Мәселен, мамандар 2016 жылдың қорытындысы бойынша елімізде туберкулездің тұрақты эпидемиологиялық жағдайы қалыптасып отырғанын алға тартуда.
Медицина жүз жерден дамыса да, туберкулез жер бетіндегі ең көп таралған жұқпалы аурулар қатарында қалып тұр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) 2016 жылғы есебіне қарағанда, жыл сайын жаһанда 8,5 миллионнан астам адам өкпе құрты ауруына шалдығып, жылына 1,3 миллионы осы аурудан көз жұмады. Нақты деректерге сүйенсек, қазір Қазақстанда туберкулезге шалдыққан 17 456 адам диспансерлік есепте тұр. Бұл 2015 жылға қарағанда 2283 адамға аз. Сонда денсаулық сақтау саласын алаңдатқан жағдай неден туындап отыр? Ал 2015-2016 жылдарға арналған жаһандық бәсекелестік туралы Дүниежүзілік экономикалық форумның есебіне қарағанда, «Туберкулездің таралуы» (Tuberculosis incidence) факторы бойынша Қазақстан 2016 жылы 92-орынды иеленген, бұл 2015 жылмен салыстырғанда 9 орынға жоғары. Неге?
Өзіміздегі мәліметтер былай дейді: 2016 жылы өкпе құрты бойынша көрсеткіш 9,9 пайызға төмендеп, 52,7 пайызды құрады, 2015 жылғы көрсеткіш 58,5 пайыз болатын. Сол сияқты, таралу көрсеткіші 13 па-
йызға дейін азайып, 100 мың адамға шаққанда 80,6 пайызға кеміген. Ал 2015 жылғы статистика 92,6 пайыз болатын. Сонымен қатар, туберкулездің таралуы 18 жасқа дейінгі балалар арасында 21,6 пайызға төмендегендігі байқалды. Сәйкесінше өткен жылы туберку-
лезге алғаш рет шалдыққан 9381 адам анықталды. Яғни, бұл дерт 874 науқасқа азайған. Ал 2015 жылы бұл диагноз 10255 адамға бірінші рет қойылған болатын.
Онда неге 2015-2016 жылдарға арналған жаһандық бәсекелестік туралы Дүниежүзілік экономикалық форумның есебі бойынша Қазақстан 9 орынға жоғарылады?
Дәрігерлер бүгінгі таңда жаппай болмаса да, отандастарымыздың қарсы екпе алудан бас тартып отырғандарына алаңдаулы. Бір жағынан қазір халық арасында егуге байланысты екіұдай көзқарастар бар. Бұл ахуалды мамандар діни сенімдермен де байланыстырып отыр. Бұлай кете берсек, түбінде балалар арасында туберкулездің жылдам өршіп кететін ауыр түрлері белең алуы әбден мүмкін. Осы арада тағы бір мәселені ескермей кетуге болмайды. Қазір әлемде жыл сайын түрлі дәрілерге көнбейтін, яғни көптеген препараттарға бейімделіп алған туберкулез формаларының жарты миллионнан астам жағдайы тіркеліп отыр. Қазақстан көптеген дәрілерге үйреніп алған туберкулез түрлері бойынша Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басты назарында тұрған 18 елдің бірі.
ДДҰ өзінің «EndTB» стратегиясында 2035 жылға қарай туберкулезден көз жұматындар санын 95% және туберкулезге шалдығуды 90% төмендетуді көздеп отырғаны аян.
Аталған ұйымның 2016-2035 жылдарға арналған «EndTB» стратегиясына сәйкес елімізде туберкулезді интеграцияланған бақылау моделі жасалған. Жағдайды бақылауда ұстау бағдарламасы негізінде халыққа туберкулезге қарсы көмек көрсету үшін бастапқы медициналық-санитарлық көмек пен туберкулезге қарсы қызметті біріктіру көзделген.
Бүгінде туберкулезге қарсы қызметтер мен бастапқы медициналық-санитарлық көмек арасындағы горизонтальды интеграция (тубкабинеттерді бастапқы медициналық-санитарлық көмек қарауына беру) аудан деңгейлерінде 88 пайызға атқарылса, қала деңгейінде 26 пайыз жүзеге асырылған.
Туберкулездің алдын алудың пәрменді шараларының бірі ретінде амбулаториялық емдеуді күшейту қарастырылып отыр. Мәселен, 2015 жылмен салыстырғанда, елде 2016 жылы жұқпалы бактерия бөлмейтін науқастарды амбулаториялық жолмен емдеу 2,1 есеге артқан.
Еліміздегі Фтизиопульмонология ұлттық ғылыми орталығының директоры, профессор Жұмағали Ысмаиловтың мәлімдеуінше, туберкулезге қарсы ұйымдарды ірілендіру арқылы оларды орталықтандыру еліміздегі мұндай медициналық мекемелер санын 89-дан 33-ке дейін азайтқан. Ал төсек орындар саны 10 032-ден 8 264-ке дейін кеміген. Осыдан 905 922,5 мың теңге үнемделіп, бұл қаржы туберкулез диагностикасына, инфекциялық бақылау мен амбулаториялық емдеуге қайта бөлінген.
Елімізде 24 ақпаннан бері туберкулездің алдын алу айлығы жүріп жатыр. Бұл шара «Туберкулезді жою үшін бірігейік!» деген ұранмен Халықаралық туберкулезге қарсы күрес күні, яғни 24 наурызға дейін жалғасады.
Қалай десек те, қатерлі ісіктерге, дауасы әлі табылмаған СПИД сияқты дерттерге қарағанда, емі болып тұрып та тез жұғатын, оңай таралатын туберкулезді ауыздықтау адамдардың өзіне байланысты. Қазір елімізде дәрігерлер өкпе ауруларына қатысты тегін кеңестер береді, ақысыз қарайды. Жылына бір рет тұрғылықты мекенжайыңызға қарай флюорографиялық тексерістен өтіп тұруға болады.
Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ