп жатқанына, зейнеткерлердің демалысын ұйымдастыру жұмысы жүйелі жолға қойылғанына, Жеңістің 66 жылдығына қызу әзірліктің басталғанына нақты дәйектер келтірді.
Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухаманов: «Облысымызда 52 мыңдай ардагер болса, олар 670 бастауыш ұйымда есепте тұрады. Облыста бірде-бір саяси, экономикалық, әлеуметтік, ірілі-ұсақты шаралар ардагерлердің белсенді қатысуынсыз өтпейді. Соңғы жылдары 1600 ардагердің шипажайларда демалуына мүмкіндік жасалды. 47 азаматымыз үй алса, Отан соғысы кезінде 6 айдан кем емес жұмыс істеген 6 мың еңбек ардагері коммуналдық төлемдерден босатылды. Өткен жылы елімізде бірінші болып зейнеткерлер мен мүгедектерге қызмет көрсететін әлеуметтік орталық ашылды. Онда ардагерлерімізге барлық жағдай жасалған», деді. Ол 90-шы жылдардың ішінде сәтсіз тағайындалған министрдің кінәсінен 1 миллион 700 мың зейнеткердің еңбегі ескерілмей, заңсыз, әділетсіз, ретсіз, жүйесіз, жөнсіз, ешкімге де түсініксіз, ақылға қонбайтын зейнетақы тағайындалғанын айтып, соны қайта қарау қажеттігін ұсынды.
Павлодар облысы, Качир ауданы ардагерлер кеңесінің төрайымы Лидия Балютина ауыл жастарын отаншылдық рухта тәрбиелеу мәселесін алға тартып, ардагерлер туралы заңның созылып кеткенін 1991-1997 жылдары зейнетақы тағайындау кезіндегі кеткен олқылықтардан әлі де еңбек өтіліне сай зейнетақы ала алмай жүрген қарттардың бар екенін еске салып, тылда еңбек еткен азаматтарға көңіл аудару қажеттігін атап өтті.
Алматы қаласы, Жетісу ауданының әкімі Ербол Әлімқұлов аудан көлемінде ардагерлерге көрсетіліп жатқан ізет-ілтипатты нақты мысалдармен алға тартса, «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Нұрлан Өтешов жастар мен ардагерлер арасындағы байланысты тілге тиек етсе, Петропавл қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Григорий Кухарь да алда сөйлеген әріптесінің сөзіне қолдау көрсетіп, еңбек өтіліне қарай зейнетақы төлеу мәселесін қозғады.
Ал Қостанай қаласынан келген кәсіпкер, ардагерлерге арналған «Ата» атты қоғамдық қордың төрағасы Марат Қабдысалықов өзінің ардагерлерге жасап отырған оңды істері туралы баяндады. Ол шағын дәмхана ашқанда оған екі ардагер өздерінің ақыл-кеңестерін беріпті. Кейін әл-ауқаты артқан тұста «Ардагер» клубын ұйымдастырып, 2003 жылы «Ата» қоғамдық қорын құрыпты. Ондағы мақсат біздің бүгінгі тыныс-тіршілігіміздің бастауында тұрған аға ұрпақтың өмірін зейнетке шыққанда жақсы ұйымдастырып, материалдық, моральдық тұрғыда жағдай жасау екен.
Ардагерлер құрылтайында делегаттар негізінен елдік мәселені бірінші кезекке шығарды. Бүгінгі еліміздегі жарасымды өмір салтын алдағы уақытта да баянды етіп, жас ұрпақтың санасына сіңіріп, ойына ұялату қажеттігі, бұған әр азамат өз үлесін қосуы керектігі атап көрсетілді. Алуан түрлі сұрақтарға Орталық кеңес төрағасы Қайырбек Сүлейменов тиянақты жауап қайтарды. Заң туралы байламын тарата айтып, мәселе заңда емес, Елбасының қолдауымен жасалып жатқан қамқорлықта екенін жеткізді.
Құрылтай соңында ардагерлер кеңесінің жаңа құрамы, есеп комиссиясы бекітіліп, төрағалыққа Қайырбек Сүлейменов қайта сайланды.
Сүлеймен МӘМЕТ.
------------------------------------
Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ