Орасан қаражатты қажет етсе де, бұл күнде Алматының қара базарлары біртіндеп келмеске кетуде. Орталықтағы бұрынғы сауда орындары да жаңартылуда. Қысқасы, бұл істе ілгерілеу бар.
Мәселен, қала әкімі Бауыржан Байбек жұмыс бабында қаланың жаңарған сауда базарларының жұмыстарын тексерді. Жұрттың бәрі білетін «Көк базар» сауда орталығында және заманауи талап-келбетке ие «Mizam» атты алғашқы көтерме-тарату орталығында болды. Сатушыға да, саудаласушыға да барынша ыңғайлы етіп салынған «Mizam» базары әлемге танымал француздың атақты «Ранжис» базарының жобасына негізделген.
«Бұл жоба мемлекет-жекеменшік серіктестігінің шынайы үлгісі. Осы жобаны қала құрылысы кеңесінде қорғаған кезде біз базар ең арзан болады деп уәде берген едік, осы саясатты ұстанамыз», деді «Mizam» орталығының бас директоры Досмұхан Керімбаев
«Mizamның» негізгі тұжырымдамаларының бірі – жеткізушілермен арадағы делдалсыз, тікелей жұмыс істеу, нәтижесінде тауар бағасы төмен. Жоба мемлекет-жекеменшік серіктестігі негізінде жүзеге асты, құрылыс толық жеке инвестиция есебінен салынды. Жоба құны 3,1 млрд теңге және мұнда 2 мыңға жуық жұмыс орны құрылған.
Алматы әкімі сауда базарларын жаңарту бағдарламасы аясында биылғы жылдың ақпан айында іске қосылған «Көк базар» сауда орталығын да аралап шықты. Павильон алаңы 20 мың шаршы метр, оның 10 мың шаршы метріне сауда алаңы орналасқан. Базардың екінші бөлігінде 400 орынды екі қабатты паркинг бар. Жобаның құны 2,5 млрд теңгені құрайды. Жаңарған базарда 500-ден астам жаңа жұмыс орны пайда болды.
Осылайша Алматыда сауда орындарын қауіпсіздік пен санитарлық норманың барлық талаптарына сай келетіндей етіп жаңа форматқа көшіру жұмыстары кең қарқын алуда.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ