Этносаралық келісім еліміздің тұрақты дамуының ең маңызды факторы десек, қателесе қоймасыз. Өйткені, этносаралық татулық – қоғамдық келісімінің негізі, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тірегі.
Әуел бастан бірлік пен ынтымақты алдыңғы орынға қойған Елбасымыздың ұстанған саясаты бүгінде өз жемісін беріп келеді. Мемлекет басшысы егемендіктің алғашқы кезінде-ақ: «Ішкі саясаттың іргелі қағидасы ұлтаралық келісім принципі болуы тиіс. Міне, осының өзі демократиялық құқықтық мемлекет құрудағы қазақстандық жолдың ерекшелігін және біздің дүниежүзілік қауымдастыққа енуіміздің ерекшелігін айқындайды», - деп атап көрсеткен еді.
Бүгінде солар еліміздің тарихынан ойып тұрып орын алды. Барлық қазақстандықтың жолы – бірлік жолы және азаматтық біртектілік негізінде ұлтты дәйектілікпен қалыптастыру жолына ұласып отыр. Көзі қарақты оқырман Елбасымыздың «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» еңбегімен жақсы таныс деп ойлаймыз. Осы мақала – еңбегінде Президент азаматтық біртектілікті нығайтуға қазірдің өзінде Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясы сияқты негіздер бар екенін, енді соларды дамыта отырып, болашағы Біртұтас Ұлтты қалыптастыруға болатынын айтқан еді. Біз бүгін соған келе жатырмыз.
Ал Қазақстан халқы Ассамблеясының миссиясы – қазақстандықтарды этносаралық бейбітшілік пен келісімнің мызғымастығына бастайтын жол. Осыған байланысты Елбасымыз: «Ғылым жердегі әрбір этнос кем дегенде бір айрықша ерекшелікке ие дегенді айтады. Біздің өміріміз қазақстандық 100 этностың 100-ден кем емес, айрықша және қайталанбас ерекшеліктері бар екенін көрсетіп отыр. Олардың бәрі жиналып келгенде біздің Болашағы Біртұтас ұлтымызға артықшылықтар береді», − деген болатын.
Ассамблея өзінің қызметін бастағаннан бері баға жетпес осы құндылықтың басты сақтаушысы миссиясын табысты атқарып келеді. Бұл жерде «Мәңгілік Ел» Патриоттық актісінің орны бөлек. Себебі, қазақстандықтардың өз еліне, өз жеріне деген патриоттық рухы осылар арқылы танылады. Мемлекет басшысының біртектілік пен біртұтастық бойынша бүкіл жұмысты Қазақстан халқы Ассамблеясы айналасында түзетін боламыз, деп атап көрсетуі сондықтан болса керек. Ассамблеяның ұйытқы болуымен іске асырылып жатқан іс-шаралар өте көп. Мысалы, «Үлкен ел – үлкен отбасы», «Жиырма игі іс» және басқа да ірі жобалар өзінің өміршеңдігімен көпшіліктің есінде қалды.
Кезінде Уинстон Черчиль «Қоғам қысымға ұшырағанда қарапайым халық біріксе, жаңа жетістіктерге қол жеткізудің мүмкіндігі мол» деген екен. Енді қоғамды біріктіретін жағдай туған сияқты. Ол біздің елімізде бар деп айтуымызға болады. Өйткені, жүзден астам этностар мекендейтін Қазақстан өзінің ғасырлар бойы жинақтаған құндылықтарын басымдық деңгейге шығарды. Бірлік пен ынтымақтың арқасында экономикамыз тұрақтанды, қаржылық дағдарыстарды ойдағыдай еңсере білдік, ширек ғасырдың ішінде Қазақстан әлемдік қоғамдастыққа жақсы жағынан танылды. Міне, осының түп негізінде этносаралық және дінаралық келісім жатқанын ешкім жоққа шығара алмайды.
Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні – 1 наурыз Алғыс айту күні ретінде атап өтіліп келеді. Ал оның негізінде алғыс айту ғана емес, рухани туыстыққа үндеу жатқанын байқау қиын емес. Себебі, тату болуға деген тілек те, ынтымаққа шақыруға деген ниет те осы алғыс айтудан басталады. Сондай-ақ, Алғыс айту күнін қазақстандық патриотизм мен ынтымақ − берекенің, бірлік пен достықтың жарасым тапқан күні деуге де болатындай. Шынтуайтында, басқа түскен тағдыр тауқыметі салдарынан өз жерінен ауа көшіп, қазақ даласын паналауы арқылы жан сақтаған этностардың бірінші кезекте қазаққа құрмет көрсетіп, алғыс айтуы заңды да. Бұдан ешкім де кішірейіп қалмайды. Қайта бұл олардың бір-біріне деген сыйластығын арттырып, бірлігін нығайта түседі.
Қазақстандық бірегей құрылымның этносаралық татулық пен келісімді жарастырудағы тәжірибесі әлем елдерін де қызықтыруда. Оны жан-жақты зерттеп, өз елдерінде қолданғысы келетіндер де аз емес. Себебі, Қазақстан Ассамблея арқылы бірлік пен ынтымақтың, бейбітшілік пен тыныштықтың, бақыт пен мейірімнің рухын қалыптастырды. Сонымен бірге, Ассамблея этносаралық келісім саласындағы бастамаларды іске асыра отырып, өзінің халықаралық
ұйымдармен байланыстарды да өрістетті. Міне, осындай игі істер арқылы еліміз көпшілік мемлекеттерге арман болған өткір мәселелердің шешілуіне ықпал етіп жүр.
Әлисұлтан
ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»