Бұл мәселеде бірінші кезекте тұқым мәселесі тұратыны белгілі жай. Ашығын айтқанда, Ақтөбе аймағында мұның алдындағы жылдарда сапасы төмен тұқымдар егу тәжірибесі болғанын жоққа шығаруға болмайды. Ал биылғы көктемдегі егістіктің жай-күйі қандай.
Бұл орайда, біріншіден айтайын дегеніміз, көктемгі егіске қажетті тұқым толығымен құйылып алынған. Бүгінгі күнге дейін қолда бар тұқымның 47 пайызы бірінші класты, 35 пайызы үшінші класты. Оның бәрі де кондициялық мөлшерге жеткізілген. Биылғы жылы аймақта шығымдылығы төмен тұқымдар түгелдей жойылған. Өткен күзден бері атқарылған жұмыстар нәтижесінде шығымдылығы төмен тұқымдар толығымен ауыстырылған. Солай бола тұрса да, қазіргі күні шығымдылығы жоғары деп сұрыпталған тұқымның өзі қайта тазартылуда.
Облыстың егін шаруашылығы саласында кейінгі жылдары әртараптандыру жұмыстары жүргізіліп келеді. Соған орай дәнді дақылдардың бірқатар түрлері азайтылса, керісінше, өзге бір түрлері ұлғайтылған. Бұл орайда, бірінші кезекте шығымдылығы жоғары тұқымға назар аударылып келеді. Дақылдар бойынша қажетті тұқымдар жөнінде айтар болсақ, олардың қай-қайсысы да жеткілікті. Биылғы көктемгі егіске 40 мың тонна тұқым қажет деп есептелген. Қазіргі күні мұның бәрі толық құйылып алынған. Өңірде 384 мың гектар дәнді дақыл егістігі болады деп күтілуде. Бұл – өткен жылғы мөлшермен салыстырғанда 43 мың гектарға артық.
Аймақта дәнді дақылдар егістігінің қай түрі де жеткілікті. Дегенмен, соның ішінде арпа егістігіне басымдық берілуде. Сондай-ақ, биыл өткен жылғы мөлшерге қарағанда бидай егістігі де 30 мың гектарға ұлғайған. Мал азығындық және майда дақылдарға қажетті тұқымдардың жай-күйі де айрықша назарда болып отыр. Өңірде мұндай бағыттағы дақылдардың тұқымы жеткілікті. Ал, майлы дақылдардың тұқымын қаладағы өсімдік майын шығаратын кәсіпорындар қамтамасыз етеді. Негізінен күнбағыс егілуде. Дегенмен, майда дақылдардың өзге түрлері өте аз екенін айтуға тура келеді.
Облыс бойынша биыл 4600 гектар алқапқа майлы дақылдар егілмек. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2200 гектарға артық. Көктемде себіледі деп күтіліп отырған майлы дақылдар егістігінің алқабы 206 мың гектарға жеткізілмек. Бұл – өткен жылғы мөлшермен салыстырғанда 29 мың гектарға жоғары.
Мұның алдындағы жылдарда көктемгі егіс науқаны туралы әңгіме болғанда, тек біржақты дақылдық егістер туралы ғана айтылып, картоп және көкөніс мәселелері ұмыт қалып жатушы еді. Әйтсе де, кейінгі кезде бұл салаларға деген көзқарас өзгеріп келеді. Бұған қатысты талап та күшейтілген. Соның арқасында аймақта картоп пен көкөніс өнімдерінің көлемі де молайып келеді.
Яғни, өткен жылы 6100 гектар жерге картоп егілсе, биыл оның көлемі 180 гектарға ұлғайған. Өңірде картоп тұқымы жеткілікті. Облыста картоп өсірумен «Пригородный» шаруашылығы айналысады. Мұнда көкөніс өнімдерінің көлемі 4218 гектар болады деп жоспарланып отыр. Бұл – өткен жылғы мөлшермен салыстырғанда әлдеқайда жоғары.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы