Жиналғандар алдында сөз алған «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Киіковтің көтерген мәселелері әсерлі шықты. Ол өзінің баяндамасында мемлекеттік тілдің маңызын аша отырып, өзге этнос өкілдерінің мемлекеттік тілді игеруі тиістігін ерекше атады. Ал «Шаңырақ» тілдерді оқыту орталығының мұғалімі Раушан Хасенова өзінің «Тіл тағдыры – ел тағдыры» атты баяндамасында мемлекеттік тілдің тағдыршешті рөлін ашып көрсетуге тырысты. Сондықтан да бұл тілді қазақ балаларымен қатар өзге де этнос өкілдері еркін меңгеруі керектігіне ерекше ден қойды.
Көкшетау қаласындағы Поляк білім беру орталығының ерікті-мұғалімі болып жүрген Рената Шенявска Қазақстан мен Польша арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастық жайын сөз етті. Реті келгенде Рената ханым Польшадағы Тілдерді дамыту орталығының басшылығы тарапынан Қазақстанға арнайы жіберілгенін айта кету керек. Және де оның Достық үйіндегі жарық та жылы кабинеттерде балаларға поляк тілін үйрету үшін келуіне «Ақмола облысы поляктарының бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Александр Суховецкий қолұшын беріпті. Қазіргі таңда 70-ке тарта оқушы, соның ішінде ересектері де бар жеті топқа бөлініп, поляк тілін меңгеруде көрінеді.
Қазақ тілін жетік меңгергендігімен өңірге танымал Көкшетау қаласындағы №21 орта мектеп оқушысы Елизавета Бибрих жиналғандарды тәнті етті. Ол бір кездері ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін жатқа оқып республикалық «Мың бала» мәдени-ағартушылық жобасының жеңімпазы болған еді. «Ақмола облысының татарлары мен башқұрлары бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рафаил Сулкарнаевтың, Ақмола облысы әкімі аппараты жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Манат Ысмағұловтың және Тілдерді оқыту мектебінің жетекшісі Күлтай Кәрімжановалардың жасаған баяндамалары ешкімді бейжай қалдырмады. Бұл ретте «Қоғамдық келісім» КММ әдістеме бөлімінің басшысы Татьяна Пяткова өз кезегінде еліміздің барлық өңірінде бастау алған Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық «Мың бала» тілдерді оқыту жобасына ерекше тоқталды. Осылайша аталған шара өз деңгейінде өтіп, өңірде мемлекеттік тілдің қаншалықты меңгеру қажеттігін тағы бір табан жақындатқандай болды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы