• RUB:
    5.37
  • USD:
    477.04
  • EUR:
    520.78
Басты сайтқа өту
26 Сәуір, 2011

Үкімет ғимараттары бомбаланды

457 рет
көрсетілді

Дүйсенбіге қараған түні НАТО-ның авиациясы Триполидегі үкіметтік ғимараттар кешеніне қуатты соққы жасады. Сарапшылардың айтуынша, шабуылдың негізгі мақсаты Ливия көсемі Муаммар Каддафидің көзін құрту болған. Ливиялық оппозиция бейбіт келісімнің басталуын Каддафидің үзілді-кесілді кетуімен байланыстырып отырғандықтан, оны жою жанжалды бейбіт шешу жолындағы кедергілерді алып тастар еді. Зымырандық-бомбалық соққының үкімет ғимараттары орналасқан ауданға бағытталғанына қарамастан Каддафи одан зардап шекпеген көрінеді. РИМ ПАПАСЫ БЕЙБІТШІЛІККЕ ШАҚЫРДЫ Католиктер мен православиеліктер биыл бір күнде атап өтіп отырған Исаның Жарқын Жексенбісі күнінде Рим Папасы Бенедикт ХVI ондаған мың діндарларға арнап сөз сөйледі. Көктің жүзі бейбітшілік пен қуанышқа бөленуде, бірақ кедейшілік, ауру мен ашаршылық жайлаған жерге қатысты оны олай айта алмайсың, деп атап өтті Бенедикт ХVI. Ол Солтүстік Африка мен Таяу Шығыс елдеріндегі, оның ішінде Ливия­дағы бүгінде орын алған жағдайға баса назар аударды. Понтифик Ливиядағы дипломатия мен үнқаты­судың қару­лы қақтығыстарды алмастыратынына өз сенімін білдірді. Ол сол сияқты туған жерлерін тастап кетуге мәжбүр болған босқындармен және эмигранттармен өзінің ынтымақтас екенін жеткізді. ОБАМАҒА ЕКІ ЖАҚ ТА РЕНЖУЛІ АҚШ президенті Барак Обама өзі билікке келген кезден бастап үшінші рет өткен ғасырдың басында қырғынға ұшыраған армян құрбандарын еске алу күніне орай АҚШ-тағы армян қауымдастығына дәстүрлі жолдауын арнады. Өзінің жазбаша жолдауында АҚШ президенті Османдық Түркияның 1,5 миллион армянды қыруын «ХХ ғасырдағы ең үлкен қылмыстардың бірі» деп атады. Сол сияқты ол тарихтың даулы беттерінің тұрақсыздық туындатып, өз өмірлерін қиғандар аруағына көлеңке тү­сіретінін атап өтті. Бірақ Обаманың сөзі армяндар жа­ғының да, сол сияқты түріктер тарапының да көңілінен шыққан жоқ. Армяндар геноцид фактісін мойындамады деп кінәласа, түріктер АҚШ президентінің сөзінен тағы да тарихқа деген сыңаржақ көзқарас байқалады деп айыптады. ТҰТҚЫНДАР ТҮРМЕДЕН ҚАШТЫ Ауғанстанның оңтүстігінде ор­наласқан Қандағар түрмесінен көптеген тұтқын қашып кеткен. Олардың жүзден астамы террорлық актілер мен қарулы шабуылдар жасағаны үшін сотталған «Талибан» қоз­ғалысының дала командирлері. Қандағар провин­циясы қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Нас­рулла Юсуфзайдың айтуынша, тұтқындар түрменің қа­бырға­сының астын қазып, Александр Македонский кезінде салынған жерасты коммуникациялары арқылы бос­тан­дыққа шыққан. Тұтқындардың қашуына күзетші­лердің назарын басқа жаққа аудару арқылы «Талибан» қозғалысы қолдау көрсеткен көрінеді. ҚАҚТЫҒЫС БӘСЕҢСІМЕЙ ТҰР Таиланд пен Камбоджа аумақтық жанжалға байланысты төрт күннен бері қарулы қақтығыстар жүріп жатқан шекаралық ауданға қосымша әскер­лер тартуда. Кеше бронды техникалы және ауыр қаруланған қосымша әскери бөлімдер шоғырландырылған көрінеді. Жанжал басталған уақыттан бері 12 адам қаза тауып, 40-қа тарта адам зардап шеккен. Екі жақтан да бірнеше мыңдаған тұрғын шекара бойындағы деревнялардан басқа жақтарға көшірілген. Ресми мәлімет бойынша Таиланд пен Камбоджа ХІІ ғасырда салынған екі көне храмның қай елге жататынын шеше алмай келеді. ЕРЕУІЛШІЛЕРГЕ ОҚ АТЫЛДЫ Дүйсенбі күні Сирияның Дараа қаласына кірген әскер күші ереуілшілерге қарсы оқ атқан. Қалада жарық пен телефон бай­ланысы өшірілген. Куәгерлердің айтуын­ша, Дараа қаласына барлығы 3 мыңдай әскери енгізілген көрінеді. Сол сияқты әскерилердің қала орталығына қойылған брондалған ауыр техниканы қолданғандығы туралы да мәліметтер бар. Әзірге қаза тапқандар мен жаралы болғандардың саны туралы нақты мәліметтер жоқ. БЕЙБАСТАҚ ПАСТОРҒА ТЫЙЫМ САЛЫНДЫ Америкалық пастор Терри Джонсқа Құранды өртеуге және АҚШ-тағы ең ірі саналатын Мичи­гандағы мешітке жақындауға тыйым салынды. Джонс «тұрғындар тыныштығына қатер төндіргені үшін» 1 доллар мөлшерінде айып төлеуден бас тартқан кезде оны түрмеге қамап, бірақ бір сағаттан кейін қайтадан босатып жіберген болатын. Флорида штатының бейбастақ пасторы өткен жұмада АҚШ-тағы ең ірі мешітте исламға қарсы акция өткізуді жоспарлаған еді. Бірақ Құранды тағы да өртемек болған пастор соттың алдынан бір-ақ шықты. Интернет материалдары негізінде әзірленді.