• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
27 Сәуір, 2011

Бір терең сүзіп көрсең, түбі – маржан

656 рет
көрсетілді

Бауыржан бауырымызға рахмет! Әзілхан ағамыздың тілімен айтқанда, «қазақ журналистері армиясының қа­зіргі серкелері» туралы «Алтын Алаш» баспасынан жарық көрген «11-ші қаламұш» кітабы үшін. То­пы­рағың торқа болғыр, ұстазымыз Темірбек Қожакеевтің рухын қайта тірілтіп, жадымызда жаңғыртуының өзі не тұрады! Университет қабырға­сы­нан оқу бітіріп кеткелі арада қан­шама уақыт өтті. Өмірдің өт­кел­дерінен, қызметтің көп белдерінен астық деп ойлаймыз өзімізді. Журналистика май­да­нын­да одан кейін де қалам-мыл­тығымызға оқ-дәрі салып берген ұлағатты ұстаздарымыз аз емес еді. Алайда әлі күнге дейін түске осыдан отыз жылдай бұрын білім алған алтын ұя­мыздың жиі кіретіні несі? Темкең сатирадан сабақ өтіп жатыр екен дейміз. Қолында – «Сатиралық жанрлар» кітабы. Дәл осы кітабы біз оқу бітіріп кететін жылы жарық көрген. Оны курстағы ақын қызымыз Үмітхан Алтаеваның жал­ғыз өзі мәшеңкеге басып тап­сырған. Жазып отырып, ол кітапты түгел жаттап алған шығар деп ойлағанбыз. Қожакеев: «Өтемағанбетова! «Карикатура» дегеніміз не?» деп кө­зіл­дірігінің үстімен үлкен көздерін ау­дара сауал тастайды. Рәзия торға түскен торғайдай тыпырлайды. Жауап таппай, жаны шығып кете жаз­дай­ды. Тығырықтан бір жарық сәуле та­уып, әупіріммен сытылып шық­қа­нына таң қалып жатырмыз. «Лениншіл жас» газетінің бас редакторы, мар­құм Сейдахмет Берді­құлов сынақ комис­сия­сының төр­ағасы. Жылы жүзімен мейірін төге қарайды. «Әр студент осылай өз сұ­рағына толық жауап берсе, соның өзі жеткілікті», деп жа­уап­қа қана­ғат­танғанын сездіреді. Қожа­кеев үсті-үстіне сұ­рақты төпеп жатыр. Ол қа­на­ғат­танбайды. Маңдай­дан шып-шып тер шығады. Темкең­нің сына­ғынан қи­налып жатып оянып кете­сің. Уһ! Ұстазымыз өмірдің да­уыл­дары мен жауындарында сынып кетпеуіміз үшін шыңдаған екен-ау сонда. Балауса шақта басылып қал­мағанымыз үшін бәріміз Темкеңе қа­рыздармыз. Сол қарызды қашан өтер екенбіз деген ой мазалап жүргенде Бауыр­жанның кітабы жарқ ете қал­масы бар ма? Ұстаз алдындағы бо­рышты қалай өтеудің тамаша үлгісін көрсете білген Бауыржанға сол үшін алғыс жауды­рып қойғанымыз абзал. Арнайы курстан мемлекеттік сы­нақ тапсыратын күні біздің курстың жігіттері әскери борышын өтеуге қыс­қа мерзімдік дайындыққа кетті. Түнімен шырқалған қоштасу әні бесінші жатақхананы орнынан көшіріп жібере жаздады. Сынақта – кіл қыз­дар. Кітаптың бетін ашпай келіп емтихан тапсырмақ. Сынақ комиссия­сының төрағасы – Сейдахмет Берді­құлов, мүшелері – Тауман Амандосов, Темірбек Қожакеев бастаған жур­­­налистиканың жілігін шаққан аға­­­­лар. «Қыздар – келешек аналар», – деді Сейдахмет аға сынақ қоры­тын­ды­сында сөйлеген сөзінде. – Сон­дық­тан әрқайсыңызды үйлері­ңізде ата-аналарыңыз үмітпен күтіп отыр ғой деген оймен кейбіріңізге кешіріммен қарауымызға тура келді. Бердіқұлов бейнесі біздің сана­мыз­да сол қыз балаға деген құрме­тімен мәңгі қалды. Ауылға аттанып бара жатқан қазақ қыздарының тағ­дырына ағалық қамқорлықпен үн қат­қан осынау жылылық Бауыржан­ның кітабын оқып отырған кезде жанымызды жадыратып, кеудені көк­темнің керімсал лебі желпіп өтті. Алатаудай асқар шыңға баланған екі алыптан кейін баспасөздегі үшінші құбылыс, өзіміздің Ераға (Ержұман Смайыл) жайында мөлтектей сыр мөл­дірей төгіліпті. «Кәтепті қара нар» деп аталатын бөлімде ағаның Сей­дахмет Бердіқұлов, Шерхан Мұр­таза, Әбіш Кекілбаев, Нұрлан Оразалин, Уәлихан Қалижан сияқты таны­мал тұлғалар сенім артқан жан екені, редакцияның бүкіл қара жұмысын өз мойнымен көтеріп, басылым баста­уына адал қызмет еткені айшықты әңгімеленеді. Жақында ғана құрметті зейнет демалысына шыққан Ерағаң қара шаңырақтың шырақшысы сын­ды еді. Газетке жан-тәнімен дәл осылай адал қызмет етіп кету кейінгі буын үшін әрдайым үлгі болып қала берсе екен дейсің. Жастардың көбіне қамқор әкедей Ерағаң жайындағы ойларымызды келешекте әйтеуір бір жазбаққа бел буып жүргенімізде Ба­уыржанның журналиске тән жеделдікпен сол идеяны іс жүзіне асырып жібергені қайран қалдырды. Бұл естелік әуелі басылымда жарық көргенде үтір, нүктесіне дейін қалдырмай бә­ріміз тамсана оқығанбыз. Газет ма­қа­ласы дегеніміз сол күні оқылып, оқыл­ған жерінде қалып қоятын дүние десек, ал кейін қолымызға әріптестің кітабы тигенде рухани құндылы­ғы­мыз­ға сиясы өшпейтін, ескірмес естелік келіп қо­сыл­ды деп қуандық. Белгілі қаламгер Жарылқап Бей­сенбайұлын «ұлт ұғымын ұлғайтқан тұлға» деп атайды. Мұны бастаған адам аяғына дейін қолынан тастамай бір деммен оқып шығатынына има­нымыз кәміл. Өзіміз үлгі етіп өскен ағалардың табиғатына дәл табылған теңеулер мен жазу-сызу машығына бай­ланысты кейбір қызықты жәйттер­ді алға тосқанда осының бәрін Ба­уыржан қалай, қайда жүріп түгел зерттеп үл­герген деп таңданбасқа лажың­ды қал­дырмайды. «... Шоқан болып тау-тас кез­ді. Жаңбырдың астында қалды. Шо­қан болып күнделік жүр­гізді. Ғалым аялдаған елді мекен­дердің бүгінін бейнеледі. Шоқан жүз жиырма жыл бұрын тоқтаған Лепсі мен Іле өзендерінің жа­ғасында тұрып толғанды. Қарқара асып, Ыстықкөлге бет түзеді. Өз тұ­сында саяхатшы офицер Шоқанды өбек­теген қырғыз жұр­тының ұрпақ­та­ры жолқапшық арқа­лаған бүгінгі журналисті де жанына жақын тартты...» деген жолдарды оқы­ғанда қашан көр­сең ел мен жер аралап жүретін, өмір айшықтарын боямасыз суреттеуге құш­­­тар қағылез журналист бейнесі көз-айнаңызға қалқып шыға келері хақ. Бір кәсіптің иелері туралы жаз­ғанда бір ойдың екіншісінде қайта­лануы заңды құбылыс десек, автор әр қалам иесінің бойынан өзіне ғана тән қасиетті таба біліп жазуға талпынған. Кітаптың жеңіл оқылып, оның кім туралы жазылғанын кейіпкердің аты-жөні аталмаса да оқырманның оңай тауып алып отыратыны сондықтан. Өмір жолы, ой-байламы тақтайдай тегіс сызықтың бойынан не былай, не олай ауытқып кетпейтін, таптаурын тағдырлар жайында жазу жалықтырып жібереді. Бауыржанның мына дүние­сін оқып отырғанда жалықпай­тын себебің, журналистикада бірінің аты аңызға айналса, енді бірінің есімі көпшілік жи­ылған ортада құрметпен ата­лып, әріп­тестерінен әйтеуір бір қыры ерекшелігімен көзге түсіп тұ­ратын жан­дар жайында сыр шертілген. Га­зетіміздің вице-президенті– бас редактор Жанболат Аупбаевтың ақ парақ­тағы алғашқы ізі сурет салудан бас­талғанын біріміз білсек, көбіміз білмейді екенбіз. Жанболат ағамыз­дың жур­налистикаға өлең жазып барып келгенін де Бауыржан­ның кітабынан оқыдық. Студент шақта­рында «Лениншіл жасқа» оны іздеп барған сәттерін баяндауы қызғы­лықты. «Ол кісіні Аупбаевтың дәл өзі деп кім ойлаған?» деп қашанда қара­пайым да кішіпейіл қалпынан айныма­ған ағаның шынайы келбетін кескіндеп, ойын: «Аупбаевтың ақ па­ра­ғына қаламның сиясынан басқа еш­теңенің дағы түскен емес», деген жолдармен тиянақтайды. Кітапты оқып отырғанда байқағанымыз – мұны «Лениншіл жас­тың» тарихнамасы ма екен деп қалуыңыз ғажап емес. Әр кезеңде осы басылымда қызмет істеген адам­дардың өмірі мен шығармашылық қыр­лары туралы баяндаулар қосыла келе газет­тің тарихы құралмағанда, не құра­лады? «Аралдың ақжал тол­қы­нының» кейіпкері, балықшының ба­ласы Қуа­ныш Жиенбай да осы басылымда бөлім басқарған. «Жал­ғыз желкен», «Теңіздегі бір тамшы», «Па­ром­шы­ның портреті», «Құлан жана­рындағы ғұмыр», «Бір машина ақ кірпіш», «Жер сілкінісінен бір жұма бұ­рын», «Ән салуға әлі ерте»... осылай жал­ғасып кете баратынын» жазады оның қаламынан туған дүниелердің. Көр­кем шығармаға ат қоя білудің өзі үлкен шеберлік. Жазушының осы қы­рына тоқталып өткен автор: «Табаны­нан су кеткен Аралдың жүйкесі жұ­қарған жұрты­ның шынайы бейнесін шығарма­ларына мөр қып басты», деп туған жерді туындысына тұғыр етіп алған қаламгердің тақырыбын тал­ғамға сай талдайды. Кітапқа енген белгілі журналистер Сапарбай Пар­манқұлов пен Қайнар Олжай да «Лениншіл жас­тың» көгінде жасындай жарқыл­дапты. Аты аңызға айналған фототілші Дендербай Егізов пен Сырдың арқалы ақыны Шаһизада Әбді­кәрімов жайында жазылған естелікті ел-жұрттың елемеуі тағы мүмкін емес. Өмірден ерте озған әріптес­тер­дің аттарын өшірмей, мұрасын хал­қымен қауыштыруға мұрын­дық болып отыру көзі тірілердің еншісіндегі іс деп білеміз. Әмір әріптесіміздің әруағы риза болып жатқан шығар, «Лениншіл жас» пен «Егемен Қазақстанның» Ақ­төбедегі меншікті тілшісі бо­лып қызмет атқарған Әмір Орал­байдың бейнесін «Өмірге құш­тар Әмір» деп аталатын естелік қайта тірілтіп, журналистика та­ри­хына есімін жазды. «Гипоталамуста» «Білім және ең­бек», «Жалын» журнал­да­рында, «Социалистік Қазақстан», «Өркен», «Қа­зақ әдебиеті», «Ана тілі» газеттері сияқты бірталай мектепте шыңдалған Мақсат Тәж-Мұраттың өнегесі өсіп келе жатқан жас өркенге үлгі болсын деген ой жатыр. Қала­мының дүмін кешегі Алаш ардақ­тыларының рухани оғымен толтыр­ған Нұртөре Жү­сіп­пен қатар оқып, қара нанды бөле жесек те бізден гөрі оны Бауыр­жанның көбірек білетінін «Қан­дауыр-қаламы­нан» байыптадық. Қа­зақ журналис­тикасының ортаңғы буы­нынан Талғат Батырхан, Қы­дырбек Рысбек, Миуа Байназар, Нұр­жамал Байсақалова, Мұратбек Тоқ­тағазы, Қайрат Мұса­құлов, Әлімжан Сабыржанұлы есімдері еленіпті. Кі­тапқа енбей қалған белгілі қалам­герлер қаншама. Есте­лік­тердің ең соңы бұл болмаса керек. Бастысы, сүрлеу салынды. Енді осы ізбен, Бауыржанның бастамасын әр­мен қарай жалғастырып әкетер әрекет керек, әлеумет. Бір әріптес: «Журналистикада бу­ын­дар сабақтастығы үзіліп қалды» деп ойда-жоқта мұң шағып, журна­листиканы бітіріп жатқан бүгінгі кейбір жастардың алдыңғы буын өкіл­дерінің баспасөзде жарық көрген дү­ние­лерін оқымақ түгілі аты-жөндерін де білмей жататынына қапаланған. Бұрын біз Шерхан Мұртаза, Камал Смайыл, Марат Қабанбай, Фариза Оң­ғарсынова, Ақселеу Сейдімбек, Қой­шығара Салғараұлы, Жұматай Са­­быржанұлы, Нуридден Муфтах, Аян Нысаналин сияқты белгілі қаламгерлердің газет-журналдардағы мақалаларын жібермей оқушы едік қой. Бүгінде алдыңғы буын ағалар мен апаларды жата-жастана оқитын сол дәстүр үзіліп қалған сияқты. Өз беттерімен олардың ештеңе ізденіп жазып жатқанын тағы байқамайсың. Әрине, Қожакеевтің тұсындағы жур­на­листика мен қазіргі журналис­тиканы салыстыруға мүлде келе қой­мас. Ол заманда еліміздегі екі жо­ғары оқу орнында ғана журналистер даярланса, қазір облыс орталық­тарының барлығында дерлік оқы­тылады. Жур­налистердің жаңбырдан кейінгі саңы­рауқұлақтай қаптап кету себебі сон­дықтан. Осының өзі бұл мәселені өте мұқият зерделейтін кездің жеткенін көрсетеді. Журналистика мұғалімдік ма­мандық тәрізді болмауы керек, бар­лық жердегі жоғары оқу орында­рын­да даярлана беретін. Журналистикаға үш қайнаса сор­пасы қосылмайтын кездейсоқ біреу­лердің бір таланттың көз жа­сына қалып, түбі әйтеуір сүйретіліп бітіріп шығу фактілері ол кезде де аз кездеспейтін. Ал қазір өңірлерді бітірген сол ма­ман­дардың құмға сіңген судай қайда жұмыс істеп жатқанын адам білмейді. Жә, біздің айтпағымыз тіптен бұл мәселе емес еді. Бауыржан Омарұлының «11-ші қаламұшы» майталман жур­налис­тердің бір шо­ғы­рының шығарма­шылық келбетін бір кітапқа тоғыс­тырған үлкен еңбек бо­лып қал­ғанында дау жоқ, дей тұрған­мен, бұл кейінгі ұрпақ өзде­рінен бұрын салынған соқпақтың рухани дәнін кеуделеріне егіп өссін деген ниеттегі әрмен қарай тағы да жалғасын таба беретін жоба екендігіне сенімдіміз. Журналистер ту­ралы жазылған тұңғыш кітапты тұшы­на оқып шықтық. Ал Бауыржанның тілін айт­са­ңыз­шы! Ағып тұр-ау, ағып тұр. Ға­жап стилистің қолынан шыққан бұл тамаша туынды қандай биік бағаға да лайықты. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.