– Мектебімізге Абай аты тегіннен-тегін беріліп отырған жоқ. Бұл оқу орнында жүйелі түрде жұмыс істеп келе жатқан ақындар сыныбы бар. Абай оқуларының жеңімпаздары да жетерлік. Әрі қарай да ақын рухын асқақтата береміз деп ойлаймын, – деді салтанатты рәсімде сөз алған мектеп директоры Есімхан Әкітбаев.
Қазақтың бас ақынының есімі ұлықталып, құрметтеліп жатқанда, жас ақындар қарап қала ма?! Білім ордасындағы ақындар сыныбының тәлімгерлері жырдан шашу шашты. Осы мектептің 10-сынып оқушысы Құндыз Тасқынбекқызының «Жауқазын жыр» атты тырнақалды кітабының тұсаукесер рәсімінің өтуі де шараның шырайын кіргізе түскендей болды.
Тағы бір жағымды жаңалық, бұл күні мектеп ішінде Абай Құнанбайұлы атындағы шағын мұражай салтанатты түрде ашылды. Бұл жерде ақынның өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін құнды мағлұматтармен қатар, келі-келсап, ат әбзелдері сынды ұлттық жәдігерлерге де орын беріліпті.
Шара соңында Өскемен қаласының құрметті азаматы Есім Әкітбаев, Өскемен қаласының жергілікті өзін-өзі басқару комитетінің жетекшісі Серік Оразбайұлы түрлі сайыстарда мектептің атын асқақтатып жүрген талантты оқушыларды «Абай» төсбелгісімен марапаттады.
Реті келгенде айта кетейік, былтыр ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай өңірдегі бірқатар білім ошақтарына қазақтың ұлы тұлғаларының есімдерін беру туралы шешім қабылданып, Өскемендегі екі мектепке ойшыл ақын Шәкәрім мен ғалым Зәки Ахметовтің аты берілген болатын.
Азамат ҚАСЫМ, «Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН