Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Түрксой кафедрасымен бірлесе отырып өткізген іс-шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына, Түркия мен Қазақстан арасындағы халықаралық қатынастарға, Ұлттық кітапханадағы Түркия кітап бұрышының 10 жылдығына арналды.
Жиынға Алматы қаласындағы Түркияның Бас консулы Рыза Кылған Йылмаз, Түркі халықтары мәдениеті қорының президенті Ахмет Дағдұран, С.Демирел атындағы университет ректорының кеңесшісі, ғалым Дандай Ысқақұлы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шығыстану факультетінің деканы, профессор Баян Жұбатова, осы факультеттің Түрксой кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Төрәлі Қыдыр, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, шығыстанушы Ерден Қажыбек, жазушылар Қуандық Түменбай, Әшири Ахметжан, Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры, доктор Невзат Шимшек, Ыстанбұлдағы Едитепе университетінің профессоры Ариф Аджолоғлы және бірқатар ғалымдар мен жазушылар арнайы келіп, сөз сөйледі.
Түрксой кафедрасының меңгерушісі Төрәлі Қыдыр түрік бауырлардың әдебиеті мен мәдениетін, тарихы мен өнерін кеңірек насихаттап, дәріптеу мақсатында осы аптаны «Түрік тілі апталығы» деп жариялағандарын айта келе, «Түркия мәдениеті мен әдебиеті» кітап көрмесіне Ұлттық кітапхананың қорынан қазақстандық және түркиялық танымал жазушылардың шығармалары және Әлем әдебиеті залындағы Түркия кітап бұрышынан қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі әдебиеттер ұсынылғанын жеткізді.
«Түркия, түрік әлемі дегенде ең алдымен аузымызға түсетіні поэзия ғой. Шығысты өлең-жырсыз көзге елестете алмайтынымыз рас. Апталық аясында әлі де бірқатар іс-шаралар атқарылатын болады. Қазақ және түрік мәдениетінің арасындағы байланыстың тамыры тарихтың терең қойнауынан бастау алады. Сол байланысты ең бастысы, ел мен елдің, жер мен жердің арасын байланыстыратын болашақ ұрпақ ұмытпауы тиіс. Біз жастарға бар білгенімізді үйретіп, қандас елдерге ортақ мол мәдениетті, әдеби мұраны, бауырмалдық қарым-қатынасты үлгі етіп қалдыруға тиіспіз», деді алғашқылардың бірі болып сөз алған Баян Жұбатова.
Алматы қаласының мәдени орталықтарының өкілдері, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай шығармалары түрік тілінде жарық көрген жазушылар мен ақындар, Алматы қаласының жоғары оқу орындарының студенттері, республикалық гвардия курсанттары, оқырмандар мен кітапханашылар қатысқан шырайлы кеште студенттер орта ғасырдағы түрік поэзиясы мен бүгінгі түрік және қазақ ақындарының өлеңдерін екі тілде қатар оқыды, әдеби-музыкалық композиция, кітап көрмесі, бейнематериалдар ұсынылды.
Мира БАЙБЕК, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ