Судың пәлсапасы – тереңде. Оны дінмен де өруге, саясатпен де сабақтастыруға, нарықпен де шендестіруге болады. Бір тамшы судың қадірін білу үшін де ұлы шөлді, кермек мұхитты жаратқан сияқты. Келешекте айсбергтерді байлап-матап сүйреп алып кету үшін мұзды материктер базар алаңына айналуы әбден мүмкін... Өйткені, су – ең бағалы байлық. Суы сатулы қоғамда өмір сүріп отырмыз. Ал осы сатып ішкен суымыз сан соқтырса ше?..
Таяуда «Астана су арнасы» МКК зертханасында сыйымдылығы 19 литрлік ыдыстарға құйылып сатылатын судың 8 түрінен химиялық сараптама алынды. Елордада қала тұрғындары крандағы суды жууға болмаса, ішуге көп қолданбайды. Барлық үйде, кеңседе кулер бөшкесіне құйылған су шүпілдеп тұрады. Суы таусылған ыдысыңызды толы бөшкемен алмастырып береді. Зерттеу барысында өндірушілердің бірқатары аталған бөшкедегі суды Астананың қалалық су құбырынан сүзіп алатыны анықталды. Яғни, күнделікті краннан ағып тұрған суға бірнеше мембранды сүзгілер қойылады. Бұл әдетте 3-4 сатылы болып келеді. Механикалық тазалау құмнан, ұсақ тастардан арылтса, ионды алмастыратын тазалау суды жұмсақтандырып, тұздан арылтады. Ал соңғы тазалау барысында су көмір сүзгісінен өтеді. Бұл судың органикалық қасиеттерін жақсартады. Судың дәмі, иісі, түсі һәм мөлдірлігі арта түседі. Ал түптеп келгенде біздің ағзамызға қандай су барады? 100 пайыз тазаланған, бірақ өлі су! Бұдан бұрын Батыс ғалымдары пластмасса ыдыстарға құйылған суды химиялық талдау нәтижесінде мұндай судың құрамында фармацевтикалық препараттар мен басқа да химикаттар сияқты дәрілік заттардың жоғары болатынын анықтаған. Сонымен бірге, бұл судың ең қауіпті тұсы пластика өндірісінде қолданылатын бисфенол-А екендігі де анықталды. Бисфенол-А адам ағзасының көбею жүйесіне, қалқанша безіне, орталық жүйке жүйесіне кері әсер етіп, сондай-ақ, семіздікке, гипертония мен диабетке душар етеді.
«Астана су арнасы» МКК зертхана жетекшісі Уәсилә Әуезованың айтуынша, сараптама жұмыстары нәтижесінде бөтелкедегі суда карбонатты емес тұз құрамы мемлекетаралық талаптар (ГОСТ) нормасынан төмендігі, фтор жетіспеушілігі анықталған. Мұны үнемі қолданатын адамдар ағзаға қажетті заттардың тапшылығына ұшырайды. Мәселен, фтордың жетіспеушілігі тіс жегісін зақымдаса, кальций жетіспеушілігі – остеопороз бен сүйек жасушаларының тығыздығын төмендетеді, яғни, сүйек сынуға бейім тұрады, ал балаларда қаңқаның қалыптасуын бұзады. Магний жүрек пен жүйке жүйесінің ауруларын тудырады.
Ақпан айында Астана қаласының насос стансасының ІІ көтермесінен алынған су мен сауда нүктелерінен алынған 19 литрлік ыдыстағы судың химиялық сараптамасы бойынша, бөтелкедегі суларда кальций, магний, калий және басқа да адам өмірі үшін маңызды заттардың қажетті мөлшерден әлдеқайда төмендігі байқалды, дейді аталған мекеменің баспасөз қызметінің жетекшісі Назгүл Тәліпова.
Бұл бизнес иелерінің әлеумет денсаулығына жауапсыз қарауының тағы бір көрінісі – көптеген өндірушілер өнімнің жапсырмасына ауыз судың қайдан алынғанын, химиялық құрамын, минералдық ерекшелігін, құю және сақтау мерзімін, стандарттарын көрсетпейді. Мұндай жапсырмасы болған күннің өзінде ыдыстағы су жапсырмадағы мәліметке сәйкес келе бермейді.
«Сауда сақал сипағанша» дегендей, көп жағдайда ауыз су өнімі алғаш нарыққа шығар кезде жан-жақты тексеруден өтуі әрі тұтынушы көңілінен орын табу мақсатында жоғары сапалы өнімдер шығарғанымен, уақыт өте келе өнім сапасы өзгеріп сала беретіні жасырын емес. Елордада ауыз су өндірумен 27 кәсіпорын шұғылданады. Соның ішінде бөтелкедегі су өндірісімен 11, ал үйдегі суды автоматты сүзгіден өткізетін қондырғы шығарумен 16 кәсіпкер айналысады. Баға саясаты тұрғысынан саралағанда, құбырдан келетін суыңыздың бір текше метрі 49 теңге 90 тиынды құраса, 19 литрлік ыдыстың орташа бағамы 500 теңге деп алғанда бір текше метрі 26031 теңгеге шығады екен. Ас үйге орнатылатын сүзгі аппараты тіпті қымбатқа түседі. 1 мың литрге есептелген аппарат 10 мың теңге тұрса, 19 литр суды 950 теңгеден алып ішкен боласыз. Осындайда, тұнық тұмадан бастау бұлақтан көсіп-көсіп, алаңсыз шөл қандырған қайран, алаңсыз күндер дейсіз...
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»