Соған орай, төтенше жағдайлардың алдын алу шаралары да белсенділікпен жүргізілуде. Мұны осы мақсатқа 900 миллион теңгеден астам қаржы қарастырылғанынан байқауға болады. Атқарылған жұмыстар ауқымды әрі үнемі бақылауда ұсталуда.
Сенбі күні облыс әкімі Мәлік Мырзалин, Ішкі істер вице-министрі Юрий Ильин және аталған министрліктің Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер жағдайды тікұшақ арқылы байқап шықты. Шағалалы, Астана, Бірсуат су қоймаларын тексеріске алған олар Атбасар ауданында кеңес өткізді.
«Біз бүгін су тасқыны болуы мүмкін алты аудан аймағын әуеден бақылап шықтық, – деді Ақмола облысының әкімі М.Мырзалин. – Қардың көп түсуі және ылғалдың мол қорлануы салдарынан Атбасар, Астрахан, Аршалы және Целиноград аудандарында күрделі жағдай сақталып отыр. Төтенше жағдайларға дайындық жаман емес. Табиғи апаттың алдын алу шаралары жазғы-көктемгі маусымнан бері тиянақты жүргізіліп келеді. Облыстың барлық аймақтарында инженерлік жұмыстар кешені атқарылды. Ал Атбасар қаласындағы Жабай өзені жағалауында 9,5 шақырымдық мықты бөгет салынды».
Сондай-ақ, 12 шақырымдық канал тазартылып, 32 шақырымдық аумақта жөндеу жұмыстары атқарылғаны, тоғандар нығайтылып, күшейтілген 13 суағар салынғаны мәлім болды. Өзендердің қауіпті телімдерінде мұзды жару жұмыстары жүргізілді. Алдын ала жұмыс жоспарына сәйкес, 23,7 мың тонна инертті материалдар дайындалып, 102 мың данадан астам қап, 268,3 тонна жанар-жағармай және 16,7 тонна азық-түлік тауарлары дайындалған. Елді мекендерден 850 мың текше метр қар шығарылса, жол бойы қызметі суағарлар мен көпірлерді тазалауды аяқтап келеді.
Ықтимал табиғи апатпен күреске 2 588 адам, 1 220 дана техника мен 66 суда жүзу құралы жұмылдырылатын болады. Бұған қоса, авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге ішкі істер органдары тарапынан 485 кісі, 103 техника мен 5 қайық қатыстырылмақ. Аймақтағы гидробекеттер тәулік бойы кезекшілік атқарады. Қажетті жағдайлар туындағанда, қосымша күштер жұмылдырылып, адамдарды, малды көшіру, орналастыру мәселелері тиянақталғаны айтылды.
Облыс басшысы бастаған топ Атбасар қаласындағы өзен бойындағы жаңа бөгет құрылысының сапасын тексеріп, арнайы техникалардың әзірлігімен танысты және жергілікті штаб мүшелерімен, ерікті көмекшілер құрамымен әңгімелесті. Сондай-ақ, аудан әкімі Андрей Никишовтің, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Алексей Советовтің есебі тыңдалды.
– Біз су тасқынына қатысты күнделікті ғарыштық мониторинг жасаудамыз, – деді А.Советов. «Қазгидрометтің» деректері бойынша облысымыздың басым бөлігінде қар жамылғысының қалыңдығы былтырғы жылғыдан 1,2-1,6 есе жоғары. Атбасар өңіріндегі анағұрлым қауіпті сипаттағы Жабай, Колутон өзендерінде 5 сәуірден сең жүре бастайды деп күтілуде. Барлық аймақта тұрғындарды шұғыл түрде қоныс аударуға мүмкіндік беретін 200 штаб құрылып отыр. Сондай-ақ, Самарқан, Ынтымақ, Шерубай, Шағалалы қоймаларынан суды босату және оның қорын қалыптастыру мәселелері Су ресурстары комитетімен келісілуде. Қазір өңірде 45 метеостанса, 37 гидробекет және 21 агрометеобекет жұмыс істеуде. Арнайы рейдтер кезінде ауыл тұрғындарымен кездесулерде жан-жақты түсінік жұмыстары жүргізілді.
Мемлекеттік органдар тарапынан да көктемгі су тасқынына қатысты мәселелер қатаң бақылауда ұсталып отырғанын айту қажет. Жуырда Қазақстан Президентінің Әкімшілігі Жалпы мәселелер бөлімінің инспекторы Ғалым Аушәріп бастаған топ Аршалы ауданындағы «Безымянная» су қоймасының жұмысымен танысып, аудан әкімі Азамат Тайжановтың хабарламасын тыңдады.
Ауа райын болжау стансасының хабарлауынша, Ақмола облысында наурыз айындағы температура қалыпты деңгейде болған, ал сәуірде ауаның температурасы күндіз 16-17 градусқа көтерілмек. Яғни, сәуірде сын сағаттары басталмақ. Ал мәселелердің кешенді сипатта шешіліп жатқандығы төтенше жағдайларға жол берілмейтіндігіне сенім қалыптастырады.
Бақберген АМАЛБЕК,
журналист
Ақмола облысы