Қазіргі кезде де Өмірзақ Айтбаев, Төлен Әбдіков сияқты аға буын өкілдері қасиетті домбыраны қолдарынан тастаған емес. Ал енді түркітану ғылымында халықаралық беделге ие болған қазақтың белгілі ғалымы Мырзатай Жолдасбековтің домбыраны күмбірлете шертіп, өз жанынан күй шығаратын қабілетін зиялы орта болмаса, көпшілік біле қоймайды. Қазақтың күйшілік өнерін «шертпе, «төкпе» деп үлкен екі арнаға бөлетін болсақ, Мырзатай ағамыздың әуесі – шертпе, оның ішінде Сүгірдің үлгісі. Мырзатай ағамыздың қоңыр шертісінен әманда Қаратау күйінің сарыны есіп тұрады, қобызға етенелі дыбыстары Ықылас пен Сүгірден ауысқаны бірден сезіледі.
Қазіргі кезеңде Қаратау өңірінің әні мен күйін, сол топырақтан шыққан Сүгір күйші жөнінде көшелі сөз қозғай алатын, оның елі мен өскен ортасы, күйшілік дәргейін талдап-түсіндіре алатын бірден-бір адам – филология ғылымдарының докторы Мырзатай Жолдасбеков. Көкірегі көмбе абыз аға Қаратаудың теріскейінде, қазіргі Жамбыл облысы, Талас ауданы, Ақтөбе ауылында туған. Жастайынан зымыстан заманның көп қиындығын бастан өткерсе де ұлтымыздың өлмес мұрасы – күй мен әнге ынталы болды, елгезек талабының арқасында домбыра мен сырнайды қатар игерді. Қарт Қаратау, Шу бойы, Сарысу аймағына, осы мекенге жайлауы мен суы ортақ болған жер жәннаты Жетісуға тән домбырашылық үлгіні бойына сіңіріп, өзі өскен ауыл-аймаққа «ақын бала» деген аты шықты. Жас кезінде Арқа мен Қаратауға аты шыққан Әйкен, Мәді, Боранқұл сияқты күй залқарларынан үлгі-өнеге көрді, шертпе күйдің сырлы сазымен ержетті. Кейінірек халық композиторы Төлеген Момбековпен ағалы-інілі, бауыр болып араласты. Кейін ат жалын тартып, ғылым теңізіне бойлаған кезінде Сүгір күйлерін жатық шертетін қабілетімен өз ортасына аты шығады. Қаратау күйлерінің дәстүрлі қағыстары, басар саусақтың пернедегі ізі мен ілмесін шебер меңгерген домбырашы болып толыса береді. Тасқа қашалып жазылған көне түркі жазуларын зерттеу жұмыстарымен айналыса бастағанда бейтаныс күйдің үзік сарындары тылсымнан құйылып, жүрегінен шыға бастағанын байқайды, бастапқыда жасқанады, жасырады. Тоныкөк, Білге қаған, Бұмын қағандардың жорық жырларын оқыған сайын жаны әсерленіп, жариясыз күйінің де сағасы өрлей түседі, қайырма қағысы ширатыла бастайды. Мырзатай ағаның өз жанынан күй шығаруының мәнәйі себебі осы еді.
Қай өнерпаз болсын, топырағына, сол топыраққа өнген бір түп жусанына тартпай тумайды, Мырзатай ағаның да сазы солай дамыды. Қазіргі кезде Қаратау дәстүрімен шығарған «Ойтолғау», «Қосбасар», «Азат Қосбасар» атты үш күйі бар. Әлбетте, күйлерінің жалпы өріс-аңысы Сүгірдің күйшілік мектебінен өрбиді, мысалы, оның «Ойтолғауы» музыкалық композициясы жағынан Сүгірдің «Кертолғауымен» мазмұндас. Сүгір «Кертолғауды» шертіп кер заманға налыса, Мырзатай «Ойтолғауды» толғап өткенге салауат айтады. «Ойтолғау» күйінің музыкалық табиғаты Ықылас пен Сүгірдің қоңыр күйлерінің («Назқоңыр», «Майдақоңыр», «Жолаушының жолды қоңыры») композициялық формасына келеді, кейде шертіліп, кейде төкпелетіп, домбыраның қабырғасын сөгілте жыр секілді «ыңғай төкпелейді». Мырзатай ағаның «Ойтолғауы» Сүгірдің тараулы «Кертолғауларының» жаңа замандағы жалғасы іспетті, бір ырғақпен шерте отырып, күй шиесіне (шырқау шегіне) келгенде дауылдата тарту тәсілі де байырғы қаратаулық машық, домбыра күйлері модернге ұшыраған мына заманда халықтық өнердің классикалық төлтума қалпын сақтағаны, сақтай алғаны кімді болса да еріксіз таңғалдырады.
Мырзатай ағаның «Қосбасарының» да сөйлер сөзі табиғаты жағынан Сүгірдің атышулы «Қосбасарымен» үндес. Бұл туындының шынайылығы шертісіне біткендей, заманы бөлек демесеңіз екі күйдің де мұңы мен шемені бір. Мырзатай ағаның қолынан шыққан «Қосбасар» екі тараудан тұрады, осы жерде күйді нұсқалата, тараулата тарту Қаратаудың байырғы дәстүрі екенін еске сала кеткеннің артығы болмас, күй авторы сол салтты бұлжытпай сақтауға бел буған секілді. Өз күйшілігі, орындаушылық ерекшелігі әдеттегі біздің құлақ үйренген монтаны машықтан бөлек, қос ішекті құмықтыра сөйлетуі кейде Төлеген Момбековтің, кейде Боранқұл Қошмағамбетовтің қоңыр шертпелеріне ұқсаса кетеді. Күйдің бұғалығынан сағалығына өткенде бірде ілмелей, бірде желдірмелете төгілтеді. Осынау күйшілік қасиеттердің ар жағында Сүгірдің қобызсарынды «Назқоңырлары» мен қара өлеңге тарта жөнелетін «Қаратау шертпелері» тұрғанын сезу бір бақыт. Мырзатай Жолдасбековтің Сүгір күйші туралы мынадай естелігі бар:
«Мен Сүгір Әліұлын үш рет көрген едім. Бала кезім еді, халық соғыстан кейінгі зобалаңнан қайта ес жия бастаған уақыт. Бір күні біздің ауылға атақты Сүгір күйші келді. Қаратаудың теріскейі болған соң Созақпен біздің ел «ауылымыз аралас, қойымыз қоралас», қатар-қоңсы қонатынбыз. Ел жиналды, күйшіге құрмет жасалды, төр ұсынылды, мал сойылды. Сүгір біздің елдің күйшісі Әйкенді жақсы көреді екен, «Әуелі Әйкен тартсын», деді. Әйкен ауылдың алтыбасарын бір-екі қайырған соң, сосынғы кезекті Сүгірге берді. Сүгірдің әсем шертісі көпшілікті әп-сәтте баурап алды. Күйлерін тарау-тарауымен тартып, арасында күйдің қалай шыққаны жөніндегі әңгімесін де айтып отырды. Сүгір шағын денелі қаршығадай кісі екен, күй тартқанда арқасы қозғандай болады екен. Бірақ болмысы басқа, мінезінде осы күнгі кейбір күйшілер сияқты жасанды қимыл жасау мүлде жоқ. Сол кеште қаққан қазықтай шөкелеп отырды да күйді төге берді, төге берді. Мен кейініректеу уақыттарда заманымыздың дүлдүл домбырашысы, Сүгірдің ізбасары Төлеген Момбековті де көп тыңдаған едім, аға-іні болып араласып едік. Сол Төлегеннің отырысы осы Сүгірдікіндей болатын.
Сүгірдің дыбысы, күй шерткендегі қағысының тазалығы, домбыраны сабаламайтын бекзаттығы жас болсам да жадымда қалыпты, домбырасы шешен, қызыл өріктен шабылған, формасы Арқаның домбырасы секілді шағын болатын. Бір күн мейман болған соң ертесіне ел жақсылары жол-жоралғысын жасап, Сүгірді еліне шығарып салды. Сүгірдің шертпесі маған қатты әсер етті, сарыны жылдар бойы санамда қалып қойды. Мен көрген күйшілердің ішіндегі ең құдіреттісі осы Сүгір еді» (сұхбат өз аузынан жазылып алынды. – Ж.Ж).
2016 жылы белгілі композитор Ілия Жақанов Мырзатай Жолдасбековтің өмірі мен шығармашылығына арналған «Дүние шіркін» атты көлемді эссе-хикаясын жазды. Сол кітапта мынадай дерек баяндалады:
«...Мырзатай домбырадан көз айырмай:
– Төкпе күйдің қуаты секілді шертпе күйде де шабыт экстазы болады. Қараңызшы, сезімнің шалқуын, патетикаға қалай көтереді, мен сол құдіреті зор Сүгірді көрдім ғой, – деді өзінің сабырлы байсалды қалпымен.
Мына сөзге елең еткен Фариза (Оңғарсынова):
– Ә, сіз Сүгірді көре алдыңыз ба? – деді.
Мырзатай алабұрта толқыған күйі:
– Иә, – деді.
Фариза енді маған бұрылып:
– Сүгірді сіз жақсы білесіз, – деді жай ғана.
Мен бұл емеурінді түсіндім де, бала кезден естіп-білгенімді айттым.
– Сүгірдің мекені Созақ, ол біздің Сарысу ауданымен іргелес жатыр. Ата-тегіміз бір! Ұзын аққан Талас пен Шу дариясын тел емген елміз. Біздің үлкен кісілер Сүгірдің еліндегі Жабал, Құрақ, Барақ, Қызылқұрт, Бұзау Тама дейтін аталарды «төменгі ел» дейді. Сүгір мен қобызшы Жаппас осы Бұзау Тамадан тарайды. Сүгір біздің ауылға да келіп жүріпті, бірақ мен көре алғам жоқ. Үлкен кісілер Сүгір ауылдағы Сәдібек домбырашы екеуі алма-кезек күй тартты деп отыратын-ды. Асан қарияның ұлы Нұрғали әйдік домбырашы еді. Сүгірдің осы «Бозінген», «Ыңғайтөк» күйлерін өзгеше бір кербез мінезбен шертуші еді.
Сөзге қайтадан Мырзатай араласты:
– Бәрі есімде, ұмытқам жоқ. Аулымызды «Ақтөбе» дейтін. Сүгір біздің ауылда бір жекжатына келіп жүрді. Сүгірдің бет-бейнесі, қаршығадай ғана қағылез келбеті, жып-жинақы порымы... домбыраны ұзақ бұрап, өзімен-өзі боп, дидары бірте-бірте нұрланып, күйдің бір тұсына келгенде көзін жұмып, тас мүсіндей қатуы, бәрі көз алдымда, – деді (Жақанов І. Дүние шіркін. (Эссе-элегия) – Астана. «Күлтегін» баспасы. 2016. 24-бет).
Мырзатай Жолдасбеков Сүгір мұрасының ізбасары ретінде Жаппас Қаламбаев пен Төлеген Момбековтің соңын ала көшке қосылған орта буынның өкілі, қазіргі кездегі Қаратау күйшілік мектебінің қасиетін сақтап қалған бірегей домбырашы. Мырзатай Жолдасбеков ғылым саласында жүрсе де, үлкен лауазымды қызметтерде болса да қолынан қазақы сырнайы мен домбырасын ешқашан тастамаған өнерлі тұлға. Өмірден өткен Нұрғиса Тілендиев, Кенжебек Күмісбеков, Қаршыға Ахмедияров сияқты арыстармен араласты. Қазіргі кезде Шәміл Әбілтаев, Әбдімомын Желдібаев, Секен Тұрысбек секілді қазақ күйінің майталмандарымен тығыз шығармашылық байланыста, олардың өнеріне хал-қадерінше қолдау көрсетіп тұрады. Авторлық жеке күйтабағы шыққан, салт-дәстүр, ғибрат-насиет мазмұнымен жазған бірсыпыра танымал әндердің авторы. Өзіндік дара сазгерлігі арқылы Сүгір дәстүрін жалғастырып жүрген, қоңыр домбырашылығымен шертпе күй төрінен өз орнын алған мәнерлі күйші. Оның төл туындылары кәсіби оқу бағдарламасына, күй жинақтарына енген, халық оркестрлері мен фольклор ансамбльдерінің репертуарларына да кіріп, тәуелсіз заманда туған рухани қазынамыздың қатарына қосылды.
Жанғали Жүзбай, күйші