Су тасқыны ахуалына ден қою жоспарлары әзірленіп, өзара іс-қимыл жоспарлары бекітілген. Халықты эвакуациялау жағдайына сай 1707 қабылдау пункті дайындалып, қажетті көліктер шығарылған. Эвакуацияланатын халықтың тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін әкімдіктер қажетті құралдарды даярлап, азық-түлік өнімдері мен ауыз су қорын әзірлеп қойыпты. Оған қоса, қазіргі күндері өңірлерде елді мекендер арасында рейдтер, су тасқыны кезінде тиісті іс-қимылдар қағидалары бар жадынамалар таратыла отырып, халықпен түрлі жиындар белсенді түрде жүргізіліп жатқан көрінеді.
Көктемдегі қызыл судың көзі негізінен қыс бойы түскен қардың еруінен болатындығы белгілі. Соған орай елді мекендерден 14 млн м3-ден астам қар шығарылған. Сол сияқты, мұз кептелуінің туындауының алдын алу үшін Жабай, Нұра (Ақмола облысы), Үбі (ШҚО), Сырдария (Қызылорда) өзендерінде жару жұмыстары атқарылып қойылса, Ақмола облысында су тасқыны болуы ықтимал әрі болып қалса қауіп төндіретін Атбасар ауданында елді мекендерді қорғау бойынша іс-шаралар кешені жүргізілген.
Апат айтып келмейді. Сондықтан, ұшақ арқылы бақылау нәтижесінде және ІІМ Қазгидрометтің деректерінің, өткен жылдардағы су басқан елді мекендерді қорғау бойынша іс-шараларды жүргізу туралы мәліметтердің, су қоймаларының толуы туралы ақпараттың негізінде ықтимал су тасқынына алдын ала болжам жасалды. Соған сәйкес биылғы көктемде су тасқынының туындау қатері Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарында басымдау екені анықталған. Егер алда-жалда жағдай күрделенсе, онда Ішкі істер министрлігінің жалпы саны 12 мың адамнан тұратын топтары, 2 мыңға жуық техника және 300 жүзу құралы бар арнайы күштері мен құтқарушылары сақадай-сай дайын.
Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан»