• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Бизнес 29 Наурыз, 2017

Жаушықұмда пияз егіп корей жүр

290 рет
көрсетілді

Баптай білсең, жер жо­март екеніне шардаралық кәсіпкер Юрий Ан жыл сайын көз жеткізіп келеді. Әйтпесе, жердің бабын табу­дың негізгі жолы – суландыру мәселесі шар­дара­лық диқандар үшін бірден-бір өзекті жайт. Көз ұшындағы теңіздің суын сусор­ғыш арқылы пай­да­ланып, өнім алу диқан­дар­дың еселі еңбегін қажет етеді. Дегенмен, инно­ва­ция­лық әдіс пен кіріс-шығыс есебінің үйлесуі диқан еңбегін нәтижелі етіп отыр.

Шардара ауданы Жаушы­­құм ауы­лындағы «Тұрар» шаруа қожа­лығының бас­шысы Юрий Анның іс­ке кірісерде қолына күрек пен каль­куляторды қатар ал­ғаны байқалып тұр. Шаруа қо­жалығы инновациялық әдіс бойынша пияз егуде. Бұл іспен соңғы бес жыл­дан бері айналысып келе жат­қан шаруашылық биылғы жылы 30 гектар алқапқа «Ранко» деп аталатын жаңа тұқым сортын егіп жатыр. Диқандар жуаның өнімі бітік боларына сенімді. Бұл орайда олар инновациялық әдісті заманауи техникамен жүзеге асыруда. Өңделіп, толық дайындалған алқапқа тұқым сеуіп бара жатқан әлгі заманауи техника­ңыз бір мезетте бірнеше жұ­мысты атқарып шығады. Талапқа сай қашықтықта, яғни бір-бірінің арасын 3 сантиметрден етіп тұ­қым тастаумен қатар, там­шы­латып суаратын су түтігін қоса көмеді. Шығысы мен кірісін есепшотқа салған Юрий Анның айтуынша, бір гектарға 6 келідей тұқым кетеді екен. Жоғары сортты тұқымның бір келісі 64 мың теңге тұрады. Жерді жыртудан бастап, жиын-терім науқанына дейінгі жалпы шығынның көле­мі әр гектарға 1 млн 300 мың теңгеден жұмсалады. Деген­мен, түскен өнім кеткен шығынды еселеп жабады екен. Диқанның есебін­ше, бір гектар алқаптан ең кемінде 80 тонна өнім алынады. Пияздың баға­сы 45-50 теңгеден төмен түспегенін ескерсек, пай­даның аз болмайтынын аңғарамыз. 

Өткен жылы гектарына 80 тоннадан өнім алған шаруа қожалығы биыл бұл көрсеткішті 100 тонна­ға жеткізуді жоспарлап отыр. Сұрыптаудан өткен жаңа тұқым сортын алған шаруашылықтың техника­сы жеткілікті, жер алқап­тары бабында болғандық­тан диқандар жоспар орын­далатынына сенімді. Ди­қан­дар сенімін аудан әкімі Болатбек Қыстауов нығайта түсті. Шаруашылықтың жай-күйімен танысуға бар­ған аудан басшысы диқан­дар үшін өзекті болып тұр­ғ­ан суландыру мәселесі бо­­йын­ша жұмыс жүріп жат­қанын мәлімдеді. Бұл жұ­мыс оңтай­лы шешімін тапқан кезде «Тұрар» шаруа­шылығына қарасты 286,5 гектар алқапқа түрлі дақыл­дар отырғызылмақ. Айта кете­лік, Жаушықұмның жуасы оң­түстік тұрғын­дары­ның сұ­ра­нысына ие, об­лыс ор­та­лығындағы сауда орындарында қыс бойы сатылуы сөзімізге дәлел.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ, «Егемен Қазақстан» 

Соңғы жаңалықтар