• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
27 Наурыз, 2017

Қазақстан және жаңа әлем

781 рет
көрсетілді

Жаңа әлем дегенде, біз, ең ал­ды­мен, күрделі, қайшылықты және күрт өзгермелі әлемде өмір сүріп отырғанымызды пайымдап, сара­лауымыз керек. Осы жерде Абай даныш­панның: «−Көк тұман ал­дыңдағы келер заман» деген тұжырымы еріксіз ойға түседі.

Ойшылдың ХХ ғасырдың басында-ақ (1902 ж.) «Заман, шаруа, мінез күнде өзгереді» деген болжам-тұжырымы бүгінде жаңа дәуірдің басты шындығына айналып отыр.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев та қазіргі заманның сипатты сын-қатері де, ерекшелігі де саяси уақыттың жедел­деуі, болып жатқан өзгерістердің жылдам­дығы деп атап көрсетті. ХХІ ғасырдың екінші онжылдығындағы әлемнің геосая­сатының архитектурасы бұрынғы халық­аралық геосаяси бай­ланыстарды теріс­ке шығарып, күш­тердің жаңаша топ­тасуын, жаңаша шоғыр­лануын, жаңаша жіктеліп, орна­ласуын ұсынып отыр. Оны сая­сат­танушылар Вестфальдан кейінгі, ал енді бірі әлемдік гегемониядан кейінгі әлем деп сипаттайды.

Көптеген ғалымдар Батыстың әлем­­дік саясаттағы, экономикадағы және қаржы жүйесіндегі басымдығы аяқ­талды, батыстық даму үлгілері мен құндылықтары енді әмбебаптық сипатқа ие емес деп есептейді. Расында, дүниенің көпжүйелілік және мәдени-өркениеттік алуантүрлілігі сындарлы түрде бой көрсетуде. Ондай тұжырымдардың басты негізі – Екінші дүниежүзілік соғыс­тан кейін елу жылдай өмір сүріп, халық­аралық саясаттың мазмұны мен бағытын анықтаған екі жүйелі әлемнің аяқталып, оның қиындыларында едәуір күш-қуатқа ие көптеген аймақтық орталықтардың пайда болуы. Бұл − жаңа, әлі толық түзіліп, қалыптасып, нығайып үлгермеген жүйе, өткір бәсекелестік сипатта, олардың бойында шиеленістер, қауіп-қатер көздері жеткілікті. Олар кез келген уақытта күштердің нәзік тепе-теңдігін бұзуы, ыдыратуы мүмкін. Алайда, олар нақты, реалды күштер. Олармен есептесу керек. Қазіргі әлемнің негізгі, шешуші, әлеуетті күш орталықтары: Еуропалық одақ, АҚШ, Қытай, Ресей, Жапония және Үндістан. Осы күштердің үлесіне, халықаралық сарапшылардың есебі бойынша, әлемдегі ішкі жалпы өнімінің 75 пайызы, ал қорғаныс саласына бөлінетін қаржының 80 пайызы тиесілі.

Батыс геосаясатының патриархы Збигнев Бжезинскийдің биылғы жыл­дың қаңтарында Батыс пен Ресейдің ақпараттық ресурстарында басылған «Әлемдік биліктің дағдарысы және АҚШ, Қытай мен Ресейдің үштік одағы» мақаласында осы мемлекеттер ара­сын­дағы өзара қатынастың әлемдік саясаттағы айқындаушы, әсіресе, Қытай мемлекетінің шешуші орнына назар аударады. З.Бжезинский былай деп түйіндейді: «АҚШ-тың жаһандық ықпалы Қытаймен қарым-қатынасына байланысты. Егер қытайлықтар АҚШ-қа қарсы шықса, олар ұтылады, ал АҚШ Қытайды кеудеден итерсе, олар да ұтылыста болады. Бұдан Ресей де белгілі бір қорытынды шығаруы керек».

Қазақстан үшін осы мақаладан туатын маңызды қорытынды – осы үш мемлекет келешекте әлемдік геосаясатта басты ойыншылар болып қала береді. Ендеше, біздің еліміз өзінің көпвекторлы сыртқы саясатында осы алпауыттармен дұрыс анықталған, әсіресе, стратегиялық қауіпсіздік пен көпсалалы экономикалық байланыстарымызды мемлекеттік мүд­делер тұрғысынан тиімді, нысаналы, тегеурінді жүргізсе бұл, сайып келген­де, біздің түбегейлі, терең ұлттық мүдде­лері­мізге сай келеді. Ал бізге әлемдік саясатта бұдан тиімді де ұтымды формула жоқ.

Бұл елдердің сыртында әлемдік саясаттың бағытын анықтап, сараптап, бағалайтын Біріккен Ұлттар Ұйымы, Халықаралық валюта қоры, Дүниежүзілік банк және әлеуетті аймақтық, ұлттық мемлекеттер жүйесіне жатпайтын ұлт­тардан үстем деп аталатын ұйымдар бар. Қазақстан ұлттық, дербес мемлекет ретінде осындай шырмақталған, күрделі, өзгермелі, қайшылықты халықаралық «әлем-жүйеде» (И.Валлерстайн) өзі­нің лайықты орнын табуы, бәсекеге қабілетті, соған жанталаса ұмтылған елдердің сапынан ұлтымыздың сапасы мен өскелең әлеует-мүмкіндігіне сай орын алуы – стратегиялық һәм күр­делі міндет. Бейнелеп айтқанда, дамы­ған экономикалардың «ішіп-жемге толы дастарқанына» немесе мол материалдық-қаржылық байлығына, тех­нологиялық әлеуетіне бізді ешкім де мүсіркеп шақырмасы әуелден белгілі. Ол үшін мемлекеттің бүкіл басқару жүйесінің, интеллектуалдық күштердің одақтастар мен әріптестер іздеп күресуі, жанталасуы, иландыруы, ілкімділік пен икемділік көрсетуі, табандылығы керек.

Осы ретте ағылшынның белгілі мем­лекет қайраткері, лорд Палмерстон­ның «Англияның өзгермес одақтастары да, тұрақты жаулары да жоқ. Англияның тек мәңгілік мүдделері ғана бар», деген тарихи, тәлімдік сөзі қазіргі Қазақстанның билік биігіндегі, мемлекет, ұлт мүддесіне байланысты стратегиялық шешімдер қабылдайтын саяси тұлғалардың қашанда жадында болса дейміз.

 

Нәубат ҚАЛИЕВ,

Л.Н. Гумилев атын­­-дағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, саяси ғылымдар докторы