– Киіз адамдардың тұрмыста қолдануына экологиялық ең таза материал болса, өнер адамдары үшін де өте қолайлы, қалай исең солай келе беретін материал. Оны қазіргі жаңа технологиялармен әрлей түскенде қайталанбас сұлулық береді, – дейді суретші, мүсінші Баян Баталова. Мамандар киіздің Қазақстан брендінің бірі, елімізде жақсы дамып келе жатқан этнотуризмнің де маңызды бөлігі екенін айтып отыр. Киізден жасалған бұйымдар көрерменін тартпай қоймайды. Шебердің аты – шебер, қостанайлық ісмер Наталья Шарова киізден моншаққа дейін жасайды.
– Киізден жасалған моншақты Мәскеу қаласындағы бір көрмеден көріп, оның ерекшелігі, әдемілігі мені қатты қызықтырды. Оны өзім жасай бастадым. Соңғы жылдары киіз басумен, одан бұйым жасаумен айналысып келемін. Өзіме киізден көйлек тігіп алдым. Қазір 9 жасар қызым екеуміз киіз басудың қыр-сырын меңгеріп алғанбыз. Киізден бұйым жасап шығару соншалықты оңай жұмыс емес. Мысалы, көйлектің сәнін, жарасымын ойлап табуға көп уақыт кетуі мүмкін. Ал киізден өзің ойлаған көйлекті бір аптаның ішінде бітіруге болады, – дейді Наталья Шарова.
«Киіз әлемі» көрмесін ұйымдастыруға облысқа белгілі суретші Светлана Шалунова бастама көтерген еді.
– Мен соңғы кезде кескіндеме жанрынан сәл бұрылып, киізге бой ұрып жүрмін. Негізі мені қазақ халқының ұлттық дәстүрі мен тұрмыс салты ерекше қызықтырады. Киіз қандай ғажап дүние десеңізші! Кез келген суретші киізбен жұмыс істеген шығармасы арқылы айтар ойын жеткізе алады деп ойлаймын. Қазір Қостанайда да киізбен жұмыс істейтін суретшілер, қолөнершілер қатары өсіп келеді. Мен олардың басын қосуға шақырдым, – дейді Светлана Ивановна.
Көрмеге суретшілер Светлана Шалунова, Светлана Бурцева, қолөнершілер Ирина мен Наталья Ильчибаевалар, Елена Корякина, Арлан Аңқауов және Динара Қыпшақбаеваның шығармалары қойылды. Олардың айтуынша, киізден кілемнен бастап, киімге, аяқ киімге, қуыршақ пен гүлге дейін жасауға болады.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ