Бала тәрбиесіне келгенде бір тәмсілді ұстаздар да, психологтар да жиі айтады. Бір әйел данышпан кісіге келіп, «енді туған нәрестемді бүгіннен бастап қалай тәрбиелесем екен?» деп кеңес сұрапты. Сонда данышпан: «Тоғыз айға кешіктің» деген екен. Мұның бала тәрбиесі ана құрсағында жатқанда басталады, демек, ата-ана тәрбиені өзінен бастауы керек дегенді меңзейтіні анық.
Баланың бойына өзіне деген сенімділікті ұялату үшін ол әр ісіне, сөзіне жауап беретін, көргенді, тәрбиелі ата-ананы көріп өсуі тиіс. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демей ме халқымыз? Сонымен қатар, тыйым салу да халқымыздың діліне сіңген әдет-ғұрыптың бірі. Әрине, оның «табалдырыққа шықпа», «адамға қарап есінеме», «күлді баспа», «үлкеннің алдынан өтпе» деген мысалдары секілді бала үшін тәрбиелік мәні көп. Алайда, «ұят болады, жаман болады» деген тыйымды кейде баланың меселін қайтаратын, тіпті рухын бәсеңдететін, ішкі жалынын өшіретін өктемдікпен шатастырып алатындар жоқ емес. Бала ата-анаға немесе үлкендерге өз ойын айтайын десе «сен тоқтай тұршы», «сенікі дұрыс емес», «сен кішкентайсың, әрі тұр», «сен өзіңді кіммін деп тұрсың?», «өсіп алшы алдымен» деген сияқты өктем сөздерден кейінгі баланың ішкі дүниесін кім түсінеді? Осы шектеулер құлағына сіңген бала жасқаншақ, ойын айта алмайтын, қорқақтау болып өседі. Ер жеткен шағында өз бетінше шешім қабылдай алмай дал болатын сәті аз кездеспейді. Мен өзімнің мектептегі тәжірибемде балаларға «болашақ мамандығыңды таңдадың ба?» деген сұрақты қоямын. Олар көбінесе «әлі шешпедім», «білмеймін», «ата-анам біледі» деп жауап береді. Себебі, бала үшін ата-анасы шешім шығарып дағдыланған.
Баланың кішкентай кезіндегі тамағын айтпағанда, киетін киіміне дейін ата-ана қаражатының жеткеніне қарай немесе өзіне ұнағанын таңдайды. Ал мұндай тәрбие бала өскенде өзінің талғамын қалыптастыра алмауына ұрындырады. сондықтан, оның таңдау жасауы да қиынға түседі. Балаға кішкентайынан өз ойын айтқызып, ақылдасу, таңдау жасата отырып, оның өзіне сенімділігін арттыруға болады. Сонымен қатар, баланың болмашы ісін көрген ата-ана оған «сенікі дұрыс, балам», «сен болмағанда мен не істер едім», «мен саған сенемін», «сен менің мақтанышымсың» деп отырса, бала қиялы қырандай қалықтап, арқаланады, өзіне сенімділігі арта түседі.
Аралас мектептерде жұмыс істегендіктен басқа ұлт балаларымен салыстырғанда қазақ балаларының ұяңдығын, ұялшақтығын, сырын айта алмауын, сенімсіздігін жиі байқаймын. Мектеп психологі болған соң балаларды шақырып алмасаң, өз еркімен келмейді. Шақырып алған соң оны «қинап» отырып сөзге тартасың. Өзіне сенімсіз баланың сеніміне кіріп, сырласу да оңайға соқпайды.
Қазір қоғамда отбасылардың ажырасуы жиіледі. Ажырасуға дейін ол отбасында ұрыс-керіс арылмайтыны тағы белгілі. Ал мұндай отбасында өскен бала жасқаншақ келеді. «Неге менің отбасым осындай, ата-анам ұрыса береді?» немесе «әкем неге бізді тастап кетті?», «неге барлығының әкесі бар, менде жоқ?» деген ойлар баланың сенімсіздігін күшейтеді.
Психолог ретінде ата-аналардың баламен әңгімелесу, оны баласынбай өз жағдайы туралы да шынайы айтып беруге қымсынбауы керек екенін айтар едім. Баладан мұндайда кеңес сұраңыз. Оның ашылып әңгімеге кірісуін назардан тыс қалдырмаған дұрыс. Ұлыңызды да, қызыңызды да ешқашан «ана кісінің, мына кісінің баласын қарашы» деген секілді біреумен салыстырмаңыз. Оны кемшілігімен, қателігімен тұтас қабылдаған жөн. Баланың қателігін ата-ана өзінің жіберген кемшілігі деп ұғынғаны, мойындағаны дұрыс.
Нұргүл ӘУБӘКІРОВА,
Қостанай қаласындағы №5 орта мектептің педагог-психологі
ҚОСТАНАЙ