Қабілет-қарымын қадірлеушілердің қалауымен талай сахнаны тамашаға бөлеген мақтаулы маман былтырдан бастап Қазақстанды төңіректеп, бүгінге дейін төрт-бес дүние қойып тастағанынан көзіқарақты көпшілік хабардар болса керек. Арнайы шақыртумен Астанаға ат басын бұрған өрелі өнер иесі уақытының тым тығыздығына қарамастан «Егеменге» сұхбат беруге келісті.
Біздің саха − салтына берік халық
– Қазақтың кіндік қаласына келіп қалыпсыз...
−Арыдан тамыр тартқан ағайын-туыстығымызды арқа тұтып алыстан аңсап жеттім арудай сыланған Астанаға. Қиын-қыстау замандарда қилы-қилы себептермен қиян даладан қиыр солтүстікке ауып кеткеніміз болмаса, түбіміздің түркілерден тарайтынын ешқашан ұмытқан емеспіз. Тіпті, көне сақ көшпенділерінің сарқыты екендігім еске түскенде, кеудемді кейде өзім де түсіне бермейтін керемет сезім кернеп, рухым көтеріліп кетеді.
− Ата-бабаларыңыздың тіршілік етуге қолайлы құтты қонысты тастап, ақ қар, көк мұзы көз қарықтыратын мәңгілік тоң өлкесін мекен қылғандарына өкінбейсіздер ме?
− Төтесінен қойылған сұраққа тура жауап беруге тырысайын. Өкінбейміз. Қайта қырық жұрт жайлаған қиырлардан осы жаққа келіп, оңаша отау тігудің арқасында өзіміздің өзгелерге ұқсамайтын қасиеттерімізді сақтап қалдық. Өсіп-өнген ортасын аузы барып кім жамандайды? Табиғатымыз қанша қатал болғанымен, адамдарымыз аңқылдақ. Жан дүниелері жаздай жадыраңқы.
Неге екенін қайдам, бәріңіз бізді шанаға ит жегіп, бұғы бағатын ел есебінде елестетесіздер. Шын мәнінде, бұлай емес. Мәселен, астанамыздан автокөлікпен бір тәулікте әрең жететін Сунтар ұлысында туып-өскен мен бұл жануарды жиырма жасымда, онда да Якутскідегі хайуанаттар бағында бірінші рет көрдім. Чукоткамен шекаралас аудандарымызда ғана бұғы өсіріледі. Оның есесіне ой-қырымызды үйір-үйір жылқы жайлайды. Құлынның етіне құмармыз. Өйткені, жегенге жеңіл, жеңсік ас. Сапырып сары қымыз ішеміз, сіздер сияқты. Солай. Ұшқан құстың қанатын талдыратын ұшы-қиыры жоқ жеріміздің 80-90 пайызы − орман-тоғай, өзен-көл, тау-тас. Асты-үсті тұнған байлық. Ақыры мақтандым ғой, ең бастысын айтайын, жер аумағымыз Қазақстаннан сәл-пәл үлкендеу...
– Қалайша?! Біз әлемдегі тоғызыншы территорияға ие мемлекетпіз!
– Ағасы, аптықпаңыз. Қызбаланып қайтесіз. Бұл нақты дерек. Нанбасаңыз, интернетті ашып қарайық дәл қазір. Міне... Көрдіңіз бе?!
– Ойпыр-ай, басқаны білмеймін, мынау мен үшін үлкен жаңалық болды. Сіз жеңдіңіз, саха бауырым.
– Саха Республикасы Ресей Федерациясының субъектісі болған соң ба, бұған көп ешкім назар аудармайды. Амал қанша...
– Артық кетсем айыпқа бұйырмассыз. Аты-жөндеріңіздің орысша аталуына қарап кейде маған көптеген Сібір халықтары секілді якуттардың да ұлттық болмыс бояулары солғын тартып бара жатқан жоқ па екен осы деген ой келеді...
– О, олай ойласаңыз, қатты қателесесіз. Сахалар салт-дәстүрлеріне берік. Ана тілімізде білім аламыз. Қаладағылар ғой орысша ойқастайтын. Ұлыстарымыздағы қандастарымыздың ұлттық бояуы қанық. Ал менің аяулы әжем орысша бір ауыз сөз білмей-ақ өмірден өтті. Анам якут тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Маусым айының 21-і мен 26-сы аралығында бағзыдан жеткен байлығымыздай Ысыах мейрамын тойлаймыз. Өздеріңізге мәлім, біз − күнге табынатын халықпыз. Ежелден қалыптасқан ескі сенім-нанымдарымыз бойынша бұл күндері көктегі тәңірлеріміз жерге түседі. Барымызды киіп, бақанымызды ұстап соларға құрмет көрсетуге тиіспіз. Қалың қауым түрлі тағамдарға толы мерекелік дастарқаннан қарындары тойғанша ішіп-жеулері керек. Ауыз әдебиетінің аңызға айналған кейіпкерлері де қазіргі ұрпақтарымен араласып, ырду-дырду думанның көрігін одан сайын қыздырады. Тарихынан ажыраған ұлттың тағдыры аянышты аяқталмақ.
Олонхо – бабадан мирас байлығымыз
– Осы орайда, эпикалық ежелгі мұраларыңыз ретінде баға жетпес байлыққа баланатын Олонхоның орны айрықша ғой, әрине.
– Олонхо – якут фольклорының асыл қазынасы. Алтын арқауы үзілмей арғыдан бергіге аман жеткен аңыз-ертегілеріміздің таңдамалы жинағындай олонхомыз 2005 жылы ЮНЕСКО-ның алтын қорына кірді. Сөйтіп, адамзаттың материалдық емес ғажайыптардың біріне айналғанын атап өткім келеді. Көлемі 15 000 жолға дейін жететін ұзақ дастандарды олонхошылар таңға жырлап тауыса алмаған көрінеді. Орындаушылар «Нюргун Боотур» секілді жырларды апталап айтқан.
– Қырғыздың манасшылары тәрізді сіздерде де олонхошылардың өзіндік мектебі қалыптасқан болар?
– Әрине. ХХ ғасырдың басында әрбір якут ауылында от ауызды, орақ тілді ақын-жыршылар болған. Олар жиі-жиі жиналып, өзара тәжірибе алмасқан. Бір-бірінен үйренген. Өнерпаздардың шаруаға қыры болмағандықтын, ел үстінен күн көрген. Өз дәуірінің өрен жүйріктері қатарына Табаахыран, Чээби, Говоров, Кынат, Тонг Суорун сияқты олонхошыларды қоссақ, қателеспейміз. Қазіргі якут әдебиетінің негізін салушы Платон Ойунский олонхоны зерттеуге көп көңіл бөлген.
Режиссерлік – еріккеннің ермегі емес
– Әңгімемізді әріден қозғап, біраз мәселені қамтыдық білем. Барынша отаныңызды асқақтатып бақтыңыз. Жөн-ақ. Ұлтын сүйетін ұл екеніңізді байқадық. Енді өнер жолыңызға көшсек.
– Якутскідегі мәдениет және өнер колледжінің актерлік бөлімін тәмамдадым. Бірақ менен дені дұрыс әртіс шықпады. Екі-үш жыл әртүрлі рөлдерде ойнағаныммен ешқандай ләззат ала алмадым. Ең қызығы сол, сахналас әріптестерімнің ойынын сырттай бақылауға ылғи аңсарым ауып тұратын. Содан Мәскеудегі ГИТИС-ке барып, режиссерлік факультетіне оқуға түстім. Заманымыздың заңғар тұлғасы, театр өнерінің теңдессіз шебері Марк Захаровтың алдын көріп, ақылын тыңдадым. Сахнаның қыр-сырына қанықтым. Елге оралған соң жан дүниеме етене жақын Саха театрына орналастым. Жетпіске жуық спектакль, оның сыртында он шақты көркем фильм қойдым. Жақсы, жаманы бар. Бір білетінім, режиссерлік еріккеннің ермегі емес.
Саха театрында төл драматургтеріміздің туындыларына молынан орын береміз. Мынау жаһандану дәуірінде күзгі жапырақтай қалтыраған ұсақ ұлттардың өздеріне тән бет-бейнелерін сақтап қалуы қиынға соғады. Ресейде ұлт драматургтерінің оғаштау ой білдіруі – екіталай нәрсе. Театр – халықтық қалыпты көрсетудің ең соңғы бастионы.
– Кино ше?
– Кино бізде кенжелеу дамыған. Қол боста айналысамыз. Кеңге көсілуге қаржы кем.
– Ресейдегі алтын мен алмастың 80 пайызын өндіретін республикада ақшаның аздығы ақылыма сыймай тұрғаны...
– КСРО-ның құрамында болған кезінде Қазақстан байлығының басым бөлігі орталыққа жөнелтілетінін жоққа шығара алмассыз. Қазіргі біздің хал-жағдайымыз сондай. Дегенмен, қол қусырып қарап отырудан аулақпыз. Бюджетсіз фильм жасауды мейлінше меңгеріп алғанбыз. Оны айтасыз, бірқатар кинотуындыларымыз кассалық түсім жөнінен Голливудтың блогбастерлеріне тезек тергізеді. Халық таспадан өз тағдырын, тағылымды тарихын тамашалауға ынтызар. Біз сол қажеттілікті өтей алсақ, жарағанымыз.
Театр тілі – ортақ
– Кейінгі кездері кешегі Кеңестер одағына кірген елдердің театрларында қолтаңба қалдыруды әдетке айналдырғандайсыз ба, қалай?
– Иә, Якутияда әбден танылып, әжептәуір табыстарға жеткен соң Ресейдің басқа өңірлерінде, сондай-ақ, шекаралас шет мемлекеттерде бағымды сынап көруге бел байлағыным рас. Қысқасы, шығармашылық шамамды сыртта сынағым келді. Бәзбір басылымдардың жазуынша, аяқ алысым жаман емес.
– Кейбір жұмыстарыңызға тоқтала кетсеңіз?
– Таллиндегі «Р.А.А.А.М.» атты жекеменшік театрдың продюсері Мярт Меостың өтініші бойынша эстон драматургі Аугусто Кицбергтің «Әзәзіл» пьесасын сахналадым. Нәтижесінде, Новосібірде өткен ірі фестивальде жүлдегер атанды. Эстониядағылар да жылы қабылдады.
– Эстондардың тілі де, ділі де өзгешелеу болғандықтан, ептеп қиналған жоқсыз ба?
– Қайта, керісінше, тез тіл табыстым. Эстондар кезінде солтүстіктен кеткендіктен, мінездері якуттарға ұқсастау екен. Табиғатқа жақындау. Өздерінің діндарлығы шамалы. Қойған спектаклімде католиктер мен пұтқа табынушылардың қарама-қайшылығы баяндалады. Хал-қадерімше осынау текетірестің сырына тереңірек үңілуге тырыстым. Бірнеше байқаулардан бәйге алды. Ендеше, ойдағы мақсатымның орындалғаны да.
Жалпы, өнерде шекара болмайтыны секілді театр тілі – ортақ. Біз бір-бірімізбен үнсіз ұғысамыз.
– Ал, енді өздеріңіздің классиктеріңіз Платон Ойунскийдің шығармасын хакастардың қанжығасына байлауыңыздың сыры неде?
– Ойунскийдің ақ пен қызыл арпалысқан азаматтың соғыс тақырыбына арналған әңгімесіндегі оқиға желісін Хакасияға көшірдім. Өйткені, мұндағы қантөгісте қарапайым бұқара қатты қырылған. Якутиядағы зиялылар бастарын оққа байлап, соңынан ерген ел-жұртына тиер ауыр соққыға кеуделерін тосқан. Бауырлас хакастар бастан кешірген ауыр азапты суреттеу мақсатында кейіпкерлердің ныспысын хакас есімдеріне ауыстырдым. «Жынды Мұхлай» осылайша дүниеге келді.
Чеховқа қазақ шекпенін кигіздім
– Елден естуімізше, спектакльді тез қоятын көрінесіз.
– Уақыт солай... Ырғалып-жырғалуды көтермейді. Спектакльдерім екі-үш күнде дайын болады. Ең ұзағанда үш апта. Бірақ басымда ұзақ пісіремін. Сондықтан, әртістердің қай эпизодта қандай әрекет жасайтынына дейін алдын ала жоспарлаймын. Репетиция кезінде қажетті түзетулерімді енгізе саламын. Артық әурелеп актерлерді азаптамаймын.
– Бұл бұрын-соңды кездеспеген қандай әдіс?
– Қазір Ресейде осындай эксперимент кеңінен етек жайып келеді. Үш-төрт режиссер бір театрға келеді де 3-4 күннің ішінде бір-бір спектакльдің «саудасын бітіреді». Осы жүйені мен Қазақстанда абыроймен жүзеге асырдым.
– Қалай?
– Айтайын. Былтыр көктемде Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық драма театрында Чеховтың «Шие бағын» өте қысқа мерзімде көрерменге ұсынып үлгердім.
– Классикалық комедияның үйреншікті жүрісінен «жаңылып», тосындау сипатта жол тартқанын жұртшылық сан-саққа жүгіртіп жүргенін білесіз бе?
– Білгенде қандай. Қалыптан тыс қадамға саналы түрде бардым. Себебі, орыс кейіпкерлерді азиаттардың ойнағанын ұнатпаймын. Кім қалай түсінеді, оны өздері білсін. Орыстардың ағылшындарды немесе немістерді бейнелегенін де жаратпаймын. Кісінің күлкісін келтіреді. Маймылға костюм-шалбар кигізіп, мойнына галстук байлағандай бірдеңе. Сондықтан, мынадай шешім қабылдадым. Қазақстан − ендіктері мен бойлықтары өзіндік өрнектермен ерекшеленетін егемен ел. Кең-байтақ далаларыңызда шие бақтары жетерлік. Ендеше, қазақтар неге Чеховты өздерінше сөйлетпейді? Қазір осындай тенденция жиі байқалып жүрген жоқ па.
Әрі-беріден соң, пьеса − мен үшін спектакль қоюға қажет сылтау ғана. Ең бастысы, оқиғаны өзгертпеймін. Мәтін де сол қалпында сақталады. Кейіпкерлердің есімдерін тегіс қазақшаладық. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтсам, Антон Павловичтің діттеген идеясы қойылымның діңгегі ретінде қалдырылды.
Маған дейінгі «Шиелердің» бәрінде басты кейіпкер Раневскаяны ылғи жасамыс актрисалар сомдаса, менде жас әртіс бейнелейді. Аталмыш спектакльде бүкіл бір әулеттің асыраушысы іспетті шие бағының (жердің) сатылу-сатылмау мәселесі көтерілетіні белгілі. Біздің премьерамыздан кейін сіздердің елдеріңізде де ептеген проблемалар туындағанын білесіздер. Бұл, әрине, кездейсоқтық. Парасатты Президенттеріңіздің тікелей араласуымен әйтеуір, ол түйіннің ойдағыдай тарқатылғаны әмбеге аян.
– Қаллеки театры туралы пікіріңіз қандай?
– Тамаша. Қазандағы театр фестивалінде айтулы ұжымның басшысы Айболат Сексенбаевпен танысып, сол кісінің ұсынысымен Астанаға келгенімді сәтті қадамдарымның бірі деп санаймын. Ойыңдағыны оқитын Сырым Қашқабаев, Қуандық Қыстықбаев, Нүркен Өтеуілов, Кеңес Нұрланов сияқты сайдың тасындай іріктелген сайлы өнерпаздар кез келген режиссердің көздеген мақсатына жетуіне көмектесетіні талас тудырмайды.
«Шыңыраудан» әрең шықтым
– Нұрмұқан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық қазақ драма театрында әлемдік деңгейдегі әйгілі жазушымыз Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырау» повесін сахна тілінде сөйлеткеніңізге ризашылықпен таңдай қағып, тамсанушылар қатары көбейгені көңілімізді көншітіп тастағанын жасырмаймыз...
– Театрдың директоры Нұрнияз Мұқанов қолыма құдықшы хақындағы хикаяттың орысша аудармасын ұстатып, үш күн «үйқамаққа» отырғызды. Күрделі дүниенің күрмеуін таппай, шынымен шыңырауға баттым. Менің мүшкіл жайымды көрген Нұрнияз аға әуелі жылы жымиып: «Сен баланы түсінемін», деді. Айтуынша, көптеген қазақ режиссерлеріне қолқа салғанымен, ешқайсысын көндіре алмапты. Содан қармақты маған салыпты. Сенімге сай серпін танытпасқа амал қалмады. Ақыры, ақтаулықтардың алғысын арқалап қайттым. Астанадағы көрсетілімде қаламгердің қатарластары қойылымды жоғары бағалады. Жазушының жары – Клара апайдың қолынан шай іштім.
– Көрермен көңілінің толқымалы-шалқымалы сәттерін тамыршыдай тап басасыз ба?
– Өзінің спектаклін бір режиссер балконнан көреді, екіншілері сахнаның сыртында күйіп-пісіп жүреді. Мен зал-
да, көрерменнің ортасында отырамын. Қасымдағылардың қабағын қалт жібермей бағамын. Бақылау барысында оларға ұнаған немесе ұнамаған тұстарды көкейіме тоқып, кейін кемшіліктерді түзетуге әрекеттенемін.
− Сынды қалай қабылдайсыз?
− Мақтауды малдана бермеймін. Әншейін көңілжықпастықпен айтыла салуы мүмкін. Сынаушыларға сеніммен қараймын. Өйткені, жамандаушылар жалған айтпайды. Көкейге қонымды көшелі пікірлерін пайдама жаратамын. Сын бәріміздің талғамымызды тәрбиелейтін құрал.
− Мына келісіңіздің мәнін білуге бола ма?
− Астананың М.Горький атындағы орыс драма театры жақында Санкт-Петербургте өтетін байрақты бәсекеге қатыспақ. Соған алдыңыздағы пақырыңыздың асығыс түрде әзірлеген «Ояну» дейтін треш-драмасын апармақ. Авторы – София Баранова-Сергачева. Ақыры апталық іссапармен келгендіктен, екінші туындының да (А.Гриннің «Алқызыл желкендері» бойынша қойылған спектакль) тұсауын кесе кетуді жөн көрдім. Бұған дейін Көкшетаудың орыс драма театрында Александр Островскийдің «Жасаусыз қалыңдығын» көрермендерге ұзатқан едім.
− Егер құпия болмаса, Қазақстанға қатысты тағы қандай жобаларыңыз бар?
− Бұйырса, Қаллеки театрының шаңырағына Шекспирдің «Король Лирін» шақырмақпын. Әзірге ізденіс үстіндемін. Кейбір көріністері көз алдымда көлбеңдейді. Қазақтың ақарлы-шақарлы ақ ордасы... Талайларды тамсандырған хан тағы... Әміршінің қылықты қыздарының орнын, сірә, ұлықты ұлдар басар... Тағысын тағылар... Амандық болса көрерсіздер...
– Бәрекелді! Талабыңызға нұр жаусын!
Әңгімелескен
Талғат Батырхан,
«Егемен Қазақстан»