ТМД Парламентаралық Ассамблеясының 25 жылдығына арналған ТМД ПАА Кеңесінің салтанатты отырысында Қ.Тоқаев Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мерейтойға арналған Үндеуін оқып берді.
Н.Назарбаевтың ТМД заң шығару органдарының өкілдеріне арнаған үндеуінде «Ассамблея бүгінгі таңда ТМД заң шығару органдарының өзара іс-қимылы мен ынтымақтастығының ерекше тұғырнамасы болып отыр әрі әлемдік парламентаризм жүйесінде көрнекті орын алады», деп атап өтілген.
Мемлекет басшысы ауқымды саяси және экономикалық ынтымақтастық жолында Достастықтың әлеуеті зор екеніне нық сенім білдірді. Қазақстан басшысы ТМД парламентшілерін осынау беймаза кезеңде біздің халықтарымыз бен мемлекеттеріміздің игілігі үшін бұдан былай да белсенді жұмыс істеуге шақырды.
Қ.Тоқаев өз сөзінде Президент Н.Назарбаевтың Үндеуінде Еуразиядағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық мәселелеріне орай Қазақстанның көзқарасы нақты әрі жан-жақты сипатталғанын, парламенттік өлшемнің ерекше маңызы айқындалғанын атап өтті.
Сенат Төрағасы Қазақстанның парламентаралық үнқатысудан айнымайтынын айта келіп, Ассамблеяның жұмысына қолайлы жағдай жасағаны үшін Ресей Федерациясына ризашылығын білдірді. «ТМД ПАА-ның штаб-пәтері – Таврия сарайының Қазақстан үшін де тарихи маңызы зор, өйткені, ХХ ғасырдың басында осында Мемлекеттік Думада қазақ халқының даңқты өкілдері Әлихан Бөкейханов, Мұхамеджан Тынышпаев, Бақытжан Қаратаев және басқалар жұмыс істеді», – деді Қ.Тоқаев.
Қазақстан Парламенті Жоғарғы палатасының басшысы ұлттық заңнамаларды дамытудағы және Достастық аясындағы жан-жақты ынтымақтастықты тереңдетудегі ТМД ПАА-ның рөліне жоғары баға берді.
Қ.Тоқаев парламенттік дипломатия мейлінше икемді, кейде тіпті халықтар арасында теңдесі жоқ арнаға айналған жағдайда ТМД ПАА әлеуетін одан әрі нығайтудың маңызы зор деп санайды.
Қазақстан делегациясы ТМД ПАА отырысына қатысты. ТМД ПАА Кеңесінің мүшелері Парламентаризмнің халықаралық күнін белгілеу туралы бастаманы талқылады. Қырғызстанда өткен референдумға жүргізілген мониторинг нәтижелерін және Достастық елдеріндегі 2017 жылы өтетін сайлау науқандарын байқауды ұйымдастыру мәселелерін қарады, сондай-ақ ТМД Парламентаралық Ассамблеясының 2016 жылғы қызметін қорытындылады.
Отырыс аясында Ресей Федерация Кеңесінің Төрайымы Валентина Матвиенко Президент В.Путиннің атынан Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Қ.Тоқаевқа Құрмет орденін табыс етті.
Отырыс барысында ТМД Парламентаралық Ассамблеясының 25 жылдығына арналған пошта маркасын естелікке тапсыру салтанаты болды.
Қазақстан делегациясының басшысы Армения Ұлттық Жиналысынан Ресей империясы Мемлекеттік Думасының депутаты болған М.Пападжановтың бюстін ТМД ПАА-ға беру салтанатына қатысты.
Сол күні ТМД ПАА-ның 46-отырысы болды, онда Ассамблеяның тұрақты комиссиялары ұсынған бірқатар үлгі заңдар мен ұсынымдар мақұлданды.
Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев, сондай-ақ, Санкт-Петербургте Халықаралық терроризммен күрес жөніндегі парламенттік конференцияда сөз сөйледі.
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясы мен ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы ұйымдастырған форумның күн тәртібіне қауіпсіздік және терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы халықаралық ынтымақтастық, террористік әрекетке қарсы қызметтің гуманитарлық мәселелері, халықаралық қауіпсіздік жүйесінің экономикалық және әлеуметтік негіздері енген болатын.
Қ.Тоқаев өз сөзінде терроризмді тек бірлескен күш-жігер арқасында ғана түбірінен жоюға болатынына нық сенім білдіре келіп, Президент Н.Назарбаевтың БҰҰ аясындағы Жаһандық антитеррористік желі құру туралы бастамасының маңыздылығына форумға қатысушылардың назарын аударды.
Конференцияға қатысушыларға арнаған сөзінде Қ.Тоқаев халықаралық құқықтағы «терроризм» ұғымының заңды және саяси қисынды анықтамасын беру қажеттігі туралы айтты. Төраға ең күрделі мәселелерді жедел шешуге ықпал ететін саяси үдерістерге асығыс әрі ағат бағалаудан шектелуге шақырды.
«Мұндай қадамдардың нәтижелі болатынын Сириядағы қарулы қақтығыстардың басынан бері оқ атуды тоқтату тетіктерін құруға алғаш рет мүмкіндік берген Астана келіссөздері паш етіп отыр», − деп атап өтті Сенат Төрағасы.
Қ.Тоқаев бірде-бір ел қаупінен қорғалмаған кибертерроризм мәселелері туралы да айтты: «Адам құқықтары мен бостандықтарын құрметтеудің маңыздылығын толық түсінген жағдайда қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін интернетті реттеу мәселелері бойынша ойланудың мәні зор. Басты мақсат – экстремизм идеясын насихаттауға және жастарды террористік ұйымдардың қатарына алдап-арбап тартуға кедергі жасау болып отыр», − деді ол.
Баяндамада кедейлік, сауатсыздық, сыбайлас жемқорлық, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын шектеу секілді терроризмнің бастапқы себептерін жоюдағы заң шығару органдарының әлеуетіне ерекше назар аударылды. Қ.Тоқаев ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы сессияларының бірінде Экстремизм және терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі ұйымның Үйлестіру орталығын құру туралы мәселені қарауды ұсынды.
Қазақстан Парламенті Жоғарғы палатасының басшысы радикализм қатерлеріне қарсы идеологиялық іс-қимылда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің де маңыздылығын атап өтті, сондай-ақ, Астанада 2016 жылы 31 мамырда өткен, жоғары мәртебелі діни қайраткерлер, бірқатар елдердің парламентшілері мен ғалымдар қатысқан «Діндер терроризмге қарсы» халықаралық конференцияның қорытындылары туралы форумға қатысушыларды хабардар етті.
Қ.Тоқаев қазіргі замандағы реформалар мен халықпен ашық үнқатысуды терроризмге қарсы пәрменді шаралар ретінде атап өтті. Бұл тұрғыда мемлекеттік басқаруды жетілдіру және билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу арқылы заң үстемдігін нығайтуға бағытталған Қазақстандағы конституциялық реформалардың маңыздылығы айтылды. Төраға: «Терроризмге қарсы іс-қимылға қатысты айтқанда, Конституцияға террористік әрекетке қатысқаны үшін Қазақстан азаматтығынан айыру туралы жаңалық енгізілді», − деді.
Сенат Төрағасы сөзінің соңында терроризмді оқшаулау тәжірибесінен оны жаппай түбірінен жою стратегиясына көшу жіті назар аударуды, үнқатысу мен өзара іс-қимылды талап ететін күрделі әрі жауапты жұмыс екенін атап өтті.
Қ.Тоқаев Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясының Төрағасы Педро Аграмунтпен әңгімелесті. Төраға Қазақстанның ЕКПА-мен ынтымақтастығының сындарлы сипатына тоқталды. Еліміз Еуропа Кеңесінің бірқатар маңызды конфенцияларына қатысушы Еуропаның Демократия жолындағы құқықтық комиссиясының (Венеция комиссиясы) толық мүшесі. Қазақстан Парламенті мен ЕКПА ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Қазақстандық депутаттар Страсбургте өтетін ЕКПА сессияларына тұрақты түрде қатысады. Қ.Тоқаев демократияны дамыту, гуманитарлық ынтымақтастық және қауіпсіздіктің жаңа қатерлеріне қарсы іс-қимыл үшін үнқатысу мен нәтижелі ынтымақтастықты жалғастыра беру керек деп санайды.
Сенат Төрағасы ЕКПА басшысын Президенттің өкілеттіктерін Парламент пен Үкіметке беру жөніндегі Қазақстандағы конституциялық реформалар туралы хабардар етті.