• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қазақстан 17 Наурыз, 2017

Шанаққала шайқасының 102 жылдығына орай фотокөрме өтті

380 рет
көрсетілді

Астанада Бірінші дүниежүзілік соғыстағы қырғын ұрыстардың бірі Шанаққала шайқасының (Дарданелл операциясы) 102 жылдығына орай фотокөрме өтті.

Көрмені ұйымдастырушы — Қазақстан Республикасындағы Түркия Республикасының Елшілігі және елордадағы «Жүніс Әміре» түрік мәдениеті орталығы.

Шарада сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов Шанаққала шайқасының тарихи орны ерекше екенін айтты.

«Әр елдің тарихындағы азаттық үшін күресте ерекше маңызды шайқастар болған. Қазақ тарихында Аңырақай шайқасының орны қандай болса, түрік жұрты үшін Шанаққала шайқасының орны соншалық маңызды. Бұл шайқас бірінші дүниежүзілік соғыстың бағытын өзгертті. Осыдан тура екі жыл бұрын, 16 наурызда Түркия Президенті Реджеп Тайып Ердоғанның Қазақстанға сапары басталды. Сол кезде «Егемен Қазақстан» газетінде Шанаққала шайқасы туралы үлкен мақала жарияланды. Реджеп Тайып Ердоғанның «Шанаққала өз алдына үлкен эпос» деген сөзі бар. Шынымен де, бұл шайқаста түрік жұрты үлкен ерлік көрсете білді» деді депутат.

Өз кезегінде Түркия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Невзат Уянык  бүгінгі шараның екі ел арасындағы дипломатиялық байланыстың 25 жылдығына орай ұйымдастырылғанын айта келе, екі ел арасындағы байланыстың одан әрі жаңа деңгейге көтеріле беруіне тілектестігін білдірді.

«Шанаққала шайқасынан түріктердің ұлт-азаттық соғысы бастау алды. Ол жеңістің арқасында түрік жұрты өзінің тәуелсіздігін сақтай отырып, Мұстафа Кемал Ататүріктің басшылығымен әлем тарихында өзіндік рөлін бекітті», — деді Елші.

Соңғы жаңалықтар