Бірақ... бірақ, осыған мүдделілер мүлде аз. Бас пайдасын білетін елдер әлдеқашан туризмін түрлендіріп, қазынасын молайтып алған. Мұны біз де ұғынсақ керек еді. Айталық, Атырау аймағы тарихи, мәдени, этнографиялық, экологиялық тіпті экстремалды туризмді дамытуға қолайлы. Алайда...
Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Диас Жәнібековтің айтуынша, қазір мұнайлы өлкеде әлемнің елуден астам елінен келген 700 компания қызмет етеді. Әрине, бұл іскерлік туризмнің дамуына септігін тигізеді. Атқарылып жатқан шара аз деп те айта алмаймыз. Этнографиялық, мәдени-танымдық туризм түрлерін жаңғыртудың бастамасы бар. Өткен жылы Жайық өзенінде су маршруты бойынша кемемен серуендеу іске қосылды. ЭКСПО-2017 көрмесіне келушілерді қабылдау үшін туристік маршруттар дайындалды. Экологиялық туризм дегенде, алдымен «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты ойға оралады. Жайық өзені сағасының сулы-батпақты кешені мен құстардың табиғи өмір сүру ортасын таныстыратын қорықта төрт туристік маршрут ұйымдастырылған. Қорық аумағынан аң мен құстың неше түрін көруге болады. Солтүстік Каспий жағалауы мен су айдынының қарқынды шаруашылық мақсатқа игерілуіне байланысты соңғы онжылдықта бұл жердегі өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің биоалуантүрлілігін сақтау мәселесі өзекті болды. Бірегей табиғи кешенді сақтап қалу мақсатында 2009 жылы осы резерват құрылды. «Ақжайықта» құстардың 292, өсімдіктің 560, жануарлардың 48, балықтың 69 түрі бар және олардың көпшілігі «Қызыл кітапқа» енгізілген, дейді қорықтың бас маманы Балымгүл Ізмұханова.
Резерват аумағындағы туристік маршруттар Жайық өзені атырабының ғажайып көрінісін көрсетеді. Экологиялық туризм атыраулықтардан гөрі шетелдіктерді көбірек қызықтырады екен. Өткен жылы теңіз жағасына саяхаттап жүзге жуық турист келген. Ал егер қазіргіден де жайлы жағдай жасалып, қажеттіліктермен қамтамасыз етілсе, бұл сан әлдеқайда көбейер еді.
«Елбасы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында туризм саласын экономиканы дамытудың өрісті жолы деп атады. Соған қарамастан, туристік кластер құруда үздік тәжірибесі бар стратегиялық инвесторлар тарту мәселесі бізде әлі кемшін болып отыр. Мысалы, Исатай ауданы Каспий теңізімен шектеседі. «Табиғаттың бұл сыйын тиімді пайдалануға тырысып келеміз», –дейді аудан әкімі Тұрарбек Сұлтанбеков. – Инвестор табылса, біз қажетті жағдай жасауға дайынбыз. Каспий жағасын әдемі демалыс орнына айналдыруға шетелдіктер қызығушылық білдіріп жүр. Өткен жылы хорваттар мен словактар көріп кетті, бірақ әзірге нақты жұмыс істеуге ұсыныс түскен жоқ.
Тағы бір мәселе – маман тапшылығы. Бірнеше жыл бұрын Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде туризм мамандығы ашылып еді, бірақ оған құжат тапсырушылар қатары жыл санап кеміп келеді. Мүмкін саланың дамуына осы мәселемен басыбайлы айналысатын басқарманың жоқтығы да себеп шығар. Еліміздегі төрт облыста ғана туризм басқармасы бар, қалғандары бөлімдермен шектеледі. Атырауда да солай. Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы туризм бөлімінің басшысы Рүстем Егізбаевтың айтуынша, өңірде 30 туристік агенттік тіркелген. Бірақ соның екеуі ғана ішкі туризммен айналысады.
«Шеттен біреу келіп, шекемізді шылқытады», деп армандап отыра берсек, сең қозғалмайды. Игілікті инвестордан күткеннен бұрын, өз жерімізге өзіміз жанашыр болсақ жарасар еді. Бірақ әлеуетті бизнес иелерінің көздері Жайықтың сағасы мен Каспийдің жағасына әзірге түспей тұр.
Бақытгүл БАБАШ, «Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ