Табиғаттың тосын мінезіне үреймен қарап, «қарғын су қай жағымыздан шығады екен» деп отырады жұрт. Сондай жағдай күні кеше Қазалы ауданында орын алды.
Басықара су торабына мұз кептеліп, су арнасынан шығады. Таңмен таласа дариядан жайылған су жұрттың зәре-құтын қашырады. Солайша, 3 шақырым жоғарыда орналасқан «Балшықсай» учаскесін су алады. Дереу іске кіріскен төтенше жағдай қызметінің қызметкерлері 15 адамды жайылған судың ортасынан алып шығады. Оның ішіндегі екеуі бала екен. Оларды Басықара ауылындағы туыстарына жеткізе бергенде, «Шотай» учаскесін де су алды» деген дерек жетеді. Ол жерді Қ.Асанов жеке шаруашылығы жайлайды екен. Осы шаруашылыққа қарасты 32 бас мүйізді ірі қара мен 16 бас жылқы құрғақ аймаққа шығарылады.
Қызылордадан дарияны бойлай «МИ-171» тік ұшағы шығады. Сырдың бойындағы жағдайды бақылап, мониторинг жасайды. Сөйтсе, Құмжиек учаскесінде 8 адам қиыншылыққа тап болыпты. Оның 6-ы бала екен. Оларды судың ортасынан алып, аудан орталығына жеткізеді.
Бір күннің ішінде 23 адам құтқарылды. Бұл да болса жұмыстың жүйелі болғанының белгісі дер едік.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан»
Қызылорда облысы