• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Медицина 28 Наурыз, 2017

Жарты ғасыр сақталған сыр

795 рет
көрсетілді

Бүгінде даңқты әнші, әйгілі Ла Скала сахнасында өнер көр­сеткен тұңғыш қазақ Амангелді Сембин туралы көп айтылмайды. Өнерпаздың аңыз бен ақиқат аралас өмірі туралы біле бермейміз.

Амангелді Сембин – Әули­е­­ата өңірінде дүниеге келген дегдар. Әкесі Нақып жылқы бағып жайлауға шыққанда болашақ әйгілі әнші кең даланы көркем күйге бөлеп, көсіліп ән салады екен. Табиғат таңғажайып талант сый­лаған әншінің кең тынысы бұдан кейін төрткүл дүниені тамсантып, тебірентті. 

Біз қолға алып көрген көне дәптер өлең өрнек­телген, сурет сақталған жай дәптер емес болып шықты. Бүгінде Меркі жерінде тұратын белгілі ақын Шы­рын Мамасерікованың жеке мұрағатында сақталып келген бұл дәптер – Амангелді Сембиннің өлеңмен жазылған хаты екен. Суреттегі де әншінің бозбала күніндегі бейнесі.

Біреуі ақын, біреуі әнші болсам деген асқақ арманмен Алматыға ат терлетіп келген жерлестердің жолы сол кездегі астанада түйісіп, бір-бірімен жақын танысып-білісе бастайды. Екеуі екі оқу орнында оқып жүріп-ақ ұлт руханиятының алтын бесігі болған ару шаһар­да жиі кездесіп тұрады. Тіпті, Шырын ақынның шынайы өлеңдеріне тәнті болған әнші Аман­гелді ризашылығын біл­діріп, ағалық пейілін аңғартып хат та жазған екен. Ол, әрине, жай хат емес, өлең­мен жазылған өрнекті сәттер.

– Амангелді өлең жазатын. Негізгі арманы ақын болу еді. Бірақ ақындық бұйырмаса да, керемет әнші болды. Әдебиетке деген құштарлығы ерекше еді. Әбділда Тәжібаев, Шона Смаханұлы сияқты танымал қаламгерлермен болған кездесулерден қалмайтын, – деді Шырын Мамасерікова.

Бір ғажабы, жарты ғасыр бойы бұл дәптерді ақын жан баласына көрсетпеген екен. Әншінің жұмбақ ғұмырындай болып сарғайып жата беріпті. Шырын Мамасерікова енді әй­гілі әншінің бұл сырын да халық білсін, жастар оқысын деген оймен сандық түбінен суы­рып көрсетті.

– Амангелді сұңғақ бойлы, сұлу жүзді, қыр мұрынды келбетті жігіт болатын. Қыз біткеннің оған қызықпайтыны жоқ еді. Бірақ сол кездегі қыз­дардың бойындағы нәзіктік, инабаттылық оны білдіруге жібермейтін. Ал Амангелді әуе­­лете ән шырқағанда бәрі­міз де тамсанатынбыз. Жер­­лесі болғандықтан, маған әр­дайым қа­рындасым деп аға­лық қам­қор­лық көрсетіп жүрді. Қыз­дар мен жігіттер бір-біріміздің «анке­тамызды» толтыратынбыз. Сол арқылы хат жазысып, сырласатынбыз. Бұл қалың дәп­тердің бар қадірі осында жа­тыр. Өз басым Амангелдідей та­лантты тұлғамен таныстықта, бі­лістікте болғанымды үлкен құр­метпен еске аламын, – дейді ақын.

«Құрбыға» деген бұл өлеңнің тарихы осындай. Сондай-ақ, бұл дәптерге әншінің қолымен Абай өлеңдері де жазылыпты. Енді Амангелді Сембиннің өзі жазған өзге де туындылары жоқ па екен деген сауал көлденеңдей берді. Кім біледі, болуы да мүм­кін.

Көзден кетсе де көңілден кетпейтін өнерпаздың рухы оның салған әндерінде шарықтап келсе, енді жазған жырларымен де самғай береді.

Хамит ЕСАМАН, «Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы

Соңғы жаңалықтар