• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
29 Наурыз, 2017

​Берлиоздың қателігі немесе «алтын белортаны» анықтау

439 рет
көрсетілді

Философия ғылымында «алтын белорта» деген ұғым бар. Тіршіліктегі үн­дестікті үкілейтін, тепе-теңдікті үй­лес­тіретін ұлағатты ұғым. Ари­сто­те­льдің айтуынша, ернеуінен асқан ас­та-төк байлықтан да, тақырланған жұ­таң жоқшылықтан да ешқашан ізгілікті іздей алмайсың.

Өйткені, екеуі де бір аттасаң жардан құлататын дүниеауи шарықтау мен шамырқанудың қос қиырында тұр. Сондықтан, «алтын белорта» бір қи­ыр­дан келесі қиырға шиырлап, ор­та­­белдегі орнықты бағдарын анық­тай ал­май, «артық қыламын деп тыр­тық қы­латындарға» тәрбие беріп, тәу­бе­сі­не келтіретін ұғым. Бүгінде екі дәу­ірде өмір сүріп, бір-біріне қа­й­­­шы ке­ле­тін қос қоғамның өзіне ға­на тә­н құн­­дылықтарын санасында са­пы­ры­лы­ст­ыр­ған, ақырында адами із­гі­лік­тің алтын қа­зығын анықтай алмай жүр­ген біздің бәзбір замандастарға сабақ бо­латын пәлсапалық сала.

Михаил Булгаковтың әйгілі «Шебер мен Маргарита» шығармасындағы Мәс­­кеудің әдебиетшілер қауым­дас­ты­ғы­­ның төрағасы, атеист Берлиоздың ібі­л­іспен ілініскен сәті еске түседі. Жа­рат­қанды жоққа шығарамын деп ба­сы­нан айырылған бейбақтың бейша­ра тағ­дыры сол замандағы барша қо­ғам­ға тән құбылыс еді. Айтты не, айтпа­ды не, атеизм бізді он сегіз мың ға­ла­м­ды жаратушы Алла тағаладан ал­шақтатты. Құдайға тіл ти­гіздіріп, ру­хани құлдыраудың ше­гі­не сүйреді. Сөй­тіп, қос жанардағы иман­ның нұрын, жүректегі мейірімнің шұ­ғы­ласын өшірді. Қазада стақан қа­ғы­с­ты­рып, көр басында үлкеннің жа­ға­сы­на жар­масатын имансыз ұрпақ өсті. Бұл бір қиыр­дың шегі еді.

Араға уақыт салып Алланың рахы­мы, құдайдың құдіретімен бейәдеп қо­­ғамның орнына азаттықтың арайлы та­ңымен бірге жаңа жарылқап заман кел­ді. Бәріміз Жаратқанмен қауышқан, има­ныңмен достасқан мейірлі дәуірді кө­ріп, мәре-сәре болдық. Жастарымыз жап­пай сәждеге жығылды. Ақ дастарқан басынан арам сусындар алынып, адал асқа орын тиді. Құдайын ұмытып құ­­ты­рғандар тәубесіне келді. Осылайша, қуа­н­ыштан бөркімізді аспанға лақтырып алып, оны қайта қағып алу қажеттігін қ­а­перге алмаппыз. Келе-келе діннің қа­ғидаты осы екен деп, ұлттық тамырды ұмыт­қан, ата салтымнан аһидам жақын, ба­ба жолынан мазһабым артық дейтін та­ғы бір адасқан ұрпақ өсті. Бұл келесі қиыр­дың шеті еді.

Өмірден мысал келтірсек. Бір таны­сы­мыз кезінде жастықтың буымен ащы суды аямай сіміруші еді. Түбі кө­рінбейтін көк шөлмекті жастанып жатып, ішкіліктің шегіне жетуге таяған-тын. Үйінен береке кетіп, шаңырағы шай­қалуға шақ қалған жолдасымызды әке-көкелеп жүріп, имандылықтың жо­лы­на бағыттауға тырыстық. Ерік-жігерін бойына жинаған ол әуелі ораза ұстады, соңынан намазға жығылды. Бәріміз қуандық. Алайда, араға уақыт салып әлгі танысымыз тағы да келесі қиырдан бір-ақ шықты. Шариғаттың барша шартынан жаңылыспас үшін бала-шағасының нан-пұлын айырып отырған жұмысын біржолата қойды. Діни фанатизмнің құрбанына айналып, дәстүрдің бәрін жын-шайтан көріп, жалпы, қоғамға жиһад жариялап, қару асынып жаһандық соғысқа аттанғысы келді...

Бұл тұста мына бір тәмсіл еске тү­седі. Аллаға деген құлшылығынан рах­ман­ның ізгілік лебі есіп тұратын ша­па­­ғаты ерек сүйікті Пайғамбарымыз Мұ­хам­медтің (ғ.с.) әрбір іс-әрекеті мен жү­ріс-тұрысын қайталағысы келетін мү­м­індердің сол заманда көп болғаны бел­гілі. Алланың расулы бір күні әде­т­­­тегідей мешітке кіргенде ішінде екі аға­шқа керіп тартылған арқанды кө­ре­ді. Мұның мәнісін сахабаларынан сұ­рағанда, олар Зейнеп анамыздың күн­діз-түні үздіксіз құлшылық жасап, қат­ты қалжыраған сәтте құлап қалмауы үшін әдейі тартқызғанын айтады. Сонда пай­ғамбар жанындағылардан арқанды ше­шу­ді өтініп, әрбір адам шектен шықпай, ша­масына қарай құлшылық жасау қа­жет екенін өсиет етіпті. Тағы бірде пай­­ғамбарымыз дін жолында асыра кі­нә­мшілдік пен шектен тыс қаталдық та­ныт­қандардың ақыры болмайтынын ай­тып, сендерге дейінгілер де шектен тыс сенімнің құрбаны болды деп ес­кер­тіпті. Алла елшісінің ізгілікті жолын жалғастырған имам қазыреті Әлі: «Бе­лор­та жолды ұстаныңдар, артта қалып қой­ғандар да және алға озып кеткендер де бұл жолға түсуді мұрат етеді» деген екен.

Бүгінгі берекелі де бейбіт заманды кө­ріп, Берлиоздар аңсаған атеистік, құ­дайсыз, құнсыз қоғамнан енді бізді Алла тағала сақтасын дейсің. Бірақ Жа­ратқан иеміз бізге ана құрсағында жат­қанда жан бітіріп, жарық дүниені көр­сетіп, тіршілік етуді нәсіп еткенде, ең әуелі, дүниеге ұрпақ әкел, оларды өсі­ріп, жеткіз, білім бер, имандылыққа тәр­бие­ле, отбасыңды адал еңбегімен асыра, Ота­ныңа қалтқысыз қызмет ет деген ма­ңызды миссиясын белгілеген шығар деп ой­лаймыз. Замандастарымыз біз ай­тып отыр­ған «алтын белортаны» осы төң­і­рек­тен іздесе екен деген ниет басым.

Қуат БОРАШ,

журналист-публицист