Ұлттық банк электронды ақшаны шығару, пайдалану және өтеу қағидаларына өзгеріс енгізді. Жаңа талаптар электронды ақша эмитенттеріне, төлем ұйымдарына және электронды ақша жүйелерінің операторларына қатысты. Құжат 2026 жылғы 29 сәуірде қабылданған, деп хабарлайды Egemen.kz.
Сонымен қатар сауда чегінде көрсетілетін мәліметтер тізімі кеңейтілді. Атап айтқанда, құжатта төлем сомасы, операцияның күні мен уақыты, чек нөмірі, транзакция коды, жіберуші мен алушының электронды әмиян деректері, байланыс нөмірлері, операция мақсатының коды және электронды ақшаны өтеуге қатысты мәліметтер қамтылуы керек.
«Даму» қоры алғаш рет цифрлық теңгемен несие берді
Бұдан бөлек, үшінші тарап қызметтерін төлеу кезінде төлем құжатында операцияға қатысушылардың толық тізбегі көрсетілуге тиіс. Бұл талап шетелдік төлем делдалдары арқылы жүргізілетін операцияларға да қатысты.
Қаулыда киберқауіпсіздік талаптары да күшейтілген. Енді электронды ақша жүйесінің операторлары киберқауіпсіздікті басқару жүйесін құрып, оның тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге міндетті.
Операторлар киберқауіпсіздік саясатын бекітіп, ақпараттық активтерді қорғауға бағытталған ішкі құжаттарды әзірлеуі қажет. Сондай-ақ цифрлық инфрақұрылымның қорғаныс деңгейіне жылына кемінде бір рет тексеру жүргізіліп, нәтижесі бойынша арнайы есеп дайындалады.
Ұлттық банкте тіркеуден өткен төлем ұйымдары арнайы киберқауіпсіздік бөлімін құруы немесе осы салаға жауапты маманды тағайындауы керек. Бұл құрылым киберқауіпсіздік талаптарының орындалуын бақылап, тиісті жұмыстарды үйлестіреді.
Цифрлық теңге – инвестициялық құрал емес: Ұлттық банк азаматтарға ескерту жасады
Құжатқа сәйкес, киберқауіпсіздік қызметкерлерінің біліктілігін арттыру да міндеттелді. Олар ішкі семинарлар мен дәрістерге қатысып, кемінде екі жылда бір рет сыртқы оқудан өтуі керек.
Сондай-ақ жұмысқа жаңадан қабылданған қызметкерлер бес жұмыс күні ішінде киберқауіпсіздік талаптарымен таныстырылып, арнайы нұсқамадан өтеді. Бұл рәсім арнайы журналда немесе өзге де құжатта тіркеледі.