Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиеевтің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында ұйымдастырылған шарада екі ел кәсіпкерлерінің қатысуымен B2B форматында келіссөздер жүргізілді. Көпшілік оңтүстіктегі көршінің өнеркәсіптік және тұтыну тауарлары көрмесін тамашалады. Онда жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, азық-түлік, құрылыс және басқа да салалардағы жүзден астам компанияның өнімдері ұсынылған.
Басқосуда «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев сөз сөйледі. Ол бұл шараның Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы экономикалық қарым-қатынастың жаңа бастауы болатынына сенім білдірді. «Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеевтің сапары аясында бірқатар өзбек кәсіпорындары Қазақстанға келді. Бизнес форумға екі жақтан 500-ден аса кәсіпкер қатысып отыр. Қос тарап өкілдерінің арасында құны 840 миллион доллар болатын 92 келісімшартқа қол қойылды. Жиынның соңында құны 94 млн долларлық тағы 10 құжатқа қол қойылады. Бизнесмендер үшін маңызды құжаттар бар», деді Нұржан Әлтаев.
Өзбекстан Сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Алишер Шайховтың мәліметінше, өзбек тарапы Қазақстан шекарасына жақын орналасқан аумақтарда еркін экономикалық аймақтардың жұмысын дамытпақ. «Әрине, барлық салаларда қатынастарды дамытуға жағдай бар екенін көріп отырмыз. Екі елдің арасында қол қойылған 170 келісім ынтымақтастықты дамыту үшін өте маңызды заңнамалық негіз болып табылады. Бұл тұрғыда татулығымызды әртараптандыру үшін үлкен мүмкіндіктер бар, яғни жаңа өндірістерді Өзбекстан мен Қазақстан аумағында құру бағытында ынталандырушы қадамдар жеткілікті. Бүгінде біз Өзбекстан аумағында қызмет етіп жатқан өнеркәсіптік еркін экономикалық аймақтармен қатар, жаңаларын құруды жоспарлаудамыз. Олар қос ел шекарасынан алыс орналаспайды, осы орайда сіздердің және біздің бизнестің бірлесіп қатысуы жаһандық нарықта бәсекеге қабілеттілікті арттыра түседі», деді А.Шайхов бизнес-форум барысында. Оның сөзінше, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастықтың оңтайлы болуы үшін атқарылатын жұмыстар өзара сәйкестік ұстанымдарымен жүргізілуі тиіс. Сондықтан барлық ресурстарды іске қосу қажеттілігі тууда.
«Бизнес саудадан басталады. Өзбекстан мен Қазақстан – Жібек жолының ортасында болған елдер. Сол себепті логистиканы дамытып, бірлескен кəсіпорындар құрып, үшінші елдердің нарығына шығуға болады», деген А.Шайхов екі елдің сауда айналымын 5 миллиард долларға жеткізу мүмкін екенін мәлімдеді. «Бизнес- форумның алдында құны 800 миллион доллардан асатын келісімшарттарға қол қойдық. Кешке дейін қол қойылған келісімшарттар құны 100 миллион долларға жетеді деп ойлаймын. Жалпы, екі елдің арасындағы сауда айналымды бес миллиард долларға жеткізу міндеті тұр», деді ол.
Бұл ретте, инвестиция тарту мәселесіне тоқталған Өзбекстан өкілі инвестиция көлемі кәсіпкерлердің өзіне байланысты екенін, оны тарту үшін екі елдің əлеуеті жететіндігін тілге тиек етті.
Айта кеткен жөн, Өзбекстан тарапы елімізге химия тауарлары, электротехника, шарап, тері, аяқ киім жөнелтуді көздеп отыр. Ал Қазақстан көрші мемлекетке алюминий қорытпасы мен металл прокатын сатуға ниетті. Бұл жобалардың құны шамамен 30 миллион долларға тең болады. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымының көлемі 1,5 миллиард доллардан асқан. Сарапшылар алдағы үш жылда бұл көрсеткіш 5 миллиард долларға жетуі әбден мүмкін деп отыр.
Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»