Бүгінде жас ұрпаққа жаңаша білім беру, ұлттық тәрбие үрдісі, ғылым саласы қоғамымыздағы ең өзекті мәселеге айналып отыр. Ұстаздар мен тәрбиешілер, тіпті, кітапханашылар да өз ой-пікірлерімен сіздер арқылы көпшілікпен бөлісу мүмкіндігіне қол жеткізді. Әрине, бұл өте қуанарлық жағдай.
«Тәлім» бетінде мақтааралдық әріптесім Махамбет Сапармұратов айтқандай, мен де «Қызыл кітапқа» кірудің аз-ақ алдында тұрған санаулы ұстаз ер-азаматтардың бірімін. Сондықтан, елімнің азаматы, ұстазы ретінде ой-пікірімді білдірсем деп едім.
Ғылым мен білім, ұлттық тәрбие мәселесі қай кезеңде де қоғамдық дамудың алғышартындай. Әр ел өз жүгін өзі көтеріп бара жатқан дәуірде тәуелсіздіктің жаңа мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, ұрпаққа дұрыс бағыт-бағдар беру – маңызды мәселе. Еліміздің дамуымен өркениетке қол жеткізуінің жалғыз жолы – ұлт болашағын ұлттық тәрбие және жаңашыл білім нәрімен сусындату. Бұл өздігінен шешіле қоймасы белгілі.
«Бір жылдығын ойлаған күріш өсіреді, он жылдығын ойлаған тал егеді, ал жүз жылдығын ойлаған өнегелі ұрпақ тәрбиелейді», деп дана халық бекер айтпаған. Елу, жүз жыл өткеннен кейін ұрпақтарымызды нендей күйде, қандай кейіпте көреміз, олар кім болып өмір сүреді, қай тілде сөйлейді, кімнің ұрпақтарымыз деп мақтанады?.. Міне, саналы азаматты осындай сұрақтар мазаласа таң қалмаймыз. Көкейкесті сұрақтардың түйінін тарқататын бір ғана тұлға бар. Ол кәсібін жан-жақты меңгерген, қызметіне адал, ұрпақ тілеуқоры, дүниетанымы жоғары, ар-иман биігін аласартпаған ұлы мәртебелі Ұстаз! Оқушы жүрегіне ізгілікті, мейірімділікті, адамгершілікті сіңіретін парасат иесі – мұғалім ғана жауапты сәтте өз сөзін ісімен дәлелдеп бере алады.
Білікті мұғалім қайдан шығады? Бүгінгі мұғалім біліктілігі өз мамандығын ғылыми тұрғыда терең игергендігімен, өз жұмысын жақсы білетіндігімен және де әр сабағын тәуелсіздік тарихымен ұтымды ұштастыра алатындығымен тығыз байланысты. Мұғалім мәртебесі педагогикалық тынымсыз ізденіс, еңбекқорлық арқылы оқушының санасына, қиял әлеміне серпін, күш-жігер ұялата алуымен де маңызды. Жаңа көзқарас, соны пікір оқушыны алға жетелейді, ойын шыңдайды, қиялын ұштайды.
Сабақ барысындағы әр жаңалық, қисынды ой-пікір, қызықты сұхбат оқушы ой-өрісімен үйлес-
се, үндессе, сеніміне ие болса, ондай ұстаз-мұғалім өз ісінің хас шебері. Сабақ барысында оқушы қабылдауына жеңіл, түсінікті, сыйымды ақпарат жүктеп, өзіндік ой-пікірін, сыни көзқарасын жетілдіру, дамыту басты мақсат. Шәкіртіңіз сіздің ақпараттарыңызға өзіндік ой айта алса, сыни көзқарасын білдіре алса, ғылыми қисынды түсінігін дәлелдей алса бәсекеге қабілетті тұлға болып шығуына сеніммен қарауға болады. Бәсекеге қабілетті шәкірт шығу үшін мұғалімнің өзі білім бәсекесінде алда болып, шығармашылық мүмкіндіктерін заман талаптарымен ұштастырып, тиімді пайдалана білуі қажет. Интеллектуалдық білімін, қарым-қабілет әлеуетін педагогикамен үйлестіріп, шендестіріп отырса, мұғалім ұтады.
Бүгінде өміріміз ақпараттық технологияларға тәуелді. Жылдам жеткізу, жылдам қабылдау, жылдам ойлау, қысқа шолу, қысқа қайыру белең алып барады. Жастар санасы, ойы, түсінік-пайымы осыған қарай бет алғаны қашан?.. Соның салдарынан оқушыларымызға тағат тауып, төзімділік танытып, бір көркем шығарманы үйде немесе мектеп кітапханасында толық оқытып шығу мүмкіндігінен айырылып қалғандаймыз. Бәріне себеп – сол баяғы уақыт тапшылығы, оқушыларға қойылатын мектептегі пәндік талаптар мен міндеттердің шектен тыс көбеюі. Әйтеуір, басқасына уақыт табылса да, рухани жетілудің көзі – кітап оқуда оқушылар әдеттерінше «жылдам» бола алмай отыр.
Ғасырымыз білімі мен ғылымы озған жұрттарға көп мүмкіндіктер беріп отыр. Ғылым да, білім де жалпыадамзаттық ортақ байлығымыз. Сондықтан, ғылымды игеру мен білімді жетілдіру, ұрпақ игілігіне мейлінше пайдалану саналы қоғамның, өресі биік азаматтың құндылығына айналуы тиіс. Елбасының «ХХІ ғасырда білімін дамыта алмаған елдің тығырыққа тірелері анық», деп айтқан пікірі өте орынды.
Кемел келешегіміз – ұрпағымыздың тәрбиелік мәдениеті, білім алуы мен ғылымды қалай игеруіне байланысты. Біз ХХІ ғасырдағы жаһанданудың ең қиын кезеңіне аяқ бастық. Жаһандануға шыдас беру – ұлттық болмыс-бітімі тұтасқан, таным-түсінігі берік, білім мен ғылым, даму жолын дұрыс таңдаған елдің ғана қолынан келеді.
Болашағымыз біліктілік әлеуеті зор педагог пен жігерлі жастардың қолында. Бәсекеге қабілетті ұстаздан бәсекеге қабілетті шәкірт тәрбиеленіп шығатыны күмәнсіз. Сондықтан, байырғы берекеміз қайта оралып, мемлекет пен қоғам алдындағы абырой-беделіміз қайта жаңғырса екен деген тілегім бар. Білімге болысқан, ақылға толысқан, жақсылыққа жуысқан ұстазға қашанда қамқорлық пен қолдау қажет.
Арман Нәдірбаев,
Сарыкемер ауылы
Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Жамбыл облысы
Байзақ ауданы